Елімізде қатерлі ісік, ми тамырлары мен функционалды ауруларды емдеуге арналған «Гамма-пышақ» қондырғысы іске қосылады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында жазды.
»Елбасымыз Қазақстанның Еңбек ері мәртебелі атағымен марапаттаған, белгілі ғалым-нейрохирург Серік Ақшолақовты қабылдадым. Қатерлі ісіктерді, ми тамырлары мен функционалды дерттерді емдеуге арналған «Гамма-пышақ» атты бірегей қондырғының жақында іске қосылатыны жөнінде мәлім етті», – деп жазды Тоқаев.
Бұған дейін Ақшолақов «гамма-пышақ» туралы Қазақстан нейрохирургтері IV конгресінің кулуарында айтқан еді.
«Алдағы он жылда алдымызға мүлде басқа міндеттер қойып отырмыз. Бұл заманауи технологияларды енгізу, соның ішінде Gamma Knife (гамма-пышақ) радиохирургиялық әдісімен ми ісіктері мен ми қан тамырлары ауруларын емдеу. Бұл науқастарды компьютерлік әдіспен сәулелендіру. Науқас 30-40 минут ішінде жазылып кетеді. 2019 жылы бұл әдісті енгізуді көздеп отырмыз», – деген болатын ол «Казахстанская правда» басылымына берген сұқбатында.