Борышы кешірілмегендер қосымша тізімге қалай енеді?

Борышы кешірілмегендер қосымша тізімге қалай енеді?

Борышы кешірілмегендер қосымша тізімге қалай енеді?
ашық дереккөзі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қиын жағдайға тап болған азаматтардың несиесін кешіру туралы Жарлығынан кейін алты санат бойынша 507 мыңға жуық борышкердің қарызы кешірілді. Алайда көмекке шын мұқтаж кейбір азаматтар өз есімдерін бұл тізімнен таппай дал. Оқырмандар сауалының көбеюі әлі де ақпараттандыру шараларын арттыра түсу қажеттігін көрсетіп отыр. Біріншіден, Жарлықта айқындалған алты топтың біріне кіресіз бе, кірмейсіз бе – соны анықтап алу керек.  Олар – көп балалы отбасылар; асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар; мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар; атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар; жетім балалар; ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Екіншіден, несиеңіз кепілсіз болуы шарт. Үшіншіден, биыл 1 маусымға дейінгі қайтарылмаған берешегіңіз 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Төртіншіден, негізгі борыш пен оған есептелген сыйақысы 300 мың теңгеден аспауы қажет. Егер осы төрт талаптың барлығына сай келіп, бірақ мемлекет борышыңызды кешірмесе, сіздің мәртебеңіз туралы ақпарат орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жоқ деген сөз. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтардың тізімі орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігі жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған балалардың, 23 жасқа дейінгі студенттердің тізімін ұсынған. Әділет министрлігі «Азаматтық хал актілерінің жазбалары» ақпараттық жүйесінде ерлі-зайыптылар немесе ата-аналар бойынша өзекті азаматтық хал актілері (неке және туу туралы) бойынша мәліметтерді тексеруді жүзеге асырған. Осылайша министрлік 2 миллионнан аса адамның тізімін Ұлттық банк пен Мемлекеттік кредиттік бюроға берген. Ұлттық банк кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастады. Сөйтіп 630 633 қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалған. Егер сіз жоғарыда аталған барлық шарттарға сай келетініңізге сенімді болсаңыз, алайда қарызы кешірілген борышкерлер тізімінен есіміңізді таппасаңыз, банк бөлімшелеріне немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылудың қажеті жоқ. 111 call-орталығына хабарласып өзіңізбен қоса отбасы мүшелері туралы ақпаратты бересіз. Бұдан кейін мемлекеттік органдар сіз туралы ақпаратты тексеріп, аталған алты санаттың біріне кіретініңіз анықталса тізімге қосады. Тізімге енгеннен кейін Ұлттық банк шарттарына сәйкестігіңіз тексеріліп, тиісті шешім шығарылады.