Жаңалықтар

Мұғалімдер байқауы өтеді

ашық дереккөзі

Мұғалімдер байқауы өтеді

Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылғы  12  қыркүйекте мұғалімдер арасында А.Байтұрсынұлы  атындағы республикалық байқау өтеді. Байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  ұйымдастыруда. Байқаудың мақсаты – қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыру.  Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту  және оны сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданудағы жұмыс тәжірибесімен танысу,  қазақ тілінің жас мамандары арасында шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытушыларды анықтап, озық тәжірибелерін тарату, сонымен бірге  мемлекеттік тілді оқытып жүрген оқытушылардың кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру. Республикалық байқау үш кезеңнен тұрады: бірінші кезең –  қатысушылардың өздері, оқу материалдары және жетістіктері жайлы алдын ала дайындаған бейнетаныстырылым көрсетеді. Екінші кезең – қатысушылардың педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларды орындауы;  үшінші кезең –  20-25 минут көлемінде сабақ үлгісін көрсету. Аталған шараға еліміздің 16 өңірінің  оқытушылары қатысады. Республикалық байқау  жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады. «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғалым-ұстаз екендігі  көкірегі ояу, көзі ашық ортаға аян. Ғалымның қазақ тілін оқытуға арналған «Методика мәселелері», «Қай әдіс жақсы?»,  «Оқу құралы» және т.б. мұралары  жас  ғалым-зерттеуші, педагог-әдіскер жастарға  мәңгі азық болары сөзсіз.  Қазіргі таңда зерттеуші-әдіскерлер қазақ тілін үйретуде  қолданылып жүрген оқытудың тиімді жаңашыл технологиялары жайлы идеялардың Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінен бастау алатындығын  дәлелдеп жүр. Сондықтан ұлт ғалымының әдіс-тәсілдері жайлы тұжырымдарының  өміршеңдігін зерделей отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесіне  толыққанды  пайдалану арқылы оның мұраларын жаңғырту жас оқытушылардың құзырында», - делінген баспасөз баянында.