Жаңалықтар

Қазақстандықтар мен шетелдіктердің жалақысы қалай теңестіріледі

ашық дереккөзі

Қазақстандықтар мен шетелдіктердің жалақысы қалай теңестіріледі

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек қазақстандықтар мен шетелдіктердің жалақысын теңестіру жұмыстары жөнінде айтып берді. «Жазда дәл осы мәселе жиі көтерілді. Оның басты себебі – жергілікті білікті мамандардың жетіспеушілігі. Сондықтан Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 55 жобасы бойынша ынтымақтастық аясында инвесторлар осы кәсіпорындардың болашақ қызметкерлерін оқытуға міндеттелген. Мәселен, Ақтоғай – Шығыс Қазақстандағы ірі тау-кен кәсіпорны мыс кенін қазып, концентрат шығарады. Вахталық әдіспен жұмыс істейді. Бұл кәсіпорынды тұрғызуда қазақстандықтардың бәрі оқытудан өтті. Бозшакөлде де осы ұстаным болды. Шынында да, мәселе өте өзекті. Президент Үкіметке тапсырма берді, онымен қазір Үкімет пен Еңбек министрлігі айналысып жатыр», - деді Ж. Қасымбек. Оның айтуынша, ең алдымен қазақстандық жұмысшылардың біліктілігін көтеру қажет. «Екіншіден, қағидалар сақталуы тиіс, егер Қазақстан азаматы шетелдікпен бірдей жұмыс атқарса, төлемақы да бірдей болуы керек. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек.