Елордада демалыс күні қайда баруға болады

Елордада демалыс күні қайда баруға болады

Елордада демалыс күні қайда баруға болады
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтанда күн сайын түрлі бағыттағы қызықты шаралар өтіп жатады. Алдағы демалыста қала тұрғындары мен қонақтары тарихи көрме, классикалық музыка кеші мен «Астана Марафон 2019» халықаралық марафонына қатыса алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық музейінде «1939 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы» тарихи-документалдық көрмесін тамашалай алады. Экспозиция РФ Қазақстандағы елшілігі мен Нұр-Сұлтандағы Ресей ғылым және мәдениет орталығымен ұсынылды. Көрмеге келушілер Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы туралы сыр шертетін оқиғалар, КСРО-ның қатысуымен антигитлерлік коалицияның сәтсіз тұстары туралы баяндайтын құжаттар мен суреттерді көре алады. Экспозиция 1938 жылдың 29 қыркүйегінен 1939 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі аралықтағы Мюнхен келісімі кезеңін қамтиды. Көрме сағат 11.00-ден 20.00-ге дейін 30 қыркүйекке дейін істейді. Кіру тегін. 7 қыркүйекте «Астана операның» камералық залында Қазақстанда туып-өскен америкалық дирижер және пианист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Теміржан Ержановтың алғашқы фортепианолық жеке концерті өтеді. Бағдарламада Моцарттың «Фантазия», Шуманның «Карнавал», Э. Григаның «Из времен Холберга», Шопеннің «Баллада № 4» шығармалары орындалады. Концерттің басталуы 18.00-де, билет бағасы - 500 теңге. Келесі күні «Астана опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай шақырады. Көрермендер Дж.Россини, Ж.Оффенбах, Ж.Массне, И.Штраус, Ф.Легар, Э.Куртис, К.Дженкинс, А.Әдбінұров және т.б. композиторлардың шығармаларын, халық әндері мен классикалық опера шедеврлерін, ариялар, дуэттер мен триоларды тыңдай алады. Кеш барысында сахнаға «Жаңа опера» мәскеу театрының солисі Ярослав Абаимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев пен Сүндет Байғожин және Азамат Жалтыркөзов өнер көрсетеді. Концерт 8 қыркүйекте сағат 18.00-де «Астана Опера» театрында өтеді. Билет бағасы - 500 теңгеден басталады. Осы күні «Жастар» сарайының жазғы сахнасында дәстүрге айналған «Ашық есік күні» өтеді. Концерттік-сауықтық бағдарламада «Ровесник» эстрадалық би ансамблі, «Воскресенье» спорттық би клубы, «AstCityBallet» замануи балет мектебі, «Радуга» ұжымы, «Время» театры, «М-Арт» театр студиясы, «Jas-Art» эстрадалық вокал театры, «Sound Gold» замануи вокал студиясы және т.б. шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді деп жоспарланған. Шара кезінде балаларды «Жастар» сарайының кез келген секциясына тегін жазуға болады. Ашық есік күні 8 қыркүйекте сағат 13.00-де басталады. Елордалықтар күтіп жүрген елеулі оқиғаның бірі «Astana Marathon 2019» халықаралық марафоны болады десек қателеспейміз. Ұйымдастырушылар екі қашықтық – 42,2 км (қатысу 18 жастап бастап) және 10 км (16 жастан бастап) дайындап қойды. Жүгіру таңғы 07.00-де басталып, 13.00-де аяқталады. Жарыс мәресі ЭКСПО көрме кешеніне қарама-қарсы Рысқұлов пен Түркістан көшелерінің қиылысындағы P-5 тұрағында орналасқан. Оның бағдары Бейбітшілік және келісім сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек, Назарбаев университеті, Астана арена сияқты қаланың негізгі айшықты жерлері көрінетіндей етіп ойластырылған. Әр 5-ші шақырымдық белгіде ұйымдастырушылар су мен банан беріп, 42,2 км жүгіретін желаяқтарға изотоникалық сусындар ұсынатын болады. Айта кетейік, «Astana Marathon 2019» қатысу үшін ешқандай медициналық анықтама немесе сертификаттың қажеті жоқ.