Бекжан Әлімқұлов, кәсіпкер: Президент жолдауы бизнесмендерге сенім сыйлады
Бекжан Әлімқұлов, кәсіпкер: Президент жолдауы бизнесмендерге сенім сыйлады
– Мен де мемлекет басшысының халыққа жолдауын ерекше ықыласпен тыңдадым. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған жолдау ең негізгі, өзекті мәселелерді арқау еткендей. Кәсіпкер ретінде бизнеске қолдау көрсетуге арналған бірнеше бағдарлама қабылданатынына қуандым. Атап айтар болсам, айлық жалақыдан бөлек 5 пайызды зейнетақы қорына аудару мәселесін 2023 жылға дейін шегерді. Екінші, шағын және орта бизнеске қолдау білдіріп, алғашқы 3 жылда салықтан босатты. Сондай-ақ, олар аяқтан нық тұрып кеткенше түрлі тексеріс болмайды дегені талай жас бизнесмендерге сенім бергендей. Аталған үш мәселе осы уақытқа дейін отандық шағын кәсіпорындардың аяғына тұсау болып, күрмеулі мәселеге баланған еді. Өйткені, өзі жаңа кәсіп бастаған бизнесмен айлық жалақыдан бөлек 5 пайызды бөлу қиынға соғар еді. Екінші салықтан босатуға келсек, өзімді мысал ретінде айтсам болады. Өндіріс ашқан 5 жыл ішінде елордадағы 150-200 шақырым жолға мен өндіретін тастар төселді. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Осы уақыт аралығында мемлекет қоржынына 40 млн теңгеден астам салық төледім. Салықтан босатылғанда сол қаржыға өндіріс көлемін едәуір арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашар едім. Жөнді-жөнсіз тексеріс те кәсіптің ілгерілеуіне кедергі келтірмей қоймайды. Жаңа басталған кәсіп іңгәлаған бала іспетті. Оған не түрлі салық төлеп, тексерістерге төтеп беру оңай емес. 3 жасқа толып, аяқта жүре бастағанда ғана нағыз іскерге айналады.
Бекжан Әлімқұлов,
кәсіпкер