Мәулен ӘШІМБАЕВ: Әлеуметтік мәселелерге баса мән берілді
Мәулен ӘШІМБАЕВ: Әлеуметтік мәселелерге баса мән берілді
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жолдауында халық үшін ең өзекті, кең талқыланып жүрген мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолын ұсынды. Жолдауда мемлекетіміздің алға қозғалуына жол ашатын бірқатар нақтылы шара ұсынылды. Мәселен, Президенттің пәрменді шешімдерінің бірі – шағын және орта бизнестің барлық нысанын алдағы 3 жыл бойы табыс салығынан босату. Бұл сөзсіз, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканың үлкен бір бөлігін қолдауға, кәсіпкерлерді демеуге бағытталған. Алдағы 2020 жылдың қаңтарынан бастап ұсақ және шағын бизнесті тексеруге Президент жариялаған үш жылдық мораторий күшіне енеді. Бұл да кәсіпкерлер тарапынан үлкен резонанс, қызу құптау туғызбақ. Бұған қоса, экономиканы кредиттеу мәселесіне ден қойды. Кейінгі жылдары заңды тұлғаларды, компанияларды несиелендіру көлемі құлдырап кетті. Кредиттеусіз экономика дами алмайды. Сондықтан Ұлттық банкке, Үкіметке осы түйткілдің түйінін тарқату, кәсіпкерлерді қолжетімді әрі ұзақмерзімді несиемен қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерге де баса мән берді. Олардың қатарында білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін ары қарай дамытумен, сондай-ақ, театр, музей және басқа да мәдениет қызметкерлерінің жалақысын арттырумен байланысты мәселелер бар. Өйткені жалақы көтеруге бағытталған шаралардан мәдениет саласы тыс қалғаны рас. Мемлекет басшысы қойған шешуші міндеттердің бірі – ең өзекті мәселелерді және маңызды шешімдерді талқылауға азаматтық қоғамды тарту болмақ.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Президент көмекшісі