Тимур Сүлейменов: Барлық салада оң өзгеріс болады
Тимур Сүлейменов: Барлық салада оң өзгеріс болады
– Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ұстыны – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» құру, азаматтар, бизнес және мемлекеттік аппарат арасында тиімді өзара іс-қимылды жолға қою. Жолдау аясында шағын және орта бизнесті қолдау жүйесін қайта жандандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте жаңа жобаларға басымдық беріліп, жаңа жұмыс орындары құрылып, қосымша салық түсімдерін арттыру маңызды. Бұған қоса, отбасылық шағын және ұсақ бизнестердің ашылуын ынталандыруға, көпбалалы аналардың үйде отырып жұмыс істеуіне жол ашуға екпін түсіру керек. Шағын және орта бизнесті, әсіресе, жоғары өнімділікті, сондай-ақ, экспортқа бағытталған өндірушілерді қаржылық, салықтық және әкімшілік ынталандыру шараларын жүзеге асыру қарастырылған. Агроөнеркәсіптік кешен секторында суармалы егіс аудандарын арттыру жұмысын жандандыру, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесін ұлғайту, сонымен қатар экономикалық айналымға қайта тарту үшін пайдаланылмай жатқан жерлерді кері алып қою жөнінде тапсырма берілді. Ел Президенті квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру, мемлекеттік кәсіпорындар санын қысқарту, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін одан ары жақсарту, әсіресе, табиғи монополистер қызметінде және әлеуметтік маңызды тауарлардың жекелеген нарықтарында баға қалыптастыру ісін тәртіпке келтіру мәселелеріне жеке тоқталды. Сондай-ақ, азаматтар мен бизнестің рейдерлік фактілерінен, жекелеген шенеуніктердің озбырлығынан немесе әрекетсіздігінен қорғалуын күшейтуге бағытталған заңнамалық нормалар енгізілетін болады.
Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы маңызды бастамалар – мүгедектерді қолдауды күшейту, балалар құқығын қорғау, бұқаралық спортты дамыту, халықтың аз қамтылған бөлігі үшін баспананың қолжетімділігін арттыру, әрбір нақты елдімекендегі көкейкесті инфрақұрылымдық мәселелерді шешу. 2020 жылдан бастап, педагогтердің жалақысы 25 пайызға көтеріледі. Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру параметрлерін анықтайды. Сондай-ақ, зейнетақылық активтерді тиімді басқару міндеті қойылды. Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмектің әділетті әрі ынталандырушы жүйесін түзу қажеттілігін ерекше атап өтті. Ондай көмек соған мұқтаж адамдарға ғана ұсынылуы тиіс.
Тимур Сүлейменов,
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары