Гаухар Алдамбергенова: Білім беру саласының алдында маңызды міндеттер тұр
Гаухар Алдамбергенова: Білім беру саласының алдында маңызды міндеттер тұр
Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты басымдығында экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді тетіктері ұсынылды. Атап айтқанда, Президенттің білім беру сапасын жақсартуға жете мән беруі бізді ерекше серпілтті. Мемлекет басшысы мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғандығын қадап айтты. Бұл өз кезегінде елде жұмыссыздар санының өсуіне ықпал етіп отыр. Ол үшін оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқандығы, ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы да қаузалды. Бір бұл ғана емес. Президент жоғары білімнің сапасы мен түлектердің жұмыспен қамтылуына да ерекше тоқталды. Осы орайда айта кетейік, жоғары оқу орындарының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Бұл тұрғыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бірқатар нақты істер жүзеге асырылуда. Оқу орны жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, өткен оқу жылында университетті 1548 студент тәмәмдап, олардың 95 пайызы жұмысқа орналасқан.
Менің ойымша, Мемлекет басшысы көтеріп отырған мәселелердің бір тетігі тәрбиемен де тікелей байланысты. Расын айту керек, аталған олқылықты жайттар мен оқыс оқиғалардың көбейіп кетуі отбасындағы тәрбиенің тиісті берілмеуінде.
Балабақша, мектептер мен жоғары оқу орындары бұл тарапта арнайы кешенді істерді қолға алуы тиіс. Бұл өз кезегінде аталған қылмыстардың салдарымен емес, себебімен күресуге ықпал етпек.
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор