Жаңалықтар

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі – Төлеутай Сүлейменов

ашық дереккөзі

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі – Төлеутай Сүлейменов

Отандық сыртқы істер саясатына Төлеутай Сүлейменов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шақыртуымен келген. Бұл туралы Сүлейменов ақсақал өзінің кезекті бір сұхбаттарында баян етеді. «Нұрсұлтан Әбішұлынан шақыртуды 1991 жылы КСРО-ның Тегерандағы елшілігінде жұмыс істеп жүргенде алдым. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, елшілікке барып қала телефонымен тілдесеміз. Елбасы Мәскеуде екен. КСРО Сыртқы істер министрі Шеварднадземен сөйлесіп, лайықты үміткер ұсынуды өтініпті. Әрине, мен жалғыз емеспін. Санатта басқалар да болды. Екі іріктеуден кейін таңдау маған түскен», – деп еске алады сол кездерді Т.Сүлейменов. «Қазақстанды дүние жүзіне таныту керек» деген Елбасының сөзі­нен кейін іске бірден кірісіп, жұмыстың оңай болмайтынын да тілге тиек етеді. «Бірден білікті кадрлардың басын біріктіру және баспанамен қамтамасыз ету мәселесін төтесінен қойдым. Тоқаев, Ғизатов, Құрман­ғо­жин, Омаров, Дәненов, Нұрғалиев сын­ды қазақтың елдік мәселеге төсел­ген дипломат мамандарын шақыртып, Сыртқы істер министрлігінің негізгі құрамын жасақтадық», – деген Төлеу­тай Сүлейменов «елдік мәселенің ұса­ғы болмайды» деген ұстанымда болғанын да жасырмады. Егемен Қазақстанның тұңғыш Сырт­қы істер министрі болып қайсар қызмет еткен Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменов 1941 жылы Семей қала­сын­да дүниеге келген. Өзінің алыста қалған балалық шағын Төлеутай Сүлейменов «Алаш ардақтыларының та­баны тиген Семей қаласында туға­ны­ммен, сан тарау шойын жолы түйіскен Аягөзде ержеттім», – деп еске алады. 1967 жылы Қарағанды поли­тех­никалық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1959 жылы Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс­шы, цех шебері, кейіннен комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған Төлеутай Сүлейменов еш уақытта дипломат боламын деп ойламағанын айтады. Аталған комбинатта он жыл қызмет етеді. Кейіннен 1971 жылдан 1977 жылға дейін Теміртау қалалық атқару комитетінде жұмыс істейді.