Сәт Тоқпақбаев
Сәт Тоқпақбаев
Биыл қыркүйек айында генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев 80 жасқа келеді. Оның барлық саналы өмірі еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеуге жұмсалды. Ол еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы, ҚР Президентінің Күзет қызметінің бастығы, Республикалық гвардияның Қолбасшысы, ҚР Қорғаныс министрі, ҚР Тұңғыш Президентінің Кеңесшісі және Парламент депутаты қызметтерін атқарды.
Сәт Бесімбайұлы жоғарыда аталған «күштік құрылымдар» қатарына жататын, елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төрт бірдей әскери санаттағы мемлекеттік органдардың егемен еліміздің мүддесі мен талаптарына сәйкес жаңадан құрылуына және қалыптасуына басшылық жасап, олардың тарихында өшпес із қалдырған, өмірдің қатал сындарынан аман өтіп, қызметі бағаланып генерал-полковник дәрежесіне жеткен ұлтжанды азамат.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттың, мемлекеттің және Президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «күштік құрылымдардың» тізгінін кезекпен бір адамға ғана ұстату ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың С.Тоқпақбаевқа деген шексіз саяси сенімін ғана көрсетіп қоймайды, онымен қоса оның қолбасшылық, кәсіби, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті мен адами қасиетін өте жоғары бағалағанын білдіреді.
Мен Сәт Бесімбайұлын бір адамдай білем деп айта аламын. Өйткені, ол кісімен көп жылдар бойы қауіпсіздік саласында қызметтес болдық, 2007 жылы Парламентке депутат болып сайланып, бес жылға жуық қоян-қолтық араласып, Мәжілістің Қорғаныс, қауіпсіздік және халықаралық істер жөніндегі комитетінде бірге жұмыс істедік.
Әлі есімде, 1994 жылдың басында Сәт Бесімбайұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Оның алдында ғана бұл мекеме бұрынғы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті ( КГБ) деген аттан Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті (ҰҚК) деген атқа өзгертіліп, қайта құрылған.
[caption id="attachment_85338" align="alignnone" width="1040"]