Жаңалықтар

Халқын ойлап қамыққан...

ашық дереккөзі

Халқын ойлап қамыққан...

Кемеңгер М.Әуезовтің: «Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ахаң ашқан қазақ  мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «40 мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі , өнер-білім , саясат жолындағы қажымаған қайраты , біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Шындығына ешкім дауласпайды», – деген бағасы бүгінгі күннің шындығы.  Ахаңның екі жинағы – «Қы­рық мы­сал» мен «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырып­тар­мен, идея­лармен, ойлармен байытты. Абайдың ақын­дық дәстүрін ілгері дамытып, заман та­лабына сай поэзия туды. Қаласа, ол ақындықтың талай биігіне кө­те­рілетін еді. Бірақ екі шағын жинақ­пен шектелді. «Ақын болмасаң болма, азамат бол» деген халық дана­лы­ғы дәл осы Ахмет Байтұрсынұлына арналғандай. Ол кісі ең әуелі азамат еді. Өз қамын күйттемей, өз елінің тағдырын ойлайтын адамның қан­дай болатынын қазақ топырағында Ахаң тұлғасы көрсеткен. А.Байтұрсынұлының әлеуметтік іс­теріне, шығармашылығына, дүние­та­нымын ықтарына өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – С. Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген арнаулы мақала жазды.  «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-ша­бар­мандарының қорлығына, мазағы­на түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқы­ған мырзалар шен іздеп жүр­генде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызмет­терін қылды». Бұл – Ахаңа берілген әділ де шыншыл баға еді. «Қазақ» газеті мен А.Байтұрсын­ұлы есімі қашаннан егіз, үнемі қатар аталады. Өйткені «Қазақ» Ахаңның және оның пікірлестерінің алға қой­ған мақсаттарын жарыққа шы­ға­рушы, оның үнін халыққа жеткізуші болды. «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі қа­зақ өмірінің бірқатар көкейтесті маңыз­­ды салаларына ой қозғап, қа­лам тарт­қан. Ол кісінің қаламынан туған ірі-ірі публицистикалық ма­қа­ла­лар өз заманының үні. Бұл мақа­ла­лар кезінде «Қазақ» пен «Айқапта» және «Ақ жол» газеттерінде басылған. Ахмет Байтұрсынұлының А.Б., Бай­қау­шы, Арғын, А деген бүркеншік аттары болған. Ахаң қара сөзді қию­ластыра баршаға түсінікті етіп пайдалана білген. «Қазақ» пен «Айқап» басылымдарында жарық көрген «Қазақ жерін алу туралы низам», «Орыс мейір­ман­шы­лығы», «Көшпелі Һәм отырықшы норма», «Закон жобасының баяндамасы» т. б. мақалалары ХХ ғасыр ба­сын­дағы қазақ ақыл-ойының айнасы десе де болады. Ахмет Бай­тұр­сынұлы қазақтың келешекте қандай жол таңдайтынына, қалай өмір сүре­тін­дігіне зор мән берді.  «Аңдаспаған мәселе» деген мақаласында: «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зары – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі. Бұл туралы түсінік жетпей қаталасып, қазақты теріс жол­ға салғанымыз – 5 миллион адам­ның обалын мойнымызға жүк­тегеніміз. Сондықтан бұл турада қазаққа айтқанымыз, қазақты һәм басқалар да қата ұқпастай етіп, шындықтан ашып сөйлегеніміз абзал. Жақсы жеріңе жиналып, қалаң­ды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медре­сеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десятинамен қала боламын де­сең­дер, күн көре алмайсыңдар», – дейді. Ел мен жер тағдыры бүгінгі күннің өзінде де көкейкесті мәселенің бірі болып отырғаны жалған емес. Ахмет Байтұрсынұлының тіл, оқыту мәселелерінде білім беруге байланысты айтқан пікірлері қазіргі уақытқа да қызмет ететінін көреміз. Мысалы, «ов» туралы » деген мақала­сын оқи отырып, осыдан 80 жылдай бұрын жазылған емес, күні кеше ғана баспасөз бетінен көргендей боласың. «Газет-журналдарымызда көбінесе «ұғлы, баласы, қызы» деген­нің орнына «ов, ва» жазылады. Бұл қа­зақ тілінде болмаған себепті құ­лаққа тіпті ерсі естіледі «ов, ев, ин. ва­лар» жалғыз-ақ орыс хал­қында бар деп айтуға болады, басқа Европа халықтарында жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар? «Овтарды» орысша жазғанда қол­дансақ та, қазақша «ұғлы, баласы, қызы» деп жазуымыз келіспей ме? Мұнан былай жұртқа өнеге беретін газета-журналдарымыз мұны ес­кер­се, қандай жақсы болар еді, қиын­дығы да болмас еді», – деп жазуы бү­гінгі күнге дейін өзектілігін жо­ғалтқан жоқ. «Біздің заманымыз жазу заманы – сөздің жүйесін, қисынын келістіріп жаза білуге, сөз қандай орында өзгеріліп, қалайша бір-біріне қию­ла­сып жалғасатын жүйесін білу керек», – деп жазған А.Байтұрсынұлы өзі де әдебиет майданында жемісті еңбек етті. Ұрпағына өлмес мұра қалдырды. Ол халық ақыны «Абай сөздері дү­ние­де қалғаны қазаққа зор байлық» деген жолдардың иесі А.Байтұр­сын­ұлы өзі де ұлы Абай салған соқпақ поэзия тілімен, сөз сиқыры­мен халқының санасын оятуға күш салады. Қалайда ұйқылы-ояу маужырап күн кешіп жатқан халқын оятуды, сезіміне, жүрегіне әсер етуді мақсат етіп қояды. Ахмет Байтұрсынұлы тіл, жазу мәсе­лесі турасында жасалған зор ғылыми еңбегінің  бірі – ғалымның осы тұста, яғни араб алфавитінен латын алфавитіне көшуге науқан  жасалып жатқан кездегі тұжы­рым­дары. Ғалым латыншылдармен бол­ған ғылыми айтыстарға белсене қа­тысып, мұның науқаншылық әрекет еке­нін, ғылыми негізі жоқ екенін жан-жақты дәлелдеді. «Жазу мәде­ниеті бар жұрттарға бір әріптен екінші әріпке көшу оңай жұмыс емес, жайлап көшуге көп уақыт, көп қаржы, көп күш керек. Сөйтіп, бұл мә­селе әлеуметке шаруашылық жа­ғы­нан өте зілді болғандықтан, шешушілерді халық алдында зор жауапкер қылатын мәселе», – деген үл­кен маңыз берді. «Араб әрпін жақтаған баяндамасы», «Түзетілген әріп» аталатын  мақалаларында  араб графикасының анағұрлым тиімді жақтарына тоқталады. Осындағы араб графикасын жақтаған пікірі өз тұстастарының біразынан қолдау тапты. Ахмет Байтұрсынұлы өз шығар­ма­шылығында көп уақытын, күш-жігерін оқу-ағарту ісіне, елді мә­дениеттендіруге ұмтылған ағарту­шы­лыққа және әдебиеттану, тілтану саласын ұлттық ерекшелік тұр­ғы­сынан зерттеген ғалымдық қыз­метіне арнады. «Әліп-би», «Әде­биет танытқыш» «Тіл-құрал» атты ең­бек­тер жазуы, қазақ тілі мен әдебиеті, мектептер мен ондағы оқыту жайы, қазақ тілін оқыту методикасы туралы көптеген мақа­ла­лары, Қазақ­стан­ның оқу-ағарту комиссариатындағы жұмысы – осының бәрі ол кісінің ағартушылық, ғалымдық қызметінің қомақты­лы­ғын аңғартады. Ахмет Байтұрсынұлының соңы­на қал­дырған мол мұрасы – рухани қазыналарымыздың тарихында орын тепкен ақтаңдақтарды қал­пына келтіріп, толықтыруға мүм­кіндік беретін бай қазына. Сол қазыналарды іздеп, тауып, зерттеу халқымен табыстыру бүгінгі күннің міндеті.  

Жандос Смағұл

филология ғылымдарының 

докторы, профессор.

Қарағанды