Ахмет туған үй қараусыз қалды
Ахмет туған үй қараусыз қалды
5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және 2017 жылғы 31 қазаннан бері ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген Қазақстан халқы тілдері күні.
1872 жылғы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Ақкөл ауылының Сартүбек атырабында дүниеге келген Ахмет Байтұрсынұлы – алты алаш ұлысына аты шыққан дегдар. Сан қырлы санаткердің жазған теориялық тұжырымдары мен ойлары уақыт өткен сайын туған елінің қажетіне жарап келеді. Өзі өлсе де, сөзі өлмеген асыл бабаның рухына көрсетер перзенттік парыз жағына келгенде, бүгежектеп қалатынымыз бар. Мәселен, ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында қайтадан қалпына келтірілген Ахаң туған үйдің бүгінгі ұсқыны адам көргісіз кейіпте. Үйдің маңындағы 300 метрлік жерде Байтұрсын әулетінің қорымы бар. Сол қорымды қоршап тұрған темір шарбақтардың көбін ел-жұрт пайдасына жаратқан сияқты. Ал үйдің сылағы түсіп, ажары қашқан. Егер оразды елдің баласы болсақ, сол үйді жайнатып, бөлмелеріне сөре қойып, арнайы экспозиция жасақтайтын едік. Ахметтің балалық шағы, өскен ортасы, ата-тегі, бауырлары туралы мәліметтер топтастырылса, өркениетті мемлекеттердегі «Ашық аспан астындағы музей» дейтін сондай-ақ болар тегі.
«Өлі риза болмай, тірі байымас» дегенді ескеріп, аруағы шалқар бабаның рухына шынайы құрмет көрсетіп, оның туған үйін тағы да күрделі жөндеуден өткізіп, игілігі мол мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобалары аясында тозығы жетіп, жазуы өшкен белгітасты жаңартса және бала Ахмет пен айдауға ұшыраған Байтұрсынның өмір жолынан хабар беретін композициялық ескерткіш орнатса болар еді. Мысалы, ақынның мына бір өлеңіндегі оқиға: «Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам». Бұл өлең әкесі Байтұрсынның елді қинап, жерін алған озбыр ояз Яковтың басын жарып, 15 жылға Сібірге айдалғанында жазылған екен. Бала Ахмет әкесінің айдалғанын өз көзімен көрген еді. Дәл сол тарихи үйдің маңында он үш жасар бала Ахмет пен қайсар мінезді Байтұрсынның ескерткіші тұрса қандай жақсы!
2022 жылы ұлы ағартушы, біртуар саңлақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Иек астында тұрған ертеңіміз үшін осынау тарихи үйді, оның айналасындағы ата бейітті мемлекет қорғауына алып, жанашырлық танытсақ игі еді. Сосын «Музейлер қаласы» атанған Торғай ауылы мен Сартүбек атырабын жалғап жатқан ескі жолды жөндесе, Ахмет туған топыраққа еш қиындықсыз жетер едік. Әйтпесе бұл жерге жету деген қиямет қайымның нақ өзі. Жер құрғақта ғана болмаса, ауа райы мінез танытқан басқа мезгілдерде бару мүмкін емес. Саналы ғұмырын ұлтының келешегіне бағыштаған, қара басының қамын емес, азапты елінің тағдырына алаңдаған, сол сорлы елін алып ұлысқа айналдырамын деп жүріп оқ құшқан қайран арыс туған топыраққа дүйім ел болып құрмет көрсете алмасақ, «сүйекке түскен таңба» болмайтын ба еді?!
Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласында тұрған үйінің де жағдайы мәз емес. Бүгінде тұлғаның музей-үйі болып тұрған бұл тарихи нысанның әлі күнге дейін республикалық музей мәртебесін ала алмай жүргені және мемлекеттік бюджет балансына енбей, жеке меншік болып тұруының өзі ұят! Музейдің күтушісінен басшылығына дейінгі мамандардың бәрі де осы мәселені көтерген сайын олардың жанайқайын еститін жөн болмай тұр. Өкінішті!
[caption id="attachment_85315" align="alignnone" width="1280"]