"Адай" күйіне стриптиз билеп жүр

"Адай" күйіне стриптиз билеп жүр

"Адай" күйіне стриптиз билеп жүр
ашық дереккөзі
Атыраудағы түнгі клубтардың бірінде "Адай" күйіне билеген  жартылай жалаңаш қыздардың әрекеті дүйім жұрттың ашуына тиді. Қоғам белсенділері осыған ұқсас жайттардың жиілеп кеткенін, сондықтан тез арада шара қолдану керектігін айтып дабыл қағып отыр. Ал енді бірі, керісінше, дәстүрімізді осындай жолмен насихаттайық деп айды аспанға шығарды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы арнайы сюжет жасаған. Бейнежазба Атыраудағы түнгі клубтардың бірінде түсірілген. Жартылай жалаңаш киінген екі "бұрымды" "Адай" күйіне билеп, жиналған қауымның көңілдерін көтеріп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған  видео қоғамда үлкен резонанс тудырған соң, клуб әкімшілігі көптің алдына шығып, кешірім сұрады. Алайда олар мұны техникалық ақауға балап, өздерінен кінәні барынша жуып-шаюмен болды. "Бізде техникалық ақауға байланысты осындай бір жайсыз оқиға болды. Музыканттар "Адай" күйін орындап жатқан. Бұл үшін кешірім сұраймыз. Бұл үшін диджей жұмыстан шығарылды", - дейді клуб әкімшілігі. Алайда желі қолданушыларының дені бұл бейнежазбаға қарсылықтарын білдіріп жатса, араларындағы кейбірі "мұнда  тұрған еш сөкеттік жоқ"  деп айды аспанға бір-ақ шығарды. "Неге біз қазақтың күйлерін тек қана мерекелерде тыңдауымыз керек?! Меніңше, бұл біздің ұлттық өнерімізді насихаттаудың жаңа бір тәсілі. Иә, әрине бізде қалыптасқан стереотиптер бар. Қазақ қызы тәрбиелі болу керек, мұндай жат әдетке бармауы керек деп. Бірақ біз одан арылуымыз керек. Есесіне қыздардың осы билерінен кейін қазақтың күйін білетіндер көбейгеніне сенімдімін", - дейді блогер Жұлдыз Әбеу.