Жаңалықтар

Ассамблея «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мың оқушыға 200 млн теңгенің көмегін көрсетті

ашық дереккөзі

Ассамблея «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мың оқушыға 200 млн теңгенің көмегін көрсетті

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан айрылған оқушыларға 200 млн.  теңге көлемінде қайырымдылық  көмек көрсетті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының өңірлік филиалдары арқылы жыл сайын әлеуметтік қолдау ұйымдастырып, тұрмыс деңгейі төмен отбасылардың балаларына қол ұшын созуды дәстүрге айналдырып келеді. Тамылжыған тамыздан басталып, қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын биылғы науқанға да бір кісідей жұмыла кірісіп, елдік пен кеңдіктің үлгісін көрсетіп отыр. «Мицва» еврей ұлттық ұйымдарының қауымдастығы 22 балаға 248 600 теңгеге, «Филия» Қазақстандағы грек қоғамдарының қауымдастығы 10 балаға 60 000 теңгеге, «Наири» армян мәдени орталықтарының қауымдастығы 100 000 теңгеге демеушілік жасады. Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктер көрсеткен қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 81 108 000 құрады. Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктердің қосқан үлесі де қомақты. Оңтүстік өңірдегі этнос өкілдері 2 мын 68 балаға 30 560 000 теңгеге мектепке даярлық жұмыстарын ұйымдастырса, Қостанай облысының  2 889  балаға жұмсаған қаражаты  28 444 969  теңгеге жетті. Қарағанды облысы бойынша этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, Қайырымгерлер мен меценаттар клубының өкілдері бірігіп, 713 балаға 18 254 770 теңгеге жомарттық жасады. Соның ішінде қайырымгерлер мен тәлімгерлер клубының өкілі және «Жомарт жүрек» төсбелгісінің иегері Сәуле Шауенованың жетекшілігімен Жезқазғандағы «Utaria LTD» компаниясы ерекше көзге түскенін айта кету парыз. 67 көпбалалы отбасына 6 млн. теңгеге демеушілік жасап, әр балаға 25 000 теңгеден теңдей бөліп берді. Сәтбаев қаласында тігін және тоқыма шеберханасының шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер, көпбалалы ана Алена Эберман болса, 300 000 теңгенің мектеп формасын 30 балаға тегін ұсынды. Жамбыл облысының  да аяқ алысы жаман емес, 928 оқушыға 8 100 000 теңге жұмсап, ізгіліктің үздік көрінісін байқатты. Соның ішінде қалалық, облыстық  өзбек этномәдени бірлестігі, облыстық «Немістер қоғамы», «Барбанг» күрділер этномәдени бірлестігі, «Вынхуа» дүнгендер қоғамдық бірлестігі, «Ахыска» этномәдени бірлестігі, «Полонез поляк тілі мен мәдениеті орталығы» қоғамдық  бірлестігі мен «Шиват-цион» еврей этномәдени бірлестігі, Махмуд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігі айрықша атсалысты. Бұл тізімді ары қарай осылай жіктеп жалғастыра беруге болады. Дегенмен, топтап айтсақ, Алматы облысы 8250 000 теңгеге, Нұр-Сұлтан  қаласындағы 20 этномәдени бірлестік  52  балаға  7 000 000 теңгеге,  Маңғыстау облысы 1550 балаға 7 580 500 теңгеге, Шығыс Қазақстан облысы  350 балаға 5 564 100 теңгеге, Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктер 140 балаға  5 040 000 теңгеге, Павлодар облысы 1000 оқушыға 5 000 000 теңгеге ауқымды көмек ұйымдастырды.