Жаңалықтар

Оралдық әйел қызымен бірге Сирияға өтіп кетті

ашық дереккөзі

Оралдық әйел қызымен бірге Сирияға өтіп кетті

Орал қаласындағы №37 мектептің ұстаздары осы мектептің 7-сынып оқушысы Ділнәз Әділованың анасымен бірге жоғалып кетуіне байланысты іздеу салған болатын. Кейін құқық қорғау органдары Бақытжамал Хасанғалиева қызымен бірге Мәскеу арқылы Сирияға өтіп кеткенін анықтады. Бұл туралы «Уральская неделя» басылымы хабарлады. “Бұл оқиға оқушылардың күзгі демалысында болды. 7 «а» сыныбында оқитын Әділова Ділнәздің дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын анасы Бақытжамал Хасанғалиевамен бірге із-түссіз жоғалып кетуі бізді қатты қынжылтуда. 4 қарашада күзгі демалысқа кетіп, 12 қараша күні сабаққа келмеген Ділнәздің анасымен сынып жетекшісі хабарласты. Алайда екеуінің де телефоны сөндірулі болды. Қыздың әкесі Жеңіс Хасанғалиев Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істейтін еді. 13 қараша күні әкесі мектепке келіп, қызы мен әйелінің жоғалып кеткенін айтып, етегі жасқа толып жылап, бізден көмек сұрады. Біз БҚО ішкі істер департаментіне хат жазып, оқушымыздың жоғалып кеткенін хабарлап, іздеу салуын сұрадық. Олардың анықтауы бойынша, күні бүгін Ділнәздің анасымен бірге Қазақстан аумағынан шығып кеткені белгілі болып отыр.”, – дейді №37 мектептің директоры Тамара Мұсақызы. Осы оқиғаға байланысты аталмыш мектепте өткізілген «Отбасы, мектеп және қоғамның ұрпақ тәрбиесінде игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстелде ата-аналар өз балалары үшін алаңдайтындарын жасырған жоқ: “Мен ата-ана ретінде қатты алаңдаулымын. Қоғамда болып жатқан неше түрлі сорақы жағдайларды естіп те, көріп те отырмыз. Ділнәзбен қызымыз бір сыныпта оқыды. Діни ағымдағы ол қыздың менің қызыммен хабарласып, оған кері әсер етпесіне кім кепіл? Балалар ғаламтор арқылы хабарласып жатады. Ділнәзда барлық сыныптасының телефон нөмірі бар. Ол қызыма, әлде басқа сыныптасына скайп арқылы шығып, «Мында керемет» деп суретін жіберіп, көңілдерін бұзып, алаңдатса қайтеміз? Қызым Ділнәздің жоғалып кеткенін жүрегіне ауыр алды. Бұл оқиға жалғыз оған емес, барлық сыныптастарына қатты әсер етіп отыр. Қызымның телефонын тексеріп, кімдермен сөйлескенін бақылап отырамын. Алайда ата-аналардың көңілінде үрей, қорқыныш басым”, – дейді Айымгүл Қазиева есімді ата-ана. Өкінішке қарай, мұндай құбылыстар біздің елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де жиілеп кеткен. Мәселен, жуырда Сирия аумағына өтіп кетпекші болған Қырғызстанның тумасы түрік-сириялық шекарада ұсталды. Қырғызстанның құқық қорғау органдарына 55 жастағы әйел 23, 22 және 20 жас аралығындағы үш қызы мен төрт жастағы немересін алып, Сирияға кетті деген ақпарат келіп түскен. Оларды өз шекарасынан ұстай алмаған қырғыз сақшылары түрік әріптестерінің көмегімен қолға түсірді.