Жиырмасыншы жолдаудың жүгі ауыр

Жиырмасыншы жолдаудың жүгі ауыр

Жиырмасыншы жолдаудың жүгі ауыр
ашық дереккөзі
Тәуелсіз Қазақстан жылнамасында Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауын алғаш рет сонау 1997 жылдың қазан айында арнаған екен. Жыл сайын, кейде он екі ай айналмай жатып, Елбасы тұрақты түрде елдің ішкі және сыртқы стратегиялық бағыт-бағдары туралы өз ойын халыққа жеткізіп отырды. Тәуелсіздіктің 25 жылына арналған Жолдау рет саны бойынша 20-шы екен. Бұл тұрғыда, осы Жолдауды «мерейтойлық құжат» деуге де болар. Бірақ оның өн бойынан мерекелік көңіл-күй сезілмейді. Керісінше, алмағайып заманның алаңы, алдағы ауыр күндердің салмағы сараланады. Бұл құжаттың қандай ерекшелігі бар, арқалаған жүгі не, артығы қайсы, кемі неде деген сұрақтарға жауап беру үшін биылғы жолдауға контент-анализ жасағанды жөн көрдік. Дүние жүзінде президенттер жолдауларының тарихы екі ғасырдан асады. Анығын айтқанда, 225 жылдан бері көптеген елдерде мемлекет басшысының жыл сайын өз халқына жолдау арнап, басты мәселелер жөнінде өз ойымен бөлісіп, болашақ межені айқындау дәстүрі қалыптасқан. Бірақ бұл мәтін тек мазмұндық тұрғыда ғана емес, оның қашан, қай жерде, қандай жағдайда айтылғаны, жолдауды оқыған сәттегі президенттің киімі, қолданған сөздері, одағай сөздер мен қаратпа сөздер, қатысушылардың қолдау білдіруі, шапалақ ұруы секілді түрлі өлшемдерге сәйкес жан-жақты талқыланатын бірден-бір құжат. Себебі бұл бір мемлекеттің ішкі даму әлеуетін ғана емес, оның ғаламдық өзгерістерге ықпал ету мүмкіндігін болжауға мүмкіндік беретін әрі осы құжатта айтылған міндеттерді орындауға басты жауапты адам – президенттің ішкі дайындығын аңдауға әбден қолайлы оқиға. Ал Қазақстан Президентінің бұған дейінгі барлық жолдауларына жасалған шолу бірқатар заңдылықтардан хабар береді. Біріншіден, он сегіз жылда Елбасының халыққа арнаған ең Басты сөзіндегі басты түсініктерден талай сыр аңғаруға болады. Мысалы, 1998 жылдан бері Президент жасаған жолдау мәтіндерінде ең жиі қолданылған сөздер «мемлекет» пен «даму» терминдері екен. Мемлекет басшысы жас мемлекеттің дамуы, болашағы мен бағдары туралы тереңнен толғанған кезде бұл сөздерді жиі қайталағанында тұрған не бар дерсіз? Он сегіз жылда «біз» деген сөзді Елбасы өте жиі қолданған, ал «мен» есімдігінің қайталану жиілігі «бізге» қарағанда төрт есе аз! Бұл нені білдіреді? Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда күшті президенттік институттың орнағаны рас, мемлекеттің ішкі-сыртқы стратегиялық бағдары мен мақсат-міндеттерін айқындау функциясы Президенттің өзінде. Дегенмен, бұл мақсаттарды жүзеге асыру жауапкершілігі барлық қазақстандықтарға ортақ деген сөз. Екіншіден, «біз» есімдігін Президент елде экономикалық дағдарыс байқалған жылдары өте жиі қолданған. Бұған 1998, 2000, 2002, 2009, 2012 жылдардағы жолдаулар дәлел. Ал экономика алға өрлеген кездері «біз» азайып, оның орнына «мемлекет» деген атау көбірек қолданылған. Бір ғажабы, «Мен» есімдігі сайлаулар алдында жиірек ауызға алынады екен. Мысалы, 1998 жылы «мен» деген сөз аттай 27 рет айтылған. 2005 жылғы президент сайлауы алдында да осы жағдай байқалды: бұл жолы Елбасы 14 рет «Мен» деді. Оның үстіне, президенттік сайлаулар алдында «тұрақтылық» пен «қауіпсіздік» сөздеріне көбірек мән берілетіні байқалады. Үшіншіден, жолдауларда қайталану жиілігіне қарағанда «экономика» термині Н.Назарбаевтың лексиконындағы ең ұнамды сөздердің бірі. Әлбетте, мәселе терминнің мәнінде ғана емес, мемлекет дамуындағы экономикалық саясаттың аса жауапты маңызға ие екендігінде. Қазақстанның тоқсаныншы жылдардан бері «әуелі – экономика, саясат – содан кейін» деген ұстанымды темірқазық етіп таңдағанының бір көрінісі осы. Биылғы жолдаудың ішкі мәніне қарағанда, бұл ұстаным әзір өзгермейтін сияқты. Төртіншіден, екімыңыншы жылдардың басынан бері Президент «қазақстандықтар» деген атауды пайдалану жиілігін күрт арттырды. Шамасы, мемлекеттің барша азаматтарын біріктіруге, ортақ мақсатқа ұйыстырудың ниеті болса керек. Сондай-ақ, 2011 жылдан бастап «бизнес», «кәсіпкерлік», «индустриаландыру» cөздері жолдауда тұрақты қолданысқа енді. Бұл өзгерістердің Индустралды-инновациялық даму бағдарламасының қабылдануына байланысты екені түсінікті. Бесіншіден, Елбасы жолдаулары мемлекеттің келешек даму бағытын анықтайтын мәтін ғана емес, дәл сол кездегі елдің хал-ахуалын лакмус қағазындай айқындаушы фактор деуге болады. Мысалы, 2011 жылы Президент өкілеттігін ұзартуға байланыс­ты референдум өткізу туралы бастама көтерілгеннен кейін, сол жылғы жолдауды барша қазақстандықтардың асыға күткені белгілі. 2012 жылдың қаңтарында жариялаған Жолдауында Елбасы «Жаңаөзен трагедиясы моноқалалардың әлеуметтік тәуекелге ұрынуға бейім екенін көрсетіп берді» деп баға берген еді. Осыдан соң үкіметтің моноқолаларды дамытуға жедел кіріскені белгілі. Жалпы алғанда, Жолдау мәтіндеріне елдегі ғана емес, әлемдегі саяси-экономикалық оқиғалар ықпалы зор екені байқалады. Елбасының әр жолдауы геосаяси жағдайға шолуды айналып өтпеген. Ендеше, осы айтылғандарды ескере отырып, биылғы жолдаудың астарлы мәніне үңіліп көрелік.

«ҚАЗАҚСТАН» БРЕНДКЕ АЙНАЛСА...

Бұл Жолдауда «Қазақстан» атауын Елбасы 32 рет қайталады. Бір мәрте тіпті «Ұлы Қазақстан жолы» деп қалды. Қазақстан мемлекетінің бүгіні мен болашағын саралап, алдағы жетістіктерін болжай келе, «Қазақстанда жасалған» деген тіркестерді қолданумен қатар, «Қазақстанымызды» деп ортақтаудың өзі неге тұрады! «Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!» деген сөздер барша қазақстандықтарды тұтастырып қана қоймай, ортақ мақсатта жұмыла еңбектенуге шақырады әрі әрбір қазақстандықтың мойнына жауапкершілік жүгін артады. Сөзінің соңын «Алға, Қазақстан!» деп аяқтаған Елбасы «Қазақстан» ұғымының мемлекет атауы ғана емес, халықты ынталандырар ұран сөзі екенін ескерткендей. Осыдан соң «Қазақстан» атауы бренд емес деп көріңіз. Ал «қазақстандықтар» атауын Елбасы қаратпа сөз ретінде төрт мәрте қолданған. Бұдан бөлек, мәтін ішінде «қазақстандық» деген сөз 9 рет кездеседі. Оның ішінде «қазақстандық банктер», «қазақстандық компаниялар», «қазақстандық инвесторлар» тіркестері және «Біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік» деген сықылды қарапайым азаматтарды мысалға келтіру амалдары бар. Осыдан бес-алты жыл бұрын Н.Назарбаев «Қазақстандықтар» деген сөзден гөрі «Отандастар» деген қаратпа сөзді көбірек қолданатын. Мысалы, 2009 жылы «Отандастар!» деген қаратпа сөзді бір Жолдауда 5 рет айтқаны Қазақстан азаматтарын бір Отанға, бір шаңыраққа адал болуға үндеу ниетінен туған. Ал биыл бір-ақ рет, онда да сөз соңына қарай «Құрметті отандастар!» деді. Қазіргі сәтте қазақстандықтардың ынтымағы бұрынғыдай көңілге селкеу түсіретіндей емес, шамасы. Одан гөрі «Қазақстан» атты брендті, күшті және экономикалық қуатты мемлекеттің азаматтары екенін (немесе болуы тиіс екендігін) меңзеу маңыздырақ.

ҰЛТ МҰРАТЫ СӨЗ БОЛДЫ

«Ұлт» ұғымы мәтінде бір рет кездеседі. Оның өзінде, жалпылама атау ретінде «Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі» деген сөйлемде ғана бар. Ал жалпы, «ұлттық» деген категория мемлекеттік нышандар мен институттардың орнына қолданылған: «ұлттық экономика», «ұлттық валюта», «Ұлт жоспары», «Ұлттық банк» және «ұлттар» (яғни, халықтар мағынасында – авт.).

БҮГІНГІМІЗ – «МӘҢГІЛІК ЕЛ» БОЛУ ҮШІН

Мәтінде мән беруге тұрарлық ұғымдардың бірі «Ел» сөзіне қатысты. «Ел» жалпылық тұрғыда 8 рет, ал жалқылық тұрғыда, яғни «еліміз» деп Қазақстанды меңзеуде 9 мәрте қайталанған. Бұдан бөлек, «елдік» ұғымы бір рет, ал былтыр жарияланған «Мәңгілік Ел» идеясы осы жолдауда үш рет айтылған. «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз» деді Президент. Бұдан әрі «Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар» деген Елбасы елдің даму бағдарына қатысты жаңа тұжырымдама ұсынып отыр. «Ұлы Қазақстан», «Мәңгілік Ел» атаулары тәуелсіздікті нығайтудың, елдікті бекітудің, мемлекеттілікті күшейту ғана емес, халықтың мәдениеті жоғары, рухы биік, құзыры зор, күші мығым ұлтқа айналдыру жауапкершілігін жүктейді. Жолдауды «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деп түйіндеген Елбасы бүгінгі күннің әрбір әрекеті Ұлы Қазақстанның келешегі үшін жасалып, әрбір қадамымыз бізді «Мәңгілік Елге» жақындатуы тиістігін меңзегендей. Бұдан бөлек, «елдер» категориясы мәтінде 8 рет кездесті. Бұл орайда, «бай да қуатты елдер», «алпауыт елдер» деп атап көрсетіп, ғаламдық тұрғыда ой кешуге шақырады. Жер бетіндегі дамыған елдердің тәжірибесін мысалға келтіре отырып, үлгі алуға үндейді.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНІҢ УАЙЫМЫ КӨП

Жолдаудың қаржылық қиындықтар қыспақтан алып тұрған кезде жасалғанының бір көрінісі, мәтінде «экономика» терминінің тым көптігі. Бұл жолы Президент «экономика», «экономикалық» ұғымдарын 48 рет қолданған. Оның ішінде «ұлттық экономика мен «экономикамыз» категорияларымен қатар «экономикалық қиындықтар», «экономикалық өсім», «көлеңкелі» экономиканы жарыққа шығару», «экономикалық бәсекелестік», «нарықтық экономика», «экономикалық әлеуеттер», «экономикалық тәуекелдер», «экономикалық одақ», «экономикалық интеграция» тіркестері Жолдаудың жалпы желісінен хабар беріп тұр. Жолдаудың экономикалық бағыты басым екені онда қолданылған атаулардың жиілігінен анық байқалады: мысалы, «ұлттық валюта» термині осы жолы 4 рет қайталанып, теңгеге деген халық сенімін арттыруды көздесе, «Ұлттық банк» атауының 5 жерде кездесуі кездейсоқтық емес. Президент Ұлттық банкті ашықтан-ашық сынға алды: «Ұлттық банктегі институттық кемшіліктерді жою керек. Біртұтас Зейнетақы қоры, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек» деп кесіп айтты. Шамасы, елдің қаржылық саласындағы күрделі өзгерістердің басы бұл. Экономикалық қиындықтарды сөз ете отырып, Елбасы мемлекеттің «Ұлт жоспары» бар екенін қайталаумен болды (4 рет), оған қоса «Ұлттық қор» туралы ой-жоспарын да жайып салды. Мәтінде «Ұлттық қор» атауы 7 рет кездеседі. «Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес. Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек» деген Елбасы Үкіметке Ұлттық қорды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮМІТ МОЛ

Н.Назарбаев осы жолы «Кәсіпкерлер! Іскер азаматтар!» деп сөз арнады. Бұған дейін Президент қоғамдағы бірде бір топты бөле-жара қаратпа сөз қолданбаған еді. Тек жалпыға ортақ «Отандастар!», «Қазақстандықтар!» дейтін. Ал кәсіпкерлер мен іскер азаматтардың атын атап, түсін түстеп тұрып, оларға сөз арнауы – мемлекет экономикасының шын мәнінде ауыр жағдайда екенінен хабар береді. Сыртқы түсім азайып, көмірсутектердің бағасы құлдыраған кезде, ішкі шығындарды азайтумен ғана дағдарыстан шығу мүмкін емес. Мемлекет елдің экономикалық қуатын өндіріс арқылы, жеке кәсіпкерлікті дамыту арқылы арттыруға мүдделі, мүдделі ғана емес, өте мұқтаж. «Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер» деді Елбасы. Саңылауы бар санаға бұдан ашық, бұдан ащы айту мүмкін емес-ау. Осы сөзден кейін барлық бақуатты қазақстандықтар жеке кәсіпкерлікті дамытып, өндіріс ошақтарын ашып, «Қазақстанда жасалған» деген таңбалы тауарлардың санын көбейтер дейсің. «Қазақстанда жасалған» демекші, отандық тауар өндірушілер жаңа өзгерістер алдында тұр. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Бұл туралы әлі ресми түрде жарияланбаса да, Елбасы Жолдауда халқын осындай хабармен сүйіншіледі. Қазақстанның жиырма жылдан бері осы ұйымға мүшелікке өтуге талпынып келгені белгілі, ендеше көршілердің ізін ала халықаралық сауда ұйымына енгенімізді жас мемлекеттің бір табысы ретінде қарастыруға да болар. Бірақ бұл өзгеріске қазақстандық өндірушілердің қаншалықты дайын екені дүдамал. Президенттің бақуатты кәсіпкерлерге арнайы сөз қатуында отандық өндірістің келешегіне алаңдаушылық үні аңғарылады.

ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУҒА ҰМТЫЛАМЫЗ

Дегенмен, Елбасы бұл жолы тағы бір әлеуметтік топты айшықтады. «Қазақстанның жас азаматтары!» деді Президент. Қазақстан жастарына арналған өзгеше үндеу деуге лайық. «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар» деп әкелік қамқорлықпен айтылған өсиет «Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады» деген нақты ұсынысқа ұласты. Осылайша, Елбасы жастарды жұмысшы мамандығын игеруге шақырды. «Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар!» деді Н.Назарбаев. Халықтың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарын жаппай игеру үшін мемлекет бұдан былай тегін кәсіби-техникалық білім алуды қамтамасыз етпек. Елбасы мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігіне назар аударды. «Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс» деді Президент. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру, халықты еңбекпен қамтудың жаңа жол картасы – жаңа әлеуметтік саясаттың бір қыры ғана. Әлеумет күткен жаңалықтардың бірі жалақы мен жәрдемақы көлемінің ұлғаюы еді. «Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады» деді Президент. 2016 жылға арналған Жолдау «Қазақстан-2050» стратегиясына үндес. Кесімді мерзімге дейін «күшті мемлекеттің негізінде дамыған экономикасы бар және жалпыға ортақ еңбек мүмкіндіктері бар бақуатты қоғам құру» мақсаты әлі өзекті.

ӨЗІМ ДЕГЕНДЕ ӨГІЗ ҚАРА КҮШІМ БАР

Қысылтаяң шақта мемлекет басшысының сөздік қорында «Біз» категориясының басымдыққа ие болатынын жоғарыда жазғанбыз. Қазіргі кезеңнің салмағы ауыр екені осы жолы «Біз» есімдігінің қайталану жиілігінен анық көрінді. Аттай жүз рет! Иә, Елбасы 4557 сөзден тұратын Жолдауда 100 рет «біз» деді. «Біз жоспарладық», «біз құрудамыз», «біз қол жеткіздік», «біздің стратегиямыз», «біздің міндетіміз» деп ортақ мақсат пен жалпы міндеттерді саралаумен қатар, «біздің халқымыз», «біздің еліміз», «біздің экспорттаушыларымыз» деп меншіктеу сипаты да бар. Бұған қоса, «біз» категориясы кейде атқарушы билік тұрғысынан айтылады. Осы орайда, «біз» категориясы белгілі бір кереғарлыққа ұрынатынын айту ләзім. Мысалы, бірде «Біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!» деп атқарушы билік тұрғысынан сөйлесе, бірде «Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық» деп мемлекет атынан, ал бірде «Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер» деп тұтас ел, халық атынан сөйлейді. «Мен» демекші, Президенттің «мені» бұл жолы өте жоғары деңгейде. Мәтінде «мен» есімдігі ең кемі 23 рет кездеседі. Атап айтқанда, «Мен Жолдауымды жария етпекпін», «Мен «Қазақтан-2050» стратегиясын жарияладым», «Мен жаңа толқынның (дағдарысқа қатысты – авт.) қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын», «бұған дейін мен айтқандай», «менің ұстанымым», «менің сапарым барысында» (екі рет), «менің тапсырмам бойынша» деп өз еңбегін көрсету бар, оған қоса «мен шақырамын» (төрт рет), «мен жариялаймын» (екі рет), «мен сөзімді арнаймын» (екі рет), «мен міндет қоямын», «мен тапсырамын», «мен мән беремін», «мен сенемін», «мен айтып өткен», «мен хабарладым» деген іс-әрекетті білдіретін етістіктерді батыл қолданған. Жолдаудың қорытындысында, Елбасының «Мен халқыма сенемін» деген сөздері Қазақстанның болашағына деген сенімінің нық екенін білдіру үшін қолданылғандай. Қорыта айтқанда, «Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды» деген сөздер Жолдаудың өн бойында жүргізілген ортақ желі екенін аңғару қиын емес.