Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі: Жолдау жаңа табысқа жетелейді
Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі: Жолдау жаңа табысқа жетелейді
– Терең мағынаға ие әрбір жаңа Жолдау – егемен еліміздің жарқын болашағына бастар басты бағыт.
Елбасы атап өткендей биылғы Жолдаудың өзекті түйіні – Қазақстанды әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан алып шығудың жаңа жоспарын анықтау. Бұл – ХХІ ғасырдағы екінші дағдарыс. Біріншісі – 2007-2008 жылдары болған. Ол дағдарыс АҚШ-тағы ипотекалық жүйенің дағдарысынан бастау алып, әлем жұртшылығына салқынын тигізген еді. Ал бұл жолғы үлкен дағдарыс мұнай, газ өнімдеріне бағаның құлдырауынан басталды. Табысы шикізатқа тәуелді мемлекеттер осы кезеңде ерекше қиындықтарға тап болды. Аз ғана уақыт ішінде мұнай бағасы 142 доллардан 46 долларға дейін құлдырады. Осыған орай мұнай экспортынан түсетін пайда үш есеге азайды. Бюджеттік табыстың 27 пайызы мұнайдан түскен пайдадан құралатын Қазақстан үшін бұл өзгерістер экономикалық қиындықтар тудырды. Алайда Мемлекет басшысының дағдарысты еңсеруге байланысты стратегиялық жоспарлар құрып, іс-қимыл жасауы арқылы халқымыз бұл сыннан сүрінбей өтіп келеді.
Әлемді жайлаған қауіп-қатерлер мен қайшылықтардан ешбір мемлекет тыс қалмайды. Осындай қысылтаяң кезеңде Президенттің бастамасымен елімізде ауқымды бағдарламалар қабылданып, әр салаға жаңа технологиялар енгізіліп, қоғамды әлемуметтік жаңғырту ісінде ілгері қадамдар жасалып келеді.
Енді санаулы уақыттан кейін 2016 жылға қадам басқалы тұрмыз. Осы жаңа жылдың қарсаңында алдағы жаһандық дағдарыстың елімізге тигізер қаупін сейілту мақсатында Елбасы баршамызға жаңа міндеттер жүктеп, жаңа тапсырмалар беріп отыр. Жаңа жолдауда Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру мақсат екенін атап көрсетті. Президент «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жариялаған кезде, бұл межеге жету жолында қиындықтар кездесетінін, соған дайын болып, тиісті шаралар қабылдау керектігін айқындап, мақсаттарымызға мызғымас бірлік пен талмас еңбектің, ізденістің арқасында жететінімізді айтқан болатын. Осыған дейін де дағдарыстан шығудың кілтін тапқан Елбасының көреген саясатының арқасында, халқымыз кездескен қиындықтарды еңсере білді.
Біріншіден, бәсекеге қабілетті тауарлар өндіретін экономика жасау. Ол үшін индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру маңызды. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешенін заманға сай дамытуды жолға қою. Қазіргі уақытта Қазақстан астық пен ұнды экспорттауда танымал болып отыр. Алдағы уақытта біз ет, сүт, жүн, тері сияқты ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттауда зор табыстар табатын елге айналуымыз керек. Үшіншіден, біз шикізат дайындаушы елден табиғи таза әрі сапалы өнім өндіруші мемлекеттер санатына енуіміз қажет. Ол үшін білім, ғылым, өндіріс интергациясын жандандыра түсуіміз керек. Төртіншіден, елдегі әлеуметтік, этносаралық татулықты нығайтып, білім мен ғылымды, мәдениет пен өнерді дамыта отырып, өз елінің патриоты болатын маман дайындауымыз керек.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Елбасының агро кешенінің алдына қойған міндеттерін өте жақсы түсініп отыр. Ғалымдар аграрлық саланы жаңарту ісіне белсене ат салысуда. Қазір әлем халықтарын алаңдатып отырған өткір мәселенің бірі – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі. Сондықтан Елбасы табиғат ресурстарының азайюы жағдайында Қазақстан мемлекетінің шешетін міндеттерін жеке басымдылық ретінде үнемі атап көрсетіп келеді. Қазақстан өзінің қолда бар табиғат ресурстарын пайдалана отырып, тұрақты экономикалық даму мәселелерін шешу үстінде. Аталған бағыттағы инновациялық жобаларды іске асыру білікті ғалымдар мен білімді жас мамандарға жүктеліп отырғаны белгілі.
Біз биылғы жылдың үлкен жетістігі ретінде университетіміздің 85 жылдық мерейтойын абыроймен атап өттік. Алда әлі атқаратын шаруа көп. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз 2010 жылдан бері халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мақсатты түрде Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану бағытында жұмыс атқарып келеміз.Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Президент Жолдауында айтылған жоғары міндеттер деңгейінде қызмет етуге ұмтылып келеді. Қазақстан халқы Елбасы Жолдауында жүктелген мінтеттерді басшылыққа ала отырып, барлық қиындықтарды жеңетініне сенімдіміз.
[caption id="attachment_8487" align="alignnone" width="505"] Әсемхан Қайнарбеков[/caption]Әсемхан Қайнарбеков, Қазақ қатынас жолдары университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы:
Елбасы бағытты нұсқады, жол табу – бәріміздің міндетіміз
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын университет ұжымымен тікелей эфир арқылы тамашалап, жүктеген міндеттерін, тапсырмаларын мұқият тыңдадық. Елбасының бұрынғы Жолдаулары да алға нақты міндеттер қоюымен, нақты жоспарлар бекітумен маңызды болатын. Бұл жолғы Жолдаудың маңыздылығы мүлдем ерек. Қазіргі уақытта әлемді тығырыққа тіреген дағдарыс Қазақстанның экономикасына да салқынын тигізіп отыр.
«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты биылғы Жолдаудың аты айтып тұрғандай, негізінен мұнда дамудың әрі қарайғы бағыттары айқындалған. Бұл ретте, кадрлар даярлау мәселесіне, оның ішінде кәсіптік жұмысшы кадрларды дайындауға ерекше ден қойылғандығын айта кету қажет. 2017 жылдан бастап кәсіптік мамандарды тегін оқыту мәселесі көңілге қонымды. Себебі мектепті бітіргеннен кейін түлектердің 20-30 пайызы назардан тыс қалып қояды. Олар жоғары оқу орындарына бара алмайды немесе жұмыссыз қалады. Ал Елбасының ұсынған жаңа бастамасы бұл мәселені шешуге ықпал етері сөзсіз.
Елбасы өзінің әр Жолдауында жастарға сөз арнайды. Бұл жолы Мемлекет басшысы жастарды жұмысшы мамандығын игеруге шақырды. Өзінің де жас кезінде еңбек жолын металлург болып бастағанын айтты. Елбасы шағын және орта бизнесті экономиканы дамытатын негізгі тетіктің бірі санап келеді. Оны жастар қолға алмағанда кім алады? Ал қыздарымыз тігінші болмай, технолог болмай ауыл шаруашылығы өңдейтін кәсіпорын аша алмайды, ұлдарымыз механизатор, агроном, зоотехник мамандықтарын игермей ауылда егін егіп, мал өсіре алмаймыз.
Нұрсұлтан Әбішұлының кәсіпкерлерді, еліміздегі алпауыт байларды қаржысын жасырмай, мемлекеттің нығаюына қызмет етуге шақырғаны маған қатты әсер етті. Кезінде Қазақстанда адамдардың баюына кедергі болмағаны уақыт шындығы еді. Жинаған байлығын ешкім ешқайда алып кете алмайды. Тапқан табысыңды адамдармен бөліскен адамгершіліктің ең жоғары көрінісі емес пе? Адамдарға жасалған жақсылық – мемлекеттің дамуына, елдің көркеюіне еткен еңбек деп түсіну керек.
Сонымен, Елбасы жолды нұсқады, оны іске асыру әрбір азаматтың парызы болуға тиіс.