Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі: Жолдау жаңа табысқа жетелейді

Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі: Жолдау жаңа табысқа жетелейді

Тілектес ЕСПОЛОВ,  ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі:  Жолдау жаңа табысқа жетелейді
ашық дереккөзі

– Терең мағынаға ие әрбір жаңа Жолдау – егемен еліміздің жарқын бола­шағына бастар басты бағыт.

Елбасы атап өткендей биылғы Жолдаудың өзекті түйіні – Қазақ­с­тан­ды әлемдік қаржылық-эконо­ми­калық дағдарыстан алып шығудың жаңа жоспарын анықтау. Бұл – ХХІ ғасырдағы екінші дағдарыс. Біріншісі – 2007-2008 жылдары бол­ған. Ол дағдарыс АҚШ-тағы ипо­текалық жүйенің дағдарысынан бас­тау алып, әлем жұртшылығына сал­қынын тигізген еді. Ал бұл жолғы үлкен дағдарыс мұнай, газ өнім­деріне бағаның құлдырауынан бас­талды. Табысы шикізатқа тәуелді мем­лекеттер осы кезеңде ерекше қиын­дықтарға тап болды. Аз ғана уақыт ішінде мұнай бағасы 142 доллардан 46 долларға дейін құл­дырады. Осыған орай мұнай экс­пор­тынан түсетін пайда үш есеге азайды. Бюджеттік табыстың 27 пайызы мұнайдан түскен пайдадан құралатын Қазақстан үшін бұл өзгерістер экономикалық қиындықтар тудырды. Алайда Мемлекет басшысының дағдарысты еңсеруге байланысты стратегиялық жоспарлар құрып, іс-қимыл жасауы арқылы халқымыз бұл сыннан сүрінбей өтіп келеді.

Әлемді жайлаған қауіп-қатерлер мен­ қайшылықтардан ешбір мем­лекет тыс қалмайды. Осындай қы­сыл­таяң кезеңде Президенттің баста­масымен елімізде ауқымды бағ­дарламалар қабылданып, әр са­лаға жаңа технологиялар енгізіліп, қо­ғамды әлемуметтік жаңғырту ісін­де ілгері қадамдар жасалып келеді.

Енді санаулы уақыттан кейін 2016 жылға қадам басқалы тұрмыз. Осы жаңа жылдың қарсаңында ал­дағы жаһандық дағдарыстың елімізге ти­гізер қаупін сейілту мақсатында Елбасы баршамызға жаңа міндеттер жүктеп, жаңа тапсырмалар беріп отыр. Жаңа жолдауда Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлем­дегі ең дамыған 30 мемлекеттің қата­рына қосылып, бай да қуатты елдер­мен иық түйістіру мақсат екенін атап көрсетті. Президент «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жа­рия­лаған кезде, бұл межеге жету жолында қиындықтар кезде­се­тінін, соған дайын болып, тиісті ша­ралар қабылдау керектігін айқын­дап, мақсаттарымызға мыз­ғы­мас бірлік пен талмас ең­бектің, ізденістің арқасында же­тетінімізді айтқан болатын. Осыған дейін де дағдарыстан шы­ғудың кілтін тапқан Елба­сының көреген саясатының арқа­сында, халқымыз кездескен қиындықтарды еңсере білді.

Біріншіден, бәсекеге қабі­лет­ті тауарлар өндіретін эко­номика жасау. Ол үшін ин­дус­­триалды-инновациялық да­му бағдарламасын жүзеге асыру маңызды. Екіншіден, агро­өнер­кәсіп кешенін заманға сай дамытуды жолға қою. Қазіргі уақытта Қазақстан астық пен ұнды экспорттауда танымал болып отыр. Алдағы уақытта біз ет, сүт, жүн, тері сияқты ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттауда зор табыстар табатын елге айналуымыз керек. Үшіншіден, біз шикізат дайындаушы елден табиғи таза әрі сапалы өнім өндіруші мем­лекеттер санатына енуіміз қажет. Ол үшін білім, ғылым, өндіріс интер­гациясын жандандыра тү­суіміз керек. Төртіншіден, елдегі әлеуметтік, этносаралық татулықты нығайтып, білім мен ғылымды, мәдениет пен өнерді дамыта отырып, өз елінің патриоты болатын маман дайындауымыз керек.

Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетінің ұжымы Елба­сы­ның агро кешенінің алдына қойған міндеттерін өте жақсы тү­сініп отыр. Ғалымдар аграр­лық саланы жаңарту ісіне бел­сене ат салысуда. Қазір әлем халықтарын алаңдатып отыр­ған өткір мәселенің бірі – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі. Сондықтан Елбасы табиғат ресурстарының азайюы жағдайында Қазақстан мем­лекетінің шешетін міндеттерін жеке басымдылық ретінде үне­мі атап көрсетіп келеді. Қазақстан өзінің қолда бар таби­ғат ресурстарын пайдалана отырып, тұрақты экономикалық даму мәселелерін шешу үстінде. Аталған бағыттағы инно­вациялық жобаларды іске асыру білікті ғалымдар мен білімді жас мамандарға жүктеліп отырғаны белгілі.

Біз биылғы жылдың үл­кен жетістігі ретінде универси­те­тіміздің 85 жылдық мерейтойын абы­роймен атап өттік. Алда әлі атқаратын шаруа көп. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз 2010 жылдан бері халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мақсатты түрде Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану бағытында жұмыс атқарып келеміз.Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетінің ұжымы Президент Жолдауында айтыл­ған жоғары міндеттер дең­гейінде қызмет етуге ұмтылып келеді. Қазақстан халқы Елбасы Жолдауында жүктелген мінтеттерді басшылыққа ала отырып, барлық қиындықтарды жеңетініне сенімдіміз.

[caption id="attachment_8487" align="alignnone" width="505"]01012015-26 Әсемхан Қайнарбеков[/caption]

Әсемхан Қайнарбеков, Қазақ қатынас жолдары университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы:

Елбасы бағытты нұсқады, жол табу – бәріміздің міндетіміз

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын уни­вер­ситет ұжымымен тікелей эфир арқылы та­машалап, жүктеген міндеттерін, тапсырмаларын мұқият тыңдадық. Елбасының бұрынғы Жолдаулары да алға нақты міндеттер қоюымен, нақты жоспарлар бекітумен маңызды болатын. Бұл жолғы Жолдаудың маңыз­дылығы мүлдем ерек. Қазіргі уақытта әлемді тығырыққа тіреген дағдарыс Қазақстанның экономикасына да салқынын тигізіп отыр.

«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты биылғы Жолдаудың аты айтып тұрғандай, негізінен мұнда дамудың әрі қарайғы бағыттары айқындалған. Бұл ретте, кадрлар даярлау мәсе­лесіне, оның ішінде кәсіптік жұмыс­шы кадрларды дайындауға ерекше ден қойылғандығын айта кету қажет. 2017 жылдан бастап кәсіптік маман­дарды тегін оқыту мәселесі көңілге қонымды. Себебі мектепті бітіргеннен кейін түлектердің 20-30 пайызы назардан тыс қалып қояды. Олар жоғары оқу орындарына бара алмайды немесе жұмыссыз қалады. Ал Елбасының ұсынған жаңа бастамасы бұл мәселені шешуге ықпал етері сөзсіз.

Елбасы өзінің әр Жол­дауын­да жас­тарға сөз арнай­ды. Бұл жолы Мемлекет бас­шысы жастарды жұмысшы маман­дығын игеруге шақырды. Өзінің де жас кезінде еңбек жолын металлург болып бас­тағанын айтты. Елбасы шағын және орта бизнесті эконо­ми­каны дамытатын негізгі те­тіктің бірі санап келеді. Оны жастар қолға алмағанда кім алады? Ал қыздарымыз ті­гін­ші болмай, технолог болмай ауыл шаруашылығы өңдейтін кәсіп­орын аша алмайды, ұлдарымыз механизатор, агроном, зоотехник мамандықтарын игермей ауылда егін егіп, мал өсіре алмаймыз.

Нұрсұлтан Әбішұлының кәсіпкерлерді, еліміздегі алпауыт байларды қаржысын жасырмай, мемлекеттің нығаюына қызмет етуге шақырғаны маған қатты әсер етті. Кезінде Қазақстанда адамдардың баюына кедергі болмағаны уақыт шындығы еді. Жинаған байлығын ешкім ешқайда алып кете алмайды. Тапқан табысыңды адамдармен бөліскен адамгершіліктің ең жоғары көрінісі емес пе? Адамдарға жасалған жақсылық – мемлекеттің дамуына, елдің көркеюіне еткен еңбек деп түсіну керек.

Сонымен, Елбасы жолды нұсқады, оны іске асыру әрбір азаматтың парызы болуға тиіс.