Жаңалықтар

Жалпыұлттық диалогтың жаңа деңгейі

ашық дереккөзі

Жалпыұлттық диалогтың жаңа деңгейі

Апта басында Нұр-Сұлтан қаласында Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының соңғы отырысы өтті. Осы жиында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек коалиция жұмысын тоқтату туралы ұсыныс жасады. Ал коалиция шеңберінде басталған қоғамдық пікірталас ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында жалғаспақ.  «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – бұл ел дамуының маңызды саяси мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогтың жаңа деңгейі. Бұл Кеңестің мәртебесі мен маңыздылығы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалық етуімен расталады. Сонымен қатар, кеңес құрамына партиялар мен ҮЕҰ  өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар кірді. «Nur Otan» партиясы осы  Кеңестің жұмысына белсене қатысады. Бюро мен Саяси кеңестегі  талқылаудан кейін біздің партиядан бірқатар мәселелер енгізілді. Әрі қарай  біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп, енгізетін боламыз. Коалицияның барлық  мүшелерін Қазақстанның одан әрі дамуы үшін жалпыұлттық диалогты  дамытуға үлес қосуға шақырамыз», – деді Бауыржан Байбек. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде жалпыұлттық коалицияның 8 жыл ішінде табысты жұмыс атқарғанын атап өтті. Тәжірибелік қадамдардың бірі – өткен жылы сайлау туралы жаңа заңның қабылдануы. Барлық деңгейдегі алдағы мәслихат сайлаулары партиялық тізім бойынша өткізілетін болады. Нәтижесінде саяси партиялардың рөлі арта түспекші. Бұл демократия индексі бойынша барынша дамыған 30 елдің және Батыс Еуропаның басым елдерінің үздік тәжірибесі. «Бүгін осы жерде 5 партияның, соның ішінде, 3 парламенттік партияның өкілдері отыр. Сайлау туралы жаңа заң партиядан жауапкершілікті арттыру және сайлаушылармен практикалық жұмысты күшейтуді талап етеді. Осы шартпен барлық партияларға оған белсенді дайындалу қажет.  «Nur Otan» сәйкес дайындықты бастады. «Nur Otan» саяси кеңестің соңғы отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы қабылданды», – деді Бауыржан Байбек. Ал «Aq Jol» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы партияның барлық мүшелеріне саяси және азаматтық мәдениет мектебі болғандығын атап өтті. «Мемлекет қоғаммен диалогқа бағытталған өз жұмысында барынша ашықтықты ұстанады. Біз мұны құптаймыз және өзара әрекеттесудің каналы көп болған сайын, соғұрлым жақсы болады. «Nur Otan» партиясы өзіне жауапкершілік алып, үлкен жұмыс атқарды. Біз партияда үлкен «қайта жандандыру» жұмыстарының жақсы жүріп жатқанын байқап отырмыз. Және осы істе әріптестерімізге табыс тілейміз», – деді Азат Перуашев. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Абылай Мырзахметов қоғамда ашық пікірталасқа деген сұраныстың артқанын, қоғамдағы азаматтық институттардың жаңа форматта жұмыс жасайтын уақыты келгенін атап өтті. «Қазір күн тәртібінде осы мәселе тұр.  Жақсы жағы, қоғамның белсенділігі артты, қоғамда ашық пікірталасқа деген сұраныс күшті. Біз Ұлттық сенім кеңесінің құрылғанын толығымен қолдаймыз», – деді Абылай Мырзахметов. Коалиция жұмысының соңында сөз алған Республикалық әйелдер кеңесінің жетекшісі Нина Каюпова Ұлттық сенім кеңесі мемлекет пен халық арасындағы диалогтың жаңа форматы екендігіне тоқталды. Ол Коалиция жұмысының аяқталғанына қарамастан, «Nur Otan» партиясымен әріптестіктің жалғасатынын тілге тиек етті. «Біздің барлық жұмысымыз «Nur Otan» партиясының қолдауымен жүзеге асырылды және бүгін Елбасының саяси кеңесте сөйлеген сөзін түсіне отырып, біз партиямен бірге жұмыс істеуді жалғастырамыз, барлық мәселелерді, болашағымыз үшін, егеменді мемлекетіміздің гүлденуі үшін бірге шешеміз», – деді Нина Каюпова. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар тұлғасынан Коалиция мүшелерімен партияның бірлескен жұмысы әріптестік туралы екіжақты меморандум мен партиялық жобалар шеңберінде жалғасын табады деп атап өтті. Өзара әрекеттестік үшін үлкен әлеует «Мирас», «Nur Otan Talks» және «Nur Otan Trends» партиялық диалогтық алаңдар шеңберінде де бар.   7 серпін жан-жақты сөз болды  «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы 21 тамыз күні елордадағы Саяси кеңесте қаралған өзекті мәселелер мен оны облыс аймағында іске асырудың тиімді жолдарын талқылау мақсатында Саяси кеңес мәжілісін өткізді. Жиында «Nur Otan» партиясы Түр­­кістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңғырту бағдарламасына кеңінен тоқталып, облыста жүзеге асыру барысы бойынша жеті тапсырма жүктеп, басқа да жауапты жұмыстардың орындалуын қадағалайтынын айтты. Бірінші тапсырмасында Өмірзақ Шөкеев партияның белсенді мүшелерін айқындап алуды тапсырды. «Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер жүруі керек. Арыс қаласындағы жүйе се­кіл­ді әр ауданнан белсенді 10 адамнан жинап, партия атынан халықпен тығыз жұмыс істейтін оперативтік топ құруды тапсырамын. Бұл топқа зиялы қауым, елге сөзі өтетін азаматтар, азаматтық қоғам, жастардан өкіл енуі тиіс. Олардың ұсыныстарын тыңдап, партия аясында бірге жұмыс істеуіміз қажет. Праймериз (партия ішіндегі дауыс беру) әдісін қолдана оты­рып, олардың арасынан ең үз­дігін таңдап партия мүшесіне қабылдай­мыз», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ,  партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге, олардың әлеуметтік жағдайын түзеуге көмек көрсетуі тиіс деп есептейтінін жет­кізді. Мысалы, халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасын «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы оңынан насихаттауда. Сонымен қатар аудандарда қоғамдық қабылдау өт­кізіп, оны әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетуді тапсырды. Жиында сондай-ақ облыстық партия филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Бейсен Тәжібаев соңғы жылдары облыс көлемінде балалар арасындағы қылмыс, әлімжеттік, бала құқығының аяқасты болуы күрт артып кетуіне байланысты отбасы институтын қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы аясында облыс бойынша өмірлік қиын жағ-дайдағы көпбалалы отбасыларға мо­ни­торинг жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы­ның Түркістан облыстық филиалында депутаттық  фракция жетек­ші­сі мен партиялық бақылау комиссияның төрағасы ауысты.  Түркістан облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі болып Мұрат Төлтебаев, ал аймақтық партиялық бақылау комиссияның төрағасы қызметіне Қайнар Абасов тағайындалды.