Жаңалықтар

Ауыт Мұқибек: Даулы мәселелерді терең зерттеп, заңнамаларды кемелдендіру керек

ашық дереккөзі

Ауыт Мұқибек: Даулы мәселелерді терең зерттеп, заңнамаларды кемелдендіру керек

– Сіз қоғамда белсенді азаматсыз. Осы жолғы «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінде партия жұмысын қарқынды жүргізіп, нақты шешімдер қабылдау керектігі жайлы айтылды. Саяси кеңесте айтылған маңызды мәсе­лелер бойынша қандай ой түйдіңіз? –  «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінде айтылған маңызды мәселелер тек Бас партияның ғана емес, Үкіметтің шешуге тиісті шаруасы.  Қордалаған мәселені шешудің түйіні қолданыстағы заңнамаларға барып тіреледі. Біз мәселені алдымен содан бастауымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, осыдан төрт-бес жыл бұрын қазақ қоғамындағы ең шулы мәселелердің бірі – көші-қон еді. 2011 жылдан бастап мен сол мәселеге белсене араластым. Бар шаруаны қайырып тастап, білек түріп кірістім. Шешімін таппай тұрған тұстарын тектеп келгенде «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы шикі тұстарға барып тірелді.  Сөйтіп, аталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге тура келді. Алдымен заңның сол кемшін тұстарын БАҚ-та тынбай көтердім. Жазып қана қоймай, құзырлы органдарға хат жазып, жауап алдым. Сөйтіп, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрліктерінің, жалпы билік­тің назарын аудардым. соңында Парламент депутаттары арқылы Заңдар мен нормативтік құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар ен­гізіп, ең күрделі мәселелер шешілді. Кедергілер алынды. Шу да басылды. Қазір әлеуметтік қамту, жұмыссыздық, тұрғын үй, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы мәселелер күйіп тұр. қанша көтерілгенімен, нәтижесі мәз емес. Жұрт Ақорданың алдына, үлкен қалаларда әкімдіктердің маңына жиі жиналатын болды. Демек, аталған мәселелерге қатысты заңнамалар мен бағдарламаларда кілтипан бар деген сөз. Сіз қанша жерден білікті басшы тағайындап, күндіз-түні халықты аралап, сөз сөйлегеніңізбен, Заң түзелмесе, мәселе шешілмейді. Сол үшін, даулы мәселелерді терең зерттеп, жұмысты заңнамаларды кемелдендіруден бастаған жөн. Партия жұмысы сонда ғана қарқын алады. – Саяси кеңесте  азаматтардың ең­бек істегісі келмейтін, жалқаулар тобы пайда болғандығы айтылды. Расында мұндай адамдар біздің қоғамда көптеп кездесе ме? – Мен «Nur Otan» партиясында қызмет етемін. Сондықтан қоғамның әртүрлі саласындағы адамдармен араласып тұрамын. Кейде партияның қоғамдық қабылдауына зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер келеді. Олар істейтін жұмыс жоқ дейді. Ал мен оларға айтам біздің елге өзбектер мен қырғыздар келіп, бума-бума ақша алып кетеді. Жұмыс жоқ болса олар ақшаны қайдан тауып жатыр? Біз осы жағынан ойлануымыз керек. Мен осы жерде қандастарды мысал ретінде айта кетейін. Ауылға көшіп келген оралман ағайындардың жұмыстан қоладары босамайды. Жұмыстың көкесі ауылда. Біз ең әуелі еңбек деген не, нарық қоғамында қалай өмір сүруге болады деген сұрақтарға жауап іздеп үйренгеніміз абзал. Әркім өз қолынан келетін жұмысты қарым-қабілетіне сай істеп үйрену қажет. Адамдар үкімет жұмыс орынын ашып беруі керек дейді. Ал мен үкімет жұмыс орынын ашып беру керек деген ұғымды түсінбеймін. Үкімет адамдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап, жұмыс орынын жеке тұлғалардың өздеріне аштыру керек. Ол үшін біз шағын кәсіпкерлердің кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз қажет. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шағын несиелер бар. Бірақ оларға қол жеткізу қиын. Сондықтан біз олардың несиелерді алуына мүмкіндік жасауымыз қажет. Елбасы екі сиыр алып кәсіп бастаңдар деп отыр. Оны кейбіреулер толық түсінбей жатқан болуы мүмкін. Негізінен біздің қазақтың ата кәсібі мал мен жер. Біз көшпенді халықтың ұрпағымыз. Дәл қазіргі таңда жалқаулық пен масылдық дертке белшемізден батқанымыз сондай ата кәсібімізден жерініп отырмыз. Бұл жақсылықтың нышаны емес.  Біздің шеттен келген ағайындарымыз үйір-үйір мал бағып, ауылда күнін көріп отыр. –  «Nur Otan» партиясының құрамынан оралмандарды кездестіре аламыз ба? – Қазақстан Республикасының азаматтығын алған соң ағайындардың «оралман» деген статусы жойылады. Одан кейін олар партияға кіре ме, жоқ па өздері білер. Бірақ, мысалы мен Ауыт Мұқибек жүрегімнің қалауымен, Елбасының саясатының қолдауының арқасында «Nur Otan» партиясына сенім артып кіргем. Ол сенімім толығымен ақталды.  «Nur Otan» партиясы ұлтына, мемлекетіне қызмет етем деген азамат үшін табылмайтын мүмкіндік алаңы. Бұл партияға өтініш айтып келген қандастардың шешілмеген мәселесі жоқ деп айтуға болады. Мен қандастарымды осы партия құрамына кіруге үнемі шақырып келе жатырмын. Шеттен келген қазақтар бір адамға қарыздар  болса ол – Елбасы. Көші-қон Елбасының саясаты. Бұл партияға мүше болу үлкен даңқ және жауапкершілік. – Соңғы жылдары Қазақстан ішкі көші-қонға байланысты жұмыстар жүргізіп жатыр. Оңтүстік жұртын солтүстікке көшіруден ұтарымыз бар ма? – Әрине, ұтарымыз көп. Қазіргі таңда көшіп келушілер мен қоныс аударушылар үшін Үкімет айқындаған өңірлерде жер кең, еңбеккүш тапшы. Одан да маңыздысы, мемлекеттің қауып­сіздігі үшін стратегиялық маңызы тіптен зор. Өкінішке қарай, жұмыс өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Сондықтан, бұл саясатқа тың реформа керек деп ойлаймын. Көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды көшіруді жеке компанияларға тендер арқылы беру керек. Жеке компаниялар жер­гі­лікті әкімдермен, ол үшін құзырлы мекемелермен бірге «Отандастар қорымен», ҚР «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасымен ұштастырылған жаңа бағдарлама қажет. Жеке меншік компаниялар келісім-шарт негізінде елу-алпыс отбасын көшіруге міндеттеме алып, аталған аймақтардағы ауыл­дарды жаңғыртуға, тіпті жаңа ауылдар құруға мүмкіндік алады. Жұмыспен қамтуды да соларға жүктесек, отандық өнім шығару жұмысы өркендейді. Бұл туралы Ұлттық ғоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде үкіметке ұсыныс енгізуді жоспарлап отырмын. – Қазіргі уақытқа дейін Қазақстанға бір миллиондай қандасымыз көшіп келіпті. Жалпы осы қандастардың көшінде қандай шешілмеген мәселе бар? Олардың қандай құқықтық мүмкіндіктері қарастырылған? Көші-қон ісіне көңіліңіз тола ма? – Жалпы алғанда, құжаттану мәселесі шешілді деуге болады. Бірақ, Заңнамаларды жаңа талапқа сай, тағы да жетілдіре түсу керек. «Халықтың көші-қоны туралы» заң қазір Мәжіліске келіп түсті. Мен «Отандастар қорымен» бірлесіп,  таяуда ұсыныс енгізгелі отырмын. Көш енді тоқтамайды. Тоқтауды қойып, тіпті қарқын ала түседі. Сол үшін, бірінші кезекте, тағы қайталап айтам, заң кемелді болу керек. Ал, құқықтары мен мүмкіндіктеріне келсек, қазір қолданыста тұрған «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының 26-бабында «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» бекі­тілген. Аталған баптың 2) -тармағында Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің «жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға; құқығы бар» деп, анық жазылған. Демек, Бұл – «Оралман» мәртебесін алған ағайын әлеуметтік жеңілдіктерден Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде игіліктене алады деген сөз. Қандастарымыз ол жеңілдіктерді пай­даланып жатыр. Ең басты бір мүм­кіндік – жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығының берілуі. Сосын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар. Бір сөзбен айтқанда, егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға құқықты. Одан артық, не керек?!

Сұқбаттасқан

Бейбіт Тоқтарбай