Масыл еркек қайдан шықты?
Масыл еркек қайдан шықты?
Бүгінде еркек пен әйелдің отбасы алдындағы міндеті ауысып кеткен бе дерсің? Әйел – түздің, еркек – үйдің шаруасымен айналысып кетті. Үйдің шаруасы деген бергі жағы ғой, күндіз-түні диванда жататын отағаларының пайда болғаны қашан. Тіпті, олар өз міндетіне ненің жататынын да естен шығарып алған сияқты.
Иә, отбасының ұйытқысы – ана еріккеннен жұмыс істеп жүрген жоқ. Сонау тәуелсіздік алған жылдары ала дорба асынып, күндіз-түні пойыз вагонын шарлаған ананың бар ойы шиеттей бала-шағаны асырау еді. Бұл кезде талай еркек аумалы заманның қиындығына морт сынып, алды ішімдікке салынып та кетті. Сол жылдары қазақ отбасы қырық шырақты әйелдің, мейірімді ананың арқасында аман қалды десек артық айтқандық емес.
Уақыт өте келе бұл жаппай үрдіске айналғандай. Қазір баланы туатын да – әйел, оны бағатын да – әйел, жұмыс істеп, асырайтын да – әйел. Сонда еркектер неге масыл, неге бейқам? Көктемнен бері еліміз көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек беруді қолға алды. Әрине, 21 мың теңге соншалықты көп ақша болмаса да, шаңырақтың бір жыртығын жамауға жетеді. Бір өкініштісі, осы жәрдемақыны аламыз деп ажырасуға дейін барған отбасы көп. Шымкент қаласындағы бір соттың өзіне аптасына 10-15 арыз түскенін естігенде «бұ қалай?» дедік сұраулы жүзбен. Осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған немесе итермелеген отағасын кім дер едіңіз? Қазағы көп, қаймағы бұзылмаған өңірде ажырастыруды талап етіп соттың алдын бермей жүрген көпбалалы аналар мен мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатқан әкелердің көбеюін қандай әрекетке жатқызасыз!? Ол ол ма, мемлекеттен төмен пайызбен баспана алу үшін де құжат жүзінде ажырасқандарды да көз көрген. Ал әлеуметтік тұрмысы жақсы болса да, әлгі 21 мың теңгені алу үшін айлық жалақысын төменгі көрсеткішпен жазып, жеделғабыл құжат әзірлеп жүгіргендер де арамызда.
Бұл нені аңғартады? Әйел «отағасы қашан қимылдар екен?» деп күтіп жатпайды ешқашан. Баласының ішерге асы, киерге киімі жоқ болса, ана үшін одан асқан қорлық жоқ. Бұрын «ерді намыс өлтіреді» деген мақалды жиі айтушы едік қой. Қазіргінің кейбір ер азаматтарында намыс мүлдем өліп қалғандай ма, қалай?
Мәселен, Павлодарда ер азамат баласына қайырымдылық көмегін алуға қымбат Lexus маркалы көлігімен келіп, еріктілерді таңқалдырыпты. Қоғам белсенділерінің айтуынша, қазіргі уақытта өтіп жатқан «Қайырымдылық портфелі» акциясына қатысқан 300 отбасы балаларын мектепке дайындау үшін еріктілердің көмегіне жүгінген. Волонтерлар көпшілігін жақсы таниды. Олар негізінен әлеуметтік педагогтар ұсынған тізімдегі аз қамтылғандарға көмек көрсетуді ұйғарады. Бір айта кетерлігі, Lexus көлігін мінген ер адам өзін аз қамтылған оқушының әкесімін деп таныстырып, керек құрал-жабдықты алып кеткен. Ал құжат бойынша, бұл отбасының табысы айына 56 мың теңге деп көрсетілсе де, қор өкілдерінің анықтауынша, әкесінің қымбат көлігі бар және олар зәулім үйде өмір сүреді. Алайда, «Қайырымдылық канцелярлық жиынтықты соңғы үлгідегі иномаркаға салуға арсыздығы жетті ғой», – деп ашынды еріктілер. Шынтуайтында, әлгі әке басқа көмекке мұқтаж баланың несібесін тартып алған жоқ па?!
Кейде қанағатсыздықтың да шектен шығатын жері бар. Дәулеті тасыған Араб елдерінде де ас та төк шалқып жүретіндер көп. Қыздарының қалыңмалы бірнеше мың долларға жетіп, тойын жеті күн тойлайтын бұл елден де береке қашты қазір. Мойнына бірнеше келі алтын тағынып жүретін әйеліне зәулім сарай, жеке көлік пен қызметшілер бөлінеді. Ал сол араб елдері бүгін қандай күйде? Ливан мен Сирияда болған соғыс өрті Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Катар, Мысыр мен Бахрейнге де зардабын тигізгені мәлім. Тіпті, Сауд Арабиясында жемқорлық белең алған соңғы екі жылдың ішінде министрлер ғана емес, Сауд монарх әулетінің ақсүйек тұқымдары тұтқынға алынған еді. Ал олардың «түрмесі» алтынмен апталған зәулім сарай екенін интернеттен көргенде таң қалғанбыз. Мұны неге айтып отырмыз? Бар жағдай жасалған, әлеуметтік тұрмысы жоғары елдің тұрғындары бір уақыт «қанағат», «шүкір» деген сөзді аузына алды ма екен?! Мемлекеттің табиғи байлығы өмірдің қай белесіне дейін жетеді? Адам баласы масылдыққа бой алдырса, бұл дерттен құтылуы екіталай екенін біле ме?
P.S.
90 жылдардың басында елімізді нарық қыспаққа алып, экономикамыз шатқаяқтап қалған еді. Нарық заманы ешкімді аяған жоқ. Өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық, әсіресе, ер азаматтармыздың арасында кең тарады. Әйелдер ала дорба арқалап, ауыл мен қаланың арасын кезіп кетті. Қазір сол әйелдердің ішінде шағын және орта бизнестен ойып орын алғандар жетерлік. Әлбетте, ол кезде қоғам жұмыссыз қалған еркектерімізді кінәлаған жоқ. Өтпелі кезеңде үкімет үшін бірінші кезекте жұмыссыздықпен күресу міндеті тұрды. Ал қазір ерінбеген адамға жұмыс табылады. Бірақ неге екені белгісіз, жалқау, масыл еркектер қатары көбейіп барады. Кім кінәлі?
Динара Мыңжасарқызы
«Тúrkistan»