НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?!

29 тамыз, 2019 / Дана Ізтілеуова
ашық дереккөзі
НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?!

Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия назарына! «Ұлы Абайдың ізімен» экспедициясынан кейін туған ой Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту туралы Жарлыққа қол қойғаннан соң, қоғамда Абайды тануға, танытуға деген құлшыныс артты. Сондай бір ұмтылысты іс –  «Ұлы Абайдың  ізімен» ғылыми-танымдық,  рухани сапар экспедициясы.

Экспедицияны ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­ма­сы мен «Руханият» орталығы.  Тамыз айының 16-19 аралығында жүзеге ас­қан экспедицияға «Руханият» орта­лы­ғының басшысы, жас алаштанушы Ер­жан Еңсебай жетекшілік етті. Ғы­лыми-танымдық рухани сапар құ­ра­мында белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсәмет, филология ғы­лым­дарының кандидаты, «Алаш» инс­т­и­тутының директоры Сұлтан Хан Жү­сіп, филология ғылымдарының док­торы,  Л.Гумилев  атындағы ЕҰУ-нің профессоры Са­ғым­бай Жұмағұл, филология ғылымдарының кан­дидаты,  профессор Қарагөз Тілеш, абай­танушы, ақын Алмахан Мұха­мет­қалиқызы, белгілі Алаш суретшісі Алмас Сырғабай, жас ғалым Заңғар Кәрімхан және басқа да азаматтар болды. Экспедиция Нұр-Сұлтан қаласы­нан бастау алып,  Қарқаралы-Абы­ра­лы-Қайнар-Қарауыл-Жидебай-Ақ­шо­қы-Бөрілі-Күшікбай кезеңі – Семей ба­­ғытында жүріп өтті. Экспедиция барысында әрбір елді мекенде кездесу ұйымдастырып, жергілікті халықпен кездесіп, пікірлесіп отырдық. Ауыл­дағы халықтың ой-пікірін, мұң-зарын естіп, нешеме күн ауыр ойды ар­қалап жүрген едік. Міне, осы мақа­ла­мызда сол халықтың, көптің ықылас-тілегін қосуды жөн санадық. Қарқаралы мен Абыралыны, Қай­нар­ды жалғап жатқан күре жолдың күрделі жөн­деу көрмегені қай заман екен?! Қос өкпеңді қолыңа ұстап, «шыда, жаным, шыда!» деп отыратын азапты жол адамды әбден тығырыққа тіреп, зәресін ұшырады. Ең бірінші мәселе осы – жол, қатынас тауқы­меті. Көлік логистика жүйесі дамымайынша, туристік саламыз алға жыл­жымайды. Абайдың рухына тағзым етуші оның жүрген жерлерімен жүріп өтуі үшін де сапалы сервисті қажет етеді. Көршілес өзбек ағайындар Әлі­шер Науаидың туған жерімен-ақ турист біткенді Самарқан мен Бұқара, Хиуа, Науаиға тамсантып отыр. Жолы да, көлік-транспорт қатынасы да, тіпті қонақ үй, дүкен, асхана мен дәрет­хана сервисі де келушіге қолайлы жа­сал­ған. Олжалы жерде үлесімізден қағылып, шетқақпай көріп жүрсек, сол жол, сервис мәселесін шеше алмай жүрген енжар­лы­ғымыздан.

Екінші зор мәселе – Абай хәкім туған топырақтың бүгінгі әлеу­мет­тік хал-ахуалы. Қасиетті Қайнар, Қарауыл, Абыралы ауылдарында түтін саны азай­ған, тұрғын­дар жұмыс­сыз­дықтың салдарынан қалаға үдере көшуге үйренген. Абы­ралы кезінде аты шыққан белгілі аудан болса, Қайнар сол ауданның орталығы ретінде көрік­ті бір мамыражай ауыл болатын. Бүгінде сол Қайнардың да, Абыра­лы­ның да сиқы қашып, ажары тайып, базары тарқапты. Оның үстіне бұл ауыл Семей қаласына қарасты ауыл. Ел-жұрт құжат жасау үшін 300 шақырымдық жол тауқыметін тартып, Семейге барады екен. Тұрғындар тұрмыстық әбігерге түс­кен сайын қажып жүргені бет-әл­пет­терінен анық бай­қа­лады. Абай хәкімнің мерейтойы аясында Шәкәрім қажының нағашы жұрты болған Абыралы өңіріне оң көзбен қарап, қай­тадан аудан ретінде ашуға шешім шықса, ауылдағы аз ғана елдің жүзіне қуаныш ұялап, келешекке деген үміттері артар ма еді., Үшінші мәселе – данышпан тұлға мәңгілік тыныс тапқан Жидебайдағы «Құнанбай құдығына» белгітас орнатып, құдықты тазалап, қалпына келтіру. Жидебайдың басындағы қонақ үй, асхана кешені қызметінің дамуын да ойластыру керек секілді. Бұл топыраққа алыс-жа­қын­нан тәу етіп келушілер көп болған сайын, тұрмыстық қызмет көрсетуге деген сұраныс та көбейеді. Төртінші мәселе – Ақшоқыдағы Құ­нанбай қажы және оның ұрпақ­та­рының мәңгілік тыныс тапқан қорымын қоршап, белгітас орнату және осы маңға музей кешенін (комплекс) салу. Бұл музейде Құнанбай Өскенбайұлының саяси, қайраткерлік тұлғасына, өскен ортасы мен ата тегіне, ұрпақтарына, аға сұл­тан­дық қоғамдық-саяси қызметіне орай жа­сақ­талған экспозиция болуы керек. Және де бұл музей республикалық Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының филиалы ретінде жұмыс істеуі тиіс. Абайды тану үшін әуелі Құнанбай қажыны толық танып, білуіміз шарт. Бесінші мәселе – Абайдың шы­ғар­ма­ларын шет тілдеріне аудару мәселесі. Семейде өткен көпшілікпен кездесу барысында белгілі жазушы Медеу Сәрсеке, жазушы, аудармашы Мұрат Сұлтан­бек­ов­тер ақын шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларындағы кемшіліктер мен олқылықтарды сынап, атап көрсетті. Рас, кемеңгер баба шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларын кө­ріп, біз де жағамызды ұстағанбыз. Бүгінгі таңда, Құдайға шүкір, ана тілімен қатар әлемнің тілдерін еркін меңгерген өз бауырларымыз бар, со­лардың аударуына мүмкіндік жасау керек сияқты. Сонымен қатар, Абай хәкімнің өмірі туралы көркем фильм түсіруге, абайтанушы-ғалым­дар­дың кі­тап­тарын шығаруға қолдау көрсетуін сұраймыз. Совет үкіметі жетпіс жылдан астам уақыт Құнанбай, Абай әулетімен күресті. Ұлылар туған құт мекенді  атом бом­ба­сының полигонына айналдырды. Жерінің құнарлы топырағын жойқын қарумен күлге, елін міскін, мүгедекке айналдырды. Абайдың кіндігінен тараған асыл тұқым, саналы ұрпақ бай-құлақ деген желеумен итжеккенге айдалды, сотталды, ең ақырында атылып, тұс-тұсқа шашырап кетті. Абай – ұлтымыздың рухани уызы еді, соны сезген советтік билік ұстаз Абайдың айналасындағы есімдерді өшір­ді, мұраларын өртеді. Бүгінгі Тәуел­сіз­дік таңы атқанда, сол Абай жаққан шырақты ешқашан сөндірмеу үшін көп болып жұмыла қызмет етуге  және елордасынан Абай ғылыми-әдеби орталығын ашып, ғылыми кадрлық мамандар тобын жасақтап, сондай-ақ оны іргелі зерттеу институтына айналдыруға міндеттіміз. Бұл – күнтәртібіндегі ең өзекті мәселе.

Хош. Сонымен, бұл көз көрген ке­лең­сіз­д­іктер туралы ой еді. Заманында Алаш­тың астанасы болған Семей шаһары да жүдеп, күңгірттеніп тұрғаны өтірік емес! Семей облыс статусынан айырылған соң, Өскеменге телміріп қалды. Хәкім туған жердің беделін көтеріп, аймақтың эконо­микалық және әлеуметтік, рухани-мәдени өмірін жандандыру  үшін Абай есімін облыс атына беріп, Семейге облыс ор­та­лығы мәртебесі қайтарылса игі еді. Егер, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Ке­мел­­ұлы бас ақынның мерейтойы шең­берінде Семейдің әлеуетін көтеру үшін осындай игілікті шешімге жол ашар болса, ел жадында ұзақ уақыт сақталатын ұлы өзгеріс болары сөзсіз. Және бұл саяси қадам – өңірдің демографиялық өсіміне, ұрпақтардың емін-еркін өсуіне мүмкіндік береді. Ер дананың тойына әзірлік үстінде туған ойлардың бір парасы – осы. Сөз соңында айтарымыз: жалпы Абайды тану мұрат па?! Егер, Абай хә­кімді тану мұрат болса, онда оны «нау­қандық тұлға», «даталық тұлға» ретінде емес, керісінше, Ұлы Дала елінің болмысы мен бітімі ретінде бағалауға, тануға міндетті болайық! Абайды тек мерейтойы жа­қын­даған сәттерде ғана емес, күнделікті құрметтеуге үйренейік! Сосын Абайды тану мұрат қана емес, оны түсіне білуге, сөзін ұғынуға жүрекпен қызмет етейік!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы-зерттеуші,

«Ұлы Абайдың ізімен...» экспедициясының мүшесі

 

Тэгтер:

Жаңалықтар