Жаңалықтар

ШҚО-да қымыздың әр литріне 60 теңгеден субсидия төленеді

ашық дереккөзі

ШҚО-да қымыздың әр литріне 60 теңгеден субсидия төленеді

Шығыс Қазақстан облысында жылқы мен түйе сатып алған шаруа қожалығына малдың әр басына 100 мың теңгеден, қымыздың әр литріне 60 теңгеден субсидия төленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап. Тамыз айында іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы ендігі уақытта мал басын асылдандыру үшін төрт түлікті шетелден емес, өзімізден алуға жағдай жасамақ. Яғни, бұған дейін Ресей, Чехия, АҚШ, Франция, Австралия мен Иран елдерінен асыл тұқымды мал тасып жүрген шаруалар ендігі кезекте өңірде өсірілген асылдандырылған мал тұқымдарын сатып ала алатын болды. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Шығыс Қазақстан облысының 2018-2022 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Осы тұжырымда негізінде ауыл шаруашылығы жануарларын асылдандыру-селекциялық жұмыстарына субсидия ретінде берілетін мемлекеттік қолдау «Сыбаға», «Игілік», «Кәсіпкер», «Іскер», «Ырыс» және жоғарыда айтып кеткен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы қарастырылған. «Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар облыс әкімінің қаулысы аясында әр бағыт бойынша бөлініп, бекітіледі. Мысалы, жылқы мен түйе сатып алғанға әр басына 100 мың теңгеден, қымыздың әр литріне 60 теңгеден, ірі қараға селекциялық жұмыстар жүргізу үшін аналық сиырдың әр басына 10 мың теңгеден, асыл тұқымды сиырларға 20 мың теңгеден, ал тауарлы саулық қойларға 1,5 мың, асыл тұқымды қойларға 2,5 мың теңгеден субсидиялар қарастырылған», – дейді ШҚО  Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазян.   Жауапты тұлғаның айтуынша, өткен жылы облыста 169,3 мың бас сиырға тұқымдық түрлендіру жасалып, өңір республикада бірінші орынға шықты.  Биыл бұл көрсеткіш 186,2 мың басқа жетпек.