Қазақстанда әуе қорғаныс күштерінің «Жауынгерлік достастық - 2019» оқу-жаттығуы басталды
Қазақстанда әуе қорғаныс күштерінің «Жауынгерлік достастық - 2019» оқу-жаттығуы басталды
Қазақстанда әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен әскери-әуе күштері бөлімдері мен бөлімшелерінің «Жауынгерлік достастық - 2019» оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш шараға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жауынгерлік есептері, сондай-ақ әскери авиация қатысады. Қазақстан Қарулы күштерінің атынан Әуе қорғанысы күштерінің барлық әскери бөлімдері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен техника, Әскери-әуе күштері жұмылдырылды. Техникалық бөлім С-200В, С-300ПС, С-75, С-125, «Текше», «Шеңбер» зениттік-зымыран кешендерін, Су-30СМ жаңа жойғыштар, сонымен қатар МиГ-31 және Су-27, Су-25, Л-39 ұшақтарын, Ми-35, Ми-171, Ми-17 тікұшақтарын, қазақстандық өндірістен шыққан ЕС-145 тікұшағы мен WinlongWL ұшқышсыз аппаратын ұсынды.
Тәжірибелік іс-қимылдар Қазақстанда «Сарышаған» және Ресейде «Ашулық» әскери полигондарында өтеді. Қазақстандық бөлімшелерден басқа «Сарышаған» полигонында «Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығуына Қырғызстан Қарулы күштерінің С-75, С-125 зениттік зымыран кешендерінің жауынгерлік есептері де қатысады. Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жауынгерлік есептеулері зениттік зымыран кешендерінің түрлі үлгілерінен тәжірибелік атыстарды орындайды. Авиация басқарылатын және басқарылмайтын авиациялық зымырандар мен бомбаларды, авиациялық зақымдау құралдарын жауынгерлік мақсатта қолдана отырып, күндізгі және түнгі уақытта ұшу қимылдарын жүргізеді.
Бұған дейін Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді. Әскери бөлімдер марш, оқу - жаттығу өткізу ауданына көшіруді орындаса, авиация – жедел аэродромдарға ұшуды жүргізді. Қазіргі уақытта әуе шабуылына қарсы қорғаныс пен авиация әскерлері топтарының бірлескен жауынгерлік іс-қимылдарын жүргізу тәсілдері пысықталуда.