Жаңалықтар

Қарағандыда 1 мыңнан астам бала жекеменшік мектептерде мемтапсырыс бойынша білім алады

ашық дереккөзі

Қарағандыда 1 мыңнан астам бала жекеменшік мектептерде мемтапсырыс бойынша білім алады

Биылғы оқу жылында Қарағандыда алғаш рет 6 жеке меншік мектепте мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын болды. Билік өкілдерінің пікірінше, бұл қадам басқа мектептерді жеңілдетуге көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының ресми сайтына сілтеме жасап. Қалалық бюджеттен бұл мақсатқа 322 млн теңге бөлінді. Аталмыш сома жеке мектептерде 1080баланың білім алуына жұмсалады.  - Жеке меншік мектептерде оқуға мемлекеттік тапсырыс көлемі Қарағанды қаласы әкімдігінің қаулысымен анықталған. Кіші сынып оқушылары үшін ол айына 15 510 теңгені, орта буын үшін –  айына 20 555 теңгені және жоғары сынып оқушылары үшін айына 23 359 теңгені құрайды, - деді Қарағанды білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова. Бұдан басқа, қалалық билік қазіргі таңда бизнесмендер үшін жеке меншік мектептерді ашу тиімді болатындай жағдай жасауға тырысуда. Пришахтинскіде бүгінде 240 орындық жеке бастауыш мектептің құрылысы жүріп жатыр, Майқұдық, Гүлдер және Күнгей ықшамаудандарында салынатын тағы үш мектептің жобасы қарастырылу барысында.  Қарағандыда барлығы 133 мемлекеттік білім беру ұйымдары бар. Олардың ішінде 80 мектеп, 42 балабақша, 10 мектептен тыс ұйым және бір түзету кабинеті бар. Биыл Б. Момышұлы көшесінде 1300 орындық жаңа мектеп ашылады. Білім бөлімінің ақпараты бойынша, қазір 13 қалалық мектеп шамасынан тыс жүктелген, №34 мектепте балалар үш ауысымда оқиды.