Олимпиадаға қатысқан палуан 7 жылдан кейін жүлде алды

Олимпиадаға қатысқан палуан 7 жылдан кейін жүлде алды

Олимпиадаға қатысқан палуан 7 жылдан кейін жүлде алды
ашық дереккөзі
Алдағы қыркүйек айында қазақстандық палуан Дәулет Шабанбайға Лондон Олимпиадасының медалі табысталады. Бұл туралы Павлодардың Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Туризмді және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті,. Дәулет Шабанбайға Олимпиаданың қола медалін Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен 14-22 қыркүйек аралығында өтетін Әлем чемпионаты аясында табыстау көзделіп отыр. «Алдыңғы жүлдегер атанған спортшылар медальдарын кері қайтарды. Олимпиада комитетінің хабарлауынша, елордамызда күрес түрлерінен өтетін Әлем чемпионатында палуанымызға қола медальді табыстау жоспарланып отыр», - деді Нұрлан Есембаев. Айта кетейік, Павлодар облысының спортшысы Дәулет Шабанбай 2012 жылы Лондон Олимпиадасына еркін күрестен қатысқан болатын. 120 келі салмақ дәрежесінде күрескен палуанымыз қола медаль үшін белдесуде ресейлік Біләл Маховқа есе жіберген. Арада 7 жыл өткеннен кейін осы салмақта Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған грузиялық Давид Модзманашвилидің допингтік сынамасынан тыйым салынған заттар табылды. Спортшының нәтижесі жойылып, одан жеңілген ресейлік Біләл Махов күміс жүлдегер атанды. Ал, Біләлға есе жіберген Дәулет Шабанбай қола жүлдеге ие болды. Д.Шабанбай Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері және бір мәрте күміс жүлдегері. Сондай-ақ 2014 жылғы Азия ойындарында күміс медаль олжалаған болатын.