Абай ескерткіші Мысыр астанасында орнатылмақ

Абай ескерткіші Мысыр астанасында орнатылмақ

Абай ескерткіші Мысыр астанасында орнатылмақ
ашық дереккөзі

Мысыр астанасында келер жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші орнатылады. Бұл туралы Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын мен Каир қаласының губернаторы Галял Мұстафа Мұхаммед Саидтің кездесуінде мәлім болды.

Берік Арын мен Галял Мұстафа Мұхаммед Саид кездесу барысында  сауда-экономикалық қатынастарды, мәдени және туристік байланыстарды кеңейту, 1999 жылы қол қойылған Достық пен ынтымақтастық туралы келісім аясында екі ел астанасы арасындағы бауырлас қатынастарды нығайту жолдарын сөз қылды. Осы кездесуде екі тарап Каир қаласының «Еркіндік және достық» саябағында Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнату туралы уағдаласты.

Сондай-ақ, Қазақстанның Мысырдағы Елшісі еліміздегі ішкі саяси және экономикалық оқиғалар, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан реформалар мен «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесіне дайындық туралы айтты. Кездесу барысында Берік Арын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауының ережелерімен де таныстыруды ұмытпады. Сөз соңында Каир қаласының губернаторы Галял Мұстафа Мұхаммед Саид Қазақстанның және ел астанасының табыстары мен даму жолына жоғары баға берді.