Бақша балалары робот жасауды үйренбек

Курчатов қаласындағы «Журавушка» балабақшасында роботты техника үйірмесі ашылды.

Онда бүлдіршіндер жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгереді. Бұл кабинетті жабдықтауға төрт миллион теңге жұмсалды. Оған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.

Осылайша, курчатовтық балақайлар биылғы оқу жылында конструктор жинауды меңгеріп, түрлі-түсті гаммамен танысып, сызбамен жұмыс істеуді үйренеді.

«Кабинетте бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған», – дейді балабақша директорының міндетін атқарушы Ольга Ильина.

Бүгінде аталмыш үйірмені жүргізетін барлық қызметкер арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білімдерін шыңдап қайтыпты. Мұндағы басты мақсат – бүлдіршіндерге саналы тәрбие беріп, сапалы білім нәрімен сусындату.

«Мұндай үйірме әзірше, облыс бойынша біздің қалада ғана ашылды», – дейді Ольга Ильина.

Back to top button