Жаңалықтар

Павлодар облысының қалалары мен аудандарында шағын индустриалды аймақтар құрылады

ашық дереккөзі

Павлодар облысының қалалары мен аудандарында шағын индустриалды аймақтар құрылады

«Инвесторлар үйінде» өткен кеңейтілген отырыста аймақ басшысы Болат Бақауов жергілікті жерлерде шағын индустриялық аймақтар құру бойынша әкімдердің әлсіз жұмысын атап өтіп, мәселені жыл соңына дейін шешуді тапсырды. Бұл туралы ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап. Өткен жұмада индустриалды даму, шағын және орта бизнес мәселелері бойынша алқа мәжілісі өтті. Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров атап өткендей, биыл Павлодар облысында үш ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның №5 энергоблоғын іске қосу, «Богатырь Инвест» ЖШС-да темір-бетон бұйымдарын дайындауды қолға алу және  «Павлодар өзен порты» АҚ-да құм блогы өндірісін енгізу. Сонымен қатар, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жаңа кәсіпорындар салу жұмыстары жүргізілуде. Инвесторларды қолдау мақсатында АЭА аумағында инфрақұрылым тартылуда. «Биылғы жылы арнайы экономикалық аймақта инженерлік коммуникациялардың құрылысына 2,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл, инфрақұрылымға қатысты барлық мәселелерді жабуға мүмкіндік береді. Жалпы, соңғы уақытта АЭА-да жұмыс жолға қойылды. Инвесторлармен белсенді жұмыс істеу қажет», - деді Павлодар облысының әкімі. Сондай-ақ, Болат Бақауов әкімдерге әр қала мен ауданда инвесторларды тарту үшін шағын индустриялық аймақтар құру туралы тапсырма берді. Аймақ басшысы билік жұмысының басты міндеті кәсіпкерлікті дамыту және шағын және орта бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау болып табылатынын еске салды.