Заң орындалуы жіті қадағаланады

Заң орындалуы жіті қадағаланады

Заң орындалуы  жіті қадағаланады
ашық дереккөзі
  «Нұр Отан» партиясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының нәтижелері талқыланды 2015 жылдың қорытындысы ретінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа «Нұр Отан» партиясының Төрағасы ретінде партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының іске асырылуы жөніндегі Баяндамасы тұңғыш рет ұсынылмақ. Мәні мен маңызы терең осы құжаттың дайындалу барысы партияның Орталық аппаратында өткен арнайы отырыста қаралды. Жиынға Қазақстан Республикасының Бас прокуроры А.Дауылбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанов  және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің 12 депутаты – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, сарапшылар қатысты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов «сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қолға алынуы партия қызметіне де қосымша серпін берді. Саяси құжат ретінде аталған баяндаманың өзегіне Сыбайлас жемқорлықты түйсінудің Ұлттық индексі бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері енгізіліп, осы саладағы нақты үдерістер көрініс таппақ. Бұл әдістеме шетелдік жетекші сарапшы-әлеуметтанушылардың оңды көзқарасына ие болып отыр. Баяндама партия мен мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты өзара байланысының нығаюына және заңнамалардың жетілдірілуіне септігін тигізеді», – деп атап өтті. Еліміздің Бас прокуроры А.Дауылбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бақылау-қадағалау органдарының  бизнес өкілдеріне негізсіз араласуын шектеу мақсатында прокуратура органдары тарапынан тексерулерді тіркеу тәртібі оңтайландырылғанын мәлімдеді.  «Бизнес тірегі-Опора бизнеса» электронды порталы іске қосылып, оған хабарласқан 28 мың кәсіпкер тағайындалған тексерулердің заңдылығы жөнінде ақпар алса, 2,5 мың бизнес өкілдері мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағымданған. Қабылданған шаралар бизнеске деген жүгінулерді 13 есеге қысқартуға мүмкіндік ашты. Мәселен, 2010 жылы бизнес өкілдерінің 52 пайызына түрлі тексерулер жүргізілсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 4 пайызға дейін төмендеді», – деп атап өтті Бас прокурор. Ал Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров келесі жылдан бастап қызмет көрсету саласы толыққанды бақылауға алынатынын жеткізді. Мұндай бақылауға мемлекеттік органдар ғана емес, олардың ведомстволық мекемелері мен жаңа «Азаматтарға арналған Үкімет» Корпорациясы да алынатын болады. «Бұл көрсетілетін қызмет пен уәкілетті министрліктермен бақыланатындардың үштен бірін құрайды. Жемқорлық тәуекелдерін азайту және мемлекеттік органдарға деген азаматтардың сенім деңгейін арттыру жұмыстары одан әрі жалғасатын болады. Барлық ведомстволарға ортақ жүйелі тәуекелдер анықталды, оларды жоюға бағытталған ұсынымдар әзірленді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» жаңа Заң қабылдануына орай, бұл жұмыстарды сапалы орындау қамтамасыз етіледі», – деп мәлімдеді Агенттік төрағасы. Отырыста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының алғашқы нәтижелері сарапқа салынды. Пікір білдірушілер биылғы жылы Бағдарлама аясында қабылданған заңдар («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» және т.б.) сыбайлас жемқорлыққа қарсы нық құқықтық база болып қалыптасқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде еліміздегі барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың тиімділігін арттырып, оның алғышартын бәсеңдетпек. Қабылданған заңдардың орындалуын жіті қадағалау алдағы уақытта партиялық құрылымдардың басты бағыты болуы тиіс. Ағымдағы жылы Бағдарламада қарастырылған жемқорлыққа қарсы тәрбие беру бойынша білім беру жүйесінде, атап айтқанда, мектеп пен ЖОО-да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда ашықтық пен жариялық қағидаты аясында онлайн портал құру, ізденушілер мен студенттер санасында қажетті иммунитет қалыптастыру, тиісті мінез-құлыққа дағдыландыру, осы бағыттағы білім  берумен шұғылданатын оқытушылар құрамы мен ұстаздардың біліктілігін арттыру сынды міндеттер қамтылған. Қолға алынған шаралар белгілі бір деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің, білім мен тәрбиенің қалыптасуына жол ашпақ. Одан әрі олардың күнделікті қолданылуы мен ендірілуін қарастыру қажет. Партиялық аппарат тарапынан ең әуелі, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік органдар жанындағы нысандар қызметі, екіншіден, бюджет қаржысы мен Ұлттық қор қаражатының мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуында жұмсалуын қадағалауға бағытталған тиімді бақылау орнықтырудың ілкімді механизмы жасалды. Мұның өзінде, осы бағытта тиімді жұмыс жүргізу тапсырылған депутаттық корпус, өңірлік және аумақтық партия құрылымдарымен  өзара іс-қимыл желісі де жолға қойылған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар тұрақты бақылауға алынбақ. Келер жылдан бастап, Бағдарламада қарастырылған жергілікті өзін-өзі басқару, жергілікті қауымдастықтар мен органдардың өкілеттігін артыруды заңнамалық негізде бекіту қолға алынады деп жоспарлануда. Жиынға қатысушылар Баяндаманы әзірлеудің барлық аспектілерін, Бағдарламаны іске асырудың алғашқы нәтижелерін тереңінен талқылап, мазмұны мен тұжырымдарына қатысты ортақ пайымдар білдірді.  

«Түркістан-ақпарат»