Бірлік, береке – басты мақсат

Бірлік, береке – басты мақсат

Бірлік, береке – басты мақсат
ашық дереккөзі
Ерлан Біләлов, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры: – Әлем шартарабы саяси дүрбелеңнің куәсі болып, дендеп келе жатқан дағдарысты бірлесе еңсерудің жолдарын әркім өзінше қарастырып жатқан кезеңде, Елбасымыздың кезекті Жолдауын «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» деп атағанын ел тұрғындары түсіністікпен әрі терең сезініп қабылдады деп ойлаймын. Өйткені, жаңа ғаламдық жағдайдағы еліміздің іс-қимыл стратегиясы мен дамуы әр адамды айырықша алаңдатып отырғаны сөзсіз. Сондықтан Елбасымыздың бұл Жолдауының саяси жағынан да, экономикалық-әлеуметтік жағынан да маңызы аса зор.   Экономикалық қиын ахуалды сезіне бастаған тұрғындарға негізгі түйінді шешу жолдарын Президенттің мүмкіндігінше қарапайым тілмен түсіндіруге тырысқаны қуантты. Елбасының бюджетке түсетін табысты арттырудың мүмкіндіктерін қарастыру, теңгенің мәртебесін көтеру, бизнесмендердің шетелдегі қаржысын Қазақстанға әкеліп, оларды жекешелендіруге қатысуға шақыру, зейнетақы қорына жиналған қаржыны бизнесті несиелендіруге жұмсауға болмайтыны жөніндегі ойлары құптарлық. Бұл – әрбір қазақстандықтың көкейінде күлбілтеленіп қалған ой. Жасыратыны жоқ, «жылтырақ журналға» жарияланудан алдына жан салмай келгендер халықтың жағдайына қарасса игі еді деген ой көпшілікке тән еді. Президент сол ойды айна-қатесіз танып, қаржысын шетелдік банктерге аударатын бизнесмендерге пәрмен бергеніне бір серпіліп қалды. «Қазақстанда жасалған» деп аталатын отандық өнімді көптеп сатып алып, өз өндірісімізге қолдау көрсету арқылы біз әл-ауқатымызды жоғарылатып, халықтың жағдайын жақсарта алатынымызды біртіндеп түсініп келеміз. Себебі отандық өнімді қолдамай, ел экономикасында алға жылжу болмайды, кіріс келмейді. Отандық өнімдер сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді, бағасы да қолжетімді, ал азық-түліктер үнемі табиғи таза, балғын әрі пайдалы, ең бастысы, шетелдік өнімдерге қарағанда дәмдірек болатыны әркімге белгілі шындық. Бірақ, осы шындықты жүзеге асыруға Президенттің өзі ұсыныс тастап, бастамашысы өзі болған соң қазір жаппай қолдау тауып, патриоттық сезімнен туған сұраныстың артқаны қуанта бастады. Санадағы осы сілкініс «шетелдік бұйым ғана сапалы» деген таптаурын түсінікті жойып, өз өнімімізді өгейсітпей, отаншылдық сезімімізді де арттыра түскенін байқап жүрміз. Сондай-ақ, енді бір жылдан кейін елімізде кәсіптік-техникалық білімнің тегін болатыны ұл мен қыз өсіріп отырған барлық отбасыларға, жастарға жағымды жаңалық ретінде қабылданғаны анық. Бұл жастарымыздың шағын кәсіпке үйреніп, келешекте өз жеке кәсібін ашып, сол саладан нәсіп табуына ашылған жол деп білемін. Президенттің қайталап айтудан жалықпайтын экономикалық өсім туралы ойы қоғамдағы жұмыссыздықты азайтып, жастардың кәсіппен айналысып, пайда тауып, жұмыспен қамтылуын жеделдете түседі. Ол үшін мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржылық секторды 1990 жылдардағыдай қайта реформалау қажеттілігі талапқа сай жүргізілсе, Қазақстан халқының тұрмысында едәуір ілгерілеушіліктің болатынына сенім бар. Жолдауда, бастысы, еліміздің тығырықтан шығу жолдары көрсетілді. Жолдау құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Сондықтан бұл құжаттың әрбір азамат үшін маңызы зор. [caption id="attachment_8434" align="alignnone" width="3648"]OLYMPUS DIGITAL CAMERA Ілияс Баймағамбетов[/caption] Ілияс Баймағамбетов, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы: –  Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын халық асыға күтеді. Өйткені осы құжат арқылы Елбасымыз мемлекеттің уақыт өзгерісіне сай бейімделуін жеделдететін, дамуына тың серпін беретін  амал-тәсілдер мен шешімдер ұсынады. Бұл жолғы Жолдау да елдің көкейіндегісін дөп басып, қазіргі күрделі ахуалдан айығудың жолдарын жіпке тізіп берді. Меніңше, Президенттің қазақстандықтарға жеткізгісі келген басты ойы  – дағдарыстың қатерлермен бірге, жаңа мүмкіндіктерін де қатар ұсынатыны. Дүние-дүрмек дүрбелеңнен көз ашпай тұрғанын, әлемнің түкпір-түкпірінде жаға ұстататын түрлі оқиғалар, қарулы-қарусыз қақтығыстар көбейгенін ескерсек, бейбітшілікте, көрші-қолаңмен татулықта өмір сүріп жатқанымызға, Тәуелсіздігіміздің барына шүкірлік етуіміз керек.  Елбасымыз айтқандай, еліміз бұдан да қиын кезеңдерді артта қалдырды. Демек, бұл дағдарыстан да тарықпай шыға аламыз. Президенттің әлемдегі қуатты компаниялардың бәрі нөлден бастағанын, тіпті Қазақстанның да 90-жылдардың басындағы дағдарыс кезеңінде дүниеге келгенін қаперімізге салғаны тегін емес. Қазіргі мүмкіндіктеріміз, алыс-жақын көршімен қарым-қатынасымыз, халықаралық қауымдастық алдындағы абырой-беделіміз ол кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда ілгері. Оның үстіне, қазір біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл реформалар  өз ауқымы жағынан мемлекетіміз 90-жылдары жүргізген реформалар ауқымына сәйкес. Олар, ең әуелі, елдің экономикалық өсімін, тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Егер аталмыш құжаттарда көрсетілген міндеттердің бәрін сатылы түрде орындап, мақсатымызға қарай ілгерілей беретін болсақ, әлемдегі ең қуатты 30 елдің қатарына қосылып, «Мәңгілік елге» айнала аларымыз шүбәсіз. [caption id="attachment_8436" align="alignleft" width="300"]Талғат есенәлиев Талғат Есенәлиев[/caption] Талғат Есенәлиев, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жас-өспірімдер театры директорының орынбасары: – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауы еліміздің еңсесін тіктеп, жаһандық дағдарыс жағдайында өсім мен дамуға қол жеткізуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін нақтылап берді. Дағдарыс деп даурықаннан ештеңе ұтпайтынымызды, оны көп болып күресу арқылы ғана еңсере алатынымызды қадап айтты. Біздің экспорттық өнімдеріміз ғана емес, іс жүзінде барлық әлемдік нарықтардың – қаржы, көмірсутегі, металдар, азық-түлік және басқа да тауарлардың тұрақсыздыққа тап болғанын түсіндірді. Расында да, айналамызға көз тастасақ, дүниежүзінің барлық мемлекеттерінде экономикалық өсімнің баяулауы байқалуда. Экономикалық қиындықтар әлемдік геосаясатта түрлі түйткілдерді туындатып, ел мен елдің арасын алшақтатуға себеп болып жатқанын да көзіміз көріп отыр. Мұндай қиындықтар өз басымызға да түспес үшін сын-қатерлерге қарсы нақты мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз керек. «Жаһандық дағдарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер», – деді емес пе Мемлекет басшысы? Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңін сәтті пайдаланғанын мысал ете отырып, Қазақстанның да үнемі сыртқы экономикалық кедергілерге кереғар дамып отырғанын айтты. Тәуелсіздік алғалы бері басымыздан өткен алмағайып кезеңдерді еске түсірген Елбасы қазіргі жағдайымызға шүкіршілік етуіміз керегін ескертті. Меніңше, байбалам мен шағымды тыйып, нақты іске, Президент ұсынған шешімдерді жүзеге асыруға көшетін болсақ, ертеңімізге алаңдауға негіз жоқ. Елбасы межелеп берген міндеттердің жүйелі орындалуы – сіз бен біздің болашағымызды баянды етудің ең игі жолы.