Жаңалықтар

Магистратура тестінде 25 үміткер өз орнына басқа біреуді кіргізбек болған

ашық дереккөзі

Магистратура тестінде 25 үміткер өз орнына басқа біреуді кіргізбек болған

Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұлов осы жылдың 10-15 тамызы аралығында магистратураға түсу үшін өткізілген кешенді тестілеудің қорытындысын жариялады деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Осы жылы магистратураға түсу процесі айтарлықтай өзгерістермен толықты. Біріншіден, жаңа формат енгізілді. Осы жылға дейін тек шет тілі бойынша тестілеу тапсырып, екінші кезеңде ЖОО кафедраларында бейіні бойынша бірдей қағидаттарға негізделмеген естихан тапсыратын. Бұл өз кезеңінде жұртшылық, құқыққорғау органдары тарапынан жемқорлық тәуекелдердің болуына қатысты сынға ұшырайтын. Биыл емтихан барлық үміткерлер үшін стандартты түрде кешенді тестілеу форматында өтті. Осылайша, барлық талапкерлерге бірдей сұрақтардың берілуіне кепілдік беріп, біреуді артық көру мүмкіндігін жоққа шығардық. Екіншіден, министр Асхат Аймағамбетовтің бұйрығымен алғаш рет тестілеу өткізу ережелерін қамтамасыз ету үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері мен арнайы мониторингтік топтардың өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері, белсенді азаматтар бақылаушы ретінде тартылды», - деді Дидар Смағұлов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуына қарағанда, тест тапсыру процесі барлық 27 пунктте ашық және шынайы өткізілген. «Бұл нәтижесін берді. Кешенді тестілеуге қатысу үшін 30 579 өтініш қабылданды. Алайда, тестілеуге 28 131 адам қатысты. 2500 жуық үміткер тест тапсыруға келмеді. Біз мұны күшейтілген бақылау жұмысымен байланыстырамыз. Демек, көптеген адам көшірудің мүмкін емес екенін түсінген. Сонымен қатар, 1 мыңнан астам үміткер емтихан кезінде көшіріп, тыйым салынған заттарды пайдалануға тырысқан. Осылайша, 1021 нәтиже жойылды. Бұл талапкерлер тіпті ақылы негізде оқуға түсе алмайды», - деді Дидар Смағұлов. Орталық басшысы атап өткендей, емтихан кезінде бөгде адамдар да анықталған. 25 адам өзінің орнына басқа адамды емтиханға кіргізуге тырысқан. «Әрбір факті бойынша ақпарат ІІМ-ге жолданды. Әлеуметтік желілерде алаяқтыққа жол берген осындай азаматтардың бірі Ішкі істер министрлігінің академиясының мөрін қолдан жасаған Ақтөбе облысының полиция қызметкері екені жазылды. Бұл факті бойынша да біз құқыққорғау органдарына тиісті шара қолдану үшін жүгіндік. Жалпы, 21 мыңнан астам аса тыйым салынған заттар тәркіленді. Әрине, емтихан тапсырушылардың көбі ол заттарды өз еркімен тапсырды», - деді ол. Дидар Смағұлов өз сөзінде атап өткендей, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде емтихан кезінде бір бойжеткен тексерушілерді алдамақ болып, тексеруден төрт рет өткен. Ақыры, ол шпаргалка пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылған. «Шын мәнінде, барлығы соншалықты жаман емес. 12853 үміткер мемлекеттік білім беру грантына қатысуға мүмкіндік алды. Біз бұл үміткерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланбағанына, үлкен дайындықпен өз білімдеріне сеніп келгеніне сенімдіміз. Бұл – мемлекет есебінен тегін білім алуға лайықты парасатты жандар. Олардың көбі сол гранттарды алады. Өйткені, барлық гранттар саны саны - 12809», - деді Дидар Смағұлов.