Биыл 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған

Биыл 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған

Биыл 118 мың тұрғын үй салу жоспарланған
ашық дереккөзі
Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановты қабылдады. Кездесуде «Бәйтерек» холдингінің «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын қаржыландыруға қатысуы туралы әңгіме болды. Сондай-ақ, Айдар Әріпханов әлеу­мет­тік жағдайы төмен топтағы азаматтарға ар­налған қолжетімді тұрғын үй құры­лысы, ШОБ-ты қолдау, елдің экспорттық әлеуетін және «қарапайым заттар» эко­номикасын дамыту, Қазақстанның Даму Банкі желісі бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі холдингтің ат­қарған жұмыстары туралы мағлұмат берді. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қа­зақстанда құрылыс жұмыстары 6,9 пайызға өскен. Мамандар бұл «Нұрлы жол» аясында инфрақұрылымды енгізуге байланысты дейді. Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері 2020 жылға қарай 4,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделіп отырғанын айтқан еді. ҚР Премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен шілде соңында өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдар­ла­масын іске асыру барысы қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылғанын, бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары екенін айтты. «Осы жылдың соңына дейін 118 мың тұрғын үй салуды жоспарладық. Жарты жылдық қорытынды бойынша 48 925 тұрғын үй берілді. Тұрғын үйді уақтылы беру үшін құрылыс алаңдарына инже­нер­лік коммуникация жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылған», – деді Р.Скляр. Жарты жылдық қорытынды негізінде қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 36,8 млрд теңге аударылды, оның 35,8 млрд теңгесі немесе 96,1% игерілді. Көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарастырылды. Қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылды, оның 9,6 млрд теңгесі немесе 99,6% игерілді. Барлық көздерден 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көп балалы отбасына тұрғын үй берілді. Сонымен қатар Р.Скляр жұмыс істейтін жастардың еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланғанын атап өтті. Аз қамтамасыз етілген отбасыларды жылдық 2% жеңілдікпен несиелендіру ая­сын­да «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне» 50 млрд теңге бөлінді. Өңірлер арасындағы несие беру лимиттері кезектегілер санына барабар анықталған. 15 шілдеде банк төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау бойынша кезекте тұрғандардан өтініш қабылдауды бастады. Қарауға 9,9 млрд теңге сомасына 920 өтініш түсті. Несие беруге 1 млрд теңгеге 91 өтінім мақұл­дан­ды. Елбасының тапсырмаларын іске асыру аясында «Нұрлы жер» бағдар­ла­масын әзірлеуде тұрғындарды жылумен, су­мен жабдықтау және су бұру, ком­му­налдық секторды жаңғырту және үйлерді жөндеу мәселелері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде қолданыстағы және жаңа іс-шараларды қаржыландыру тетіктері пысықталуда. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа редакциясын бекіту жоспарлануда.