Дипломатия жолбасшысы – Михаил Есенәлиев
Дипломатия жолбасшысы – Михаил Есенәлиев
1928 жылдың 15 қыркүйегінде Ресейдің Саратов облысында қазақ дипломатиясының жарық жұлдызы болған Михаил Есенәлиев дүниеге келді. Тұлғаның қазақ дипломатиясының қарыштап дамуына сіңірген еңбегі зор.
Михаил Есенәлиев КОКП ОК жанындағы Саратов заң мектебінің сырттай бөлімін тәмамдаған. 1945-1950 жылдары Халық сотында хатшы және сот орындаушысы болып қызмет етеді. 1952-1954 жылдары Мәскеудегі Орталық Комсомол мектебінде білім алады. Ал 1955-1961 жылға дейін Қазақстанда хатшылық қызмет істеп, кейіннен 1961-1964 жылдары Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар Академиясының аспиранты болып, философиядан диссертациялық жұмысын қорғайды. 1964 жылы Қазақстанға қайта оралып, 69 жылға дейін Қазақстан Коммунистік партиясы Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы болады. 1969 жылдан 1981 жылға дейін Қазақстан Коммунистік партиясы мәдениет бөлімінің меңгерушісі болады. Ал 1981-ден 1989 жылға дейін Қазақ КСР сыртқы істер министрі болады. Аталған лауазымда Есенәлиевтің білікті дипломат ретіндегі қыры ерекше танылады. Михаил Иванович өзінің дипломат ретінде қалыптасуы, ел дамуында дипломаттардың ерекше рөлін баяндайтын, өзінің қызық пен жауапкершілікке толы қызмет пен өмір жолындағы сәттері туралы сипаттайтын алты кітаптың авторы. Кеңес Одағы делегациясы құрамында ол БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясына қатысып, ұйымның жалпы отырысына бірнеше рет ат салысады.
КСР Одақ Кеңесі Жоғары Президумының жарлығымен Михаил Есенәлиевке бірінші класты Төтенше және Өкілетті Елші атты дипломатиялық ранг беріледі. Сегіз жыл Қазақ КСР сыртқы істер министрі болған ол ұзақ уақыт Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі лауазымында болды.
Есенәлиев қызмет атқарған уақытта Қазақ КСР СІМ жаңа ғимаратқа көшіп, кадрлық өзгерістер орын алды: сыртқы істер министрлігіндегі бар бөлімді кәсіби дипломаттар басқаратын болды, бір жыл ішінде Есенәлиев техникалық қызметкерлердің санын көбейтіп, СІМ-ді қызметтік көлікпен қамтамасыз етіп, мамандар көлемін ұлғайта алды.
Бәрінен бұрын Михаил Есенәлиев дипломатиялық кадрлар дайындауда орасан зор еңбек сіңірді. Мәселен, ол қазақ дипломаттарын ұзақ шетелдік іс-сапарларға аттандырып, іс-тәжірибе жинақтауларына мүмкіндік жасады. Қазақстаннан келген дипломаттар Үндістан, Йемен, Лаос, Ауғанстан, Вьетнам, Ирактағы кеңес елшіліктерінде біліктіліктерін көтеріп, Германия, Қытай, Болгария мен Сирия және т.б елдерде тәжірибеден өте алатын жағдайға жетті.
Өз естеліктерінде министр «Сол тұста бар маңызды шешімдер Мәскеуде қабылданатын еді. Сондықтан министр лауазымына тағайындалғаннан кейін республика үшін дипломатиялық кадрларды даярлау мәселесін көтердім. Кеңестік Дипломатиялық академияға қосымша орын бөлу мүмкіндігіне қол жетті, әрі тікелей, бұрын партиялық органдар арқылы ғана жүзеге асатын еді. Бұған дейін Қазақстан дипломаттарды шетелге іс-сапарға жіберіп, тәжірибе алмасуға аттандырмаған, бұл өз кезегінде республиканың СІМ-дегі мамандардың біліктілігін арттыруға кедергі келтірді», – деп жазады.
Өзінің дипломатиялық көрегендігі мен ұмтылысы арқасында Михаил Иванович республикалық Сыртқы істер министрлігіне жеңілдік қарастыруға қол жеткізді.
Осындай жауапкершілігі мол қызметті атқара жүріп Михаил Есенәлиев «За сильным духом», «Небоскрёб на Ист Ривер», «Размышления вслух», «Штрихи к портретам», «Записки дипломата», «На грани эпоха» атты кітаптардың авторы. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда мақалалар жариялап тұрды. Бүгінде Исиналиевтің бұл еңбектері жас дипломаттар үшін таптырмас оқу құралы саналады.
Бұдан өзге жұлдызы жарық дипломат турасында «М.И.Есенәлиевтің таңдаулы еңбектері», «О чем говорят автографы», «Хаким. Михаил Иванович. Маке», «Михаил Исиналиев – политик и дипломат» сынды кітаптарда өмірі мен қызметі туралы пікірлер жарық көрді.
Саналы ғұмырын мәмілегерлік қызметке арнап, отандық дипломатияның дамуына ауыз толтырып айтарлық үлес қосқан Михаил Иванович Есенәлиев Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет» орденімен, Халықтар достығы орденімен марапатталды.
Философия ғылымдарының докторы, жас дипломаттарға ұстаз бола білген білікті дипломат Михаил Есенәлиевтің есімі қазақ дипломатия тарихында мәңгі жаңғыра берері хақ.
Олжас БЕРКІНБАЕВ, журналист