Жаңалықтар

Табыс – кім батыл қимылдаса, соның үлесінде

ашық дереккөзі

Табыс – кім батыл қимылдаса, соның үлесінде

Құмырсқа жылына бір ғана бүртік бидай жейді екен. Мұны естіген Сүлеймен пайғамбар бір жылға құмырсқаға бір бүртік бидай беріп, кішкентай құтыға қамап қояды. Бір жылдан кейін қараса, құмырсқа жартысын ғана жеген. Құмырсқадан сұрайды: – Қане жылына бір дән бидай жейтінің? – Уа, Сүлеймен! Ол ырысты Құдайдың өзі беріп тұрған заман ғой. Ал енді маңдайыма жазылған ырысым сен арқылы келеді. Жаратушы ием ешуақытта ұмытпайды, ал сенің ұмытып кетуің мүмкін. Сақ болып отырған халім осы, - деп жауап берген екен.  Бұл әпсана әңгіменің айтылуы тегін емес. Сонау тоқ­саныншы жылдың басында өтпелі кезең өзіне тән қиын­дық­пен қа­тар, «Үкімет өлтірмейді» деп, жай­ба­р­ақат жатқан талайларды ұй­қы­сынан оятып, ойда-жоқта кел­ген нарық жолынан өз соқпағын табуына мүмкіндік ашты, сөйтіп көпшілікті құмырсқа тіршілікке кірістіруге итермеледі десек, ешбір қателесе қоймаспыз. Өн­діріс орындары жабылып, жұ­мыс­сыз қалған жұрт енді өздеріне лайық кәсіп іздеді. Дей тұрғанмен, халықтың біршама парасы беймәлім істі бас­тауға даяр болмай шықты. Ақи­қа­тын айтсақ, сол тұста елімізде әлеуметтік көмектер арқылы ғана өмір сүретін адамдардың тобы қа­лып­тасты. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2007 жылы арнайы зерттеу жүр­гізіп, елімізде тәуелсіздік алғаннан кейінгі он бес жыл бойы жұмыс істемей кел­ген 180 мың адамның бар екенін,  сөйтіп жұмыссыздар саны ха­лық­тың 8 пайызын құрайтынын анық­тады. Реті келіп тұрған соң айта кетсем артық болмас, АҚШ тәрізді әлеуетті мемлекетте бір ғасыр бойы ата-бабасынан бері әлеу­мет­тік жәрдемақылар арқылы ғана күн көрген 2 миллион адам бар. Клинтон мемлекет басына келе салысымен сол әлеуметтік жәр­дем­ақыларды қысқартпақ болған. Онысынан түк шыққан жоқ. Ол күшті қарсылыққа тап болды.  Иә, әлеуметтік көмектер халықты енжарлыққа тәрбиелейді, жұмыс істеуге деген ынталарын өшіреді. Мұны мен 1997-1998 жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары қыз­метін атқарған кезімде толық аңғардым да. Бойында қуат бар, тепсе темір үзетіндей тегеуріні бар, иілмейтін нәрсені иіп, бүгілмейтін нәрсені бүге білетіндей шеберліктен де кенде емес небір атпал азамат­тар­дың жұмыстан бойын аулақ салып, түрлі жолмен өзіне мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып жүрген жағдайлары мейлінше кездесіп жатты. Шындығында, мемлекет өз мой­нына алатындар: жетімдер, мүгедектер, қарттар, зейнеткерлер. Өзгелер еңбек еркіндігін пайдаланып, өз тұрмыстарын өздері анық­тау керек еді. Сондықтан да оларды еңбек еркіндігіне, яғни нарық жағдайына бейімдеу күн тәртібінің басты мәселесіне айналды. Шын мәнінде, мемлекет медиатор қызметін атқаруды қолға ала бастады. Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әуелі экономика дегендегі саяса­ты­ның мәнісі осы болатын. Бұл идея нәтиже берді. Күнкөрісі мен бала-шаға қамын ойлағандар бей­мә­лім істі бастауға бел буып, на­рық жағдайына бейімделді. Өз кезегінде Үкімет «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын қа­был­­дап, жұмыспен қамту мәсе­лесінде бұрын-соңды болмаған қадамдар жасады деп есептеймін. Біріншіден, Бағдарлама бо­йын­­ша, жұмыссыз азамат екі қо­лына бір күрек табуға шын ниет етсе аудан, қалалардан арнайы ашылған жұмыспен қамту орта­лық­тарына тіркеледі. Мамандығы сай келетін мекемеге жолдама бе­реді. Болмаса бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Сол жәр­мең­кеде бағы жануы мүмкін. Ал, оның мамандығы бойынша қызмет орны мүлде табылмай жатса, оны басқа мамандық, яғни нарықтағы сұранысқа ие мамандық алуға немесе қайта даярлауға ұсыныс айтылады. «Жоқ, мен ешкімге бағынышты болмаймын, өзім жұмыс орнын ашып, бағымды бизнес саласында сынап көремін» десе, онда оған шағын бизнесті ұйымдастыруға Бағдарлама аясында үш миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл қаржының басқалардан ерекшелігі – шаруаң толық дөңге­лен­генше несие төлеуден босатылатын демалысы бар. Міне, осыншама мүмкіндіктерді неге пай­да­лан­басқа? Сонымен қатар елімізде үдемелі индустриалды-инно­ва­циялық бағдарламаның шең­бе­рінде де жаңадан мыңдаған жұ­мыс орындары ашылып жатқаны бел­гілі. Бір ғана мысал. Автокөлік шығару саласында құрылған бір жұмыс орнының нәтижесінде өзге салаларда 12 жұмыс орнына дейін пайда болады. Өйткені, автоөнер­кәсіптің дамуы химия, тоқыма жә­не өзге де өндірістік салалармен тығыз байланысты. Яғни елі­мізде жасалған автокөлік өнімдері көбейген сайын экономика да өрге басады. Олай болса, хакім Абай айтқандай: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Ал, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Мал бақ, егін сал, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке жалын. Еңбекке, білімге жалынған еуропалықтар – міне, бес жүз жыл болды – жұт, аштық жоқ. Қазақ кедейі, сен қашан осы жолға түсе аласың?» дейді. Және қытай ойшылы Кон­фуцийдің: «Елің асып-тасып отыр­ғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-аршып отырғанда, бай әрі бағлан бол­ғаның ұят»,– деген сөзі бар. Бір сөзбен айтқанда, талап­тан­ған адамға қай жағынан алып қарасаң да жол ашық. Бірақ, осыған қарамастан соңғы кездері, қоғамда масылдық көзқарастар орын алуда. Оған нендей себеп итермелейді? Осы жағын зерттеу, зерделеу керек сияқты. Себепсіз салдар болмайды ғой. ҚР Тұңғыш президенті Қорының Әлемдік экономика және саясат инсти­ту­тының сараптамаларына сүйен­сек, Кеңес одағы ыдырағаннан бері отыз жылға жуық уақыт өтіп, қазақстандықтардың жаңа буыны өссе де, халықтың көпшілігінің ой-санасы сол қалпы мемлекет «негізгі асыраушының» рөлін атқарған кездегідей, яғни «кеңес­тік деңгейде» қалды, өйткені аза­маттардың менталитеті мұнша қысқа тарихи кезең ішінде түбегейлі өзгеруі мүмкін емес. Социолог Гүлмира Илеуованың пі­кі­рінше, азаматтарда мемлекеттен басқа арбитр (олардың мүд­де­лерін қорғаудың кепілі) қалмаған кезде, яғни бұдан былай сенім артатын ешкім қалмаған кезде ғана олар мемлекет тарапынан қолдау мен көмек іздеуді бастайды. Бұл қорытындыға да келіспеу қиын. Жағдайды өзгерту керек екені түсінікті және бұл жерде, қан­ша­лықты қарапайым болып естілсе де, бір-біріне қарай бағытталған қозғалыс қажет. Яғни, белгілі бір қадамдарды екі тарап та – билік те, халық та жасауы қажет десек, бұл қадамды мемлекет бастауы тиіс. Егер, азаматтардың сапалы және қолжетімді білім алуы, медициналық қызметтер алуы үшін толыққанды мүмкіндіктері болса, олар құқықтық мағынада қорғалған болса, патерналистік талаптарды барынша азайтуға, азаматтардың өз өмірі мен әл-ауқаты үшін жауапкершілік дең­гейін арттыруға болады. Дәл осы сәт­те «біз сіздер үшін барлық нәр­селерді жасадық, ал енді сіздер өздеріңіз іс-әрекет, бастама­шы­лық, іскерлік танытыңыздар, өздеріңіз әрекет етіңіздер» – деп айтуға әбден болады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өнімдер, тауарлар шығарғысы келетін, идеялар, инновациялар ұсынып, іске асырғысы келетін, кәсіпкерлікті дамытқысы келетін адамдар үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, бүгінгі күні ойын ережелерін толығымен мемлекет талап ететіндіктен, елдің табысты дамуының, мемлекет пен азаматтардың үміттері арасындағы келіспеушіліктерді еңсерудің маңызды шарты меритократия қағидаттарын сақтау, нақты жұмыс істейтін әлеуметтік лифттердің болуы – элитада жергілікті жерлерде жұмыс істеген, мансаптық өсудің барлық сатыларынан өткен өз ісінің шеберлері қайта оралатын болады. Сапалы кері байланысты, би­лік­тің қоғаммен өзара іс-қи­мы­лының пәрменді тетіктері мен арналарын жолға қоюдың да маңызы зор, олар екі тарапқа да тиімді болады. Басқару жүйесі, бюрократиялық аппарат тұтастай алғанда қоғам мен мемлекет үшін жұмысқа бағытталуы, тұйық емес, ашық сипатта болуы керек, олар тек бақылау функцияларына сүйен­беуі тиіс. Сондай-ақ ағым­да­ғы даму бағдарламаларын нақты іс­ке асыру үшін барлық деңгейдегі басқарушыларға қатаң жауапкершілік, оның ішінде, әсіресе, дербес жауапкершілік қажет.

Кенжеболат Жолдыбай,

саясаттанушы