Жаңалықтар

Қуғындалған ректор. Ағартушы Біләл Сүлейұлының үш суреті туралы сыр

ашық дереккөзі

Қуғындалған ректор. Ағартушы Біләл Сүлейұлының үш суреті туралы сыр

 2016 жылы «Әдебиет» порталына жазушы Жанат Ақмадидің Біләл Сүлеев туралы мақаласы шыққан екен. Жақсы мақала болғанымен, берілген суреттегі тұлға – Біләл емес еді. Суреттегі кісі – Алаш оқығаны Қошке Кемеңгерұлы. Қателесті дейік десек, ғаламтор беттерінде Біләл Сүлеев болып жүрген осы – Қ. Кемеңгердің суреті екен. Сөйтсек, бүгінгі қазақ Б. Сүлейұлының суретін де білмейтін болып шықты. Ақырында, бұл тұлғаны халыққа толық таныту үшін архивке кірдік. Тағдыр тасасында қалған тұлғалар өте көп. Архивке кіріп, құжат қараған сайын түрлі тағдырлы құжатпен танысамыз. Қаймана қазақтың игілігі үшін қиын-қыстау заманда жан-терін сығып жүріп қызмет еткен Біләл Сүлейұлы туралы құжаттар қызықтырды. 1893 жылы Баянжүрек тауының баурайында дүниеге келген бала Біләл сәби кезі­нен-ақ зерек те, алғыр болып өсіпті. Бал­дырған әкесінен тәлім алып, санауды ерте үйренеді. Қапал уезіне есімі жыға таныс, жұрт жақсысы Есенқұл Маманұлы Баянтауға ел аралап келгенде, Сүлейдің үйіне қонақ болып түскен екен. Сол кезде зерек бала өзінің алғыр қасиеттерімен мырзаның көзіне түседі. Дүниенің сырын білуге ынтық балаға құ­март­қан Есенқұл қажы Сүлейдің ұлын оқытуға ниет білдіріпті. Міне, содан кейін бала Біләлдің дана Біләлге айналған жұлдызды сәті туады. Қарағаш қаласындағы «Мамания» мектебіне оқуға қабылданып, әуелі әптиек, сауат ашу курстарын игеріп, сонсоң есептану, арифметика, жағырапия, әдебиет пен тіл ережелері, фикһ ілімін тауысады. 1911 жылы «Мамания» мектебінің сегіз сыныптық оқу жүйесін толық тәмамдаған үздік шәкіртін Есенқұл қажы Уфадағы  «Ғалия» медресесіне оқуға жібереді. «Ғалия­ның» ғақлиялық даналығын сіңірген Біләл тағы да оқуға  ынтығып, Орынбордағы мұға­лімдер семинариясында ізденісін жалғас­тырған. Ақиқатында, Біләл Сүлейұлы – күллі қазаққа аты шыққан атақты бай, дәулетімен елінің мүддесіне қызмет еткен ақсүйек Есенқұл Маманұлы салған инвестицияның қайтарымы, жемісі. Сол өткен заманның ауқаттылары кедей-кепшіктің балаларын оқытып, азамат қылды. Еліне қызмет етер елшіл, ұлтшыл адамдар қатарын арттырды. Елінің елеулі ұлы болған Біләлдің игі істері көп екен. Алайда, арыс азаматтың өткен 2018 жылы 125  жылдық мерейтойы ескерусіз қалған. Тіпті, сол ағартушы, ақын, драматург Біләл Сүлейұлын санаулы зерттеуші ғана болмаса, көп адам біле бермейді. [caption id="attachment_84141" align="alignnone" width="1772"] 1930 жыл[/caption] 1934 – 1937 жылдары Қарақалпақ­станның оқу ісі бойынша халық комиссиары қызметін атқарған. 1937 жылдың қара­ша­сында Нүкісте қызметте жүрген Біләл Қазақ АКСР – нің шақыруымен Алматыдағы КазПИ-ге оқытушылық қызметке келеді. Туған еліне келуді жаны қаламаса да, қайраткер саяси жүйенің қысымымен амалсыз Алматыға қоныс аударады. Сөйтсе, қызыл билік ағартушы Біләлді Ахмет Байтұрсынұлының орнына қызметке ша­қырған екен. Анығында, бұл уақытта Ахмет Байтұрсынұлы қамауға алынып, тергеуде жатқан еді. Амал не, желтоқсан айының басында КазПИ -де профессор болып жүрген жерінен  екінші рет қамауға алынады.  Біртуар перзент 15 Желтоқсанда ату жазасына кесілген екен. Ату жазасына кесілгендегі бар айыбы – алашшылдығы, Алаш қозғалысының құрамындағы саяси үгіт-насихаты және 1926 жылы Бакудегі Түркі халықтары лингвистерінің сиезіне қатысуы екен. Қолымызға Біләл Сүлейұлының 1912, 1925, 1930 жылдары түскен үш суреті түсті. Бұл суреттер бұрын-соңды жарияланып, ғылыми айналымға түспеген болатын. 1912 жылғы сурет –  азаматтың Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған сәті, ал 1925 жылғы сурет –  Жетісу облыстық білім бөлімінде қыз­метте жүрген шағы екен. Осы суреттегі екінші адамның аты-жөнін анықтай алмадық. Соңғы сурет – 1930 жылы Семейде түсіріліпті. Семей пединститутына ректор болып тағайындалған тұсы болса керек. Ендігіде оқырман қауым, зерттеушілер Біләлдай қайраткердің суретімен жіті танысып, оның бет-әлпетін айыра алады деп сенеміз. Біләлдің үш суреті халықтың кәдесіне жарасын деп оқырманға ұсындық. Болашақта тағы басқа архивтерден Алаш тұлғасына қатысты тың деректер табыларына бек сенімдіміз. Совет заманында жа­зық­сыз жапа шегіп, қуғындалған ректордың әдеби-ғылыми шығармашылық мұрасы жинақталып, жеке кітап ретінде жарыққа шығуы тиіс. Өткенін қастерлеген, тарихи тұлғасын ұлықтаған елдің болашағы жарқын, тарихы шынайы болатынын естен шығармаған абзал...

Елдос ТОҚТАРБАЙҰЛЫ,

ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Фотолар автордың жеке мұрғатынан