Сексеуіл

Сексеуіл

Сексеуіл
ашық дереккөзі
Сексеуіл —  түркі сөзі, қазақша «аттың құйрығы» деген мағына береді. Шындығында да, жапырағы түсіп, бұтақтары төмен иілген тұста сексеуіл ат құйрығынан айнымай қалады. Гректер оны «холоксилон», яғни «тұзды ағаш» деп атайды. Ғылымға да сексеуіл осы «Наlохуlоn» атауымен енген, «алабұталар тұқымдасына жататын, аса биік болмайтын көпжылдық өсімдік, діңі бұдырлы, қарама-қарсы орналасқан жапырақтары ұсақ, қабыршақ тәрізді, гүлі де ұсақ, қос жынысты, өркені мен тұқымы арқылы өсіп, көбейеді, 30-60 жылдай өмір сүреді, жемісі — дәнек»  деп жазыпты ұлттық энциклопедия мен танымдық әдебиеттерде. Азияның шөлі мен шөлейт даласында сексеуілдің 10 түрі өседі, соның қазақ жерінде қара сексеуіл, зайсан сексеуілі, ақ сексеуіл делінетін үшеуі ғана бар. Қара сексеуілдің тамыры 12 метрге дейін кетеді, биіктігі кейде 10 метрге жетеді, діңінің диаметрі 50-70 см болады. Сәуір-маусым айларында гүлдеп, қыркүй­екте жеміс береді. Ол негізінен Үстіртте өседі. Үстірт — миллиондаған жылдар бұрынғы Сармат теңізінің табанынан 300-350 метр биіктіктегі, аумағы 200 мың шаршы километрден асатын, Каспий мен Арал арасындағы алып арал іспетті аймақ, жұмыр жердің бетіндегі ең аз зерттелген, бірақ атауы төрткүл дүниеге танымал өңір. Себебі, біздің арғы дәуірдегі ата-бабаларымыздың қолымен жасалған мұндағы аң аулайтын арандар Хеопс пирамидасы мен Ұлы Қытай қорғаны, Коста-Риканың тас шарлары мен Пасха аралындағы алып балбалдар секілді адам баласын таң қалдыратын құпиялар қатарына жатады екен. Ал оның әсем шатқалдарын әлемнің еш жерінен де ұшырата алмайсыз. Үстірт —  біздің ата-бабаларымыздың ежелгі қонысы. Қыстың үш айында ғана төңіректегі төрт ойда - Маңғыстау мен Бесқаланың ойында, Жылы ой мен Мауыт ойда - Оймауытта болатын олардың қалған уақыты Үстірт үстінде өткен. Бұл өлкедегі елдің байы мен билері, палуаны мен батырлары, әншісі мен ақындары, жырауы мен жыршыларының, ғұламалары мен күйшілерінің де, тіпті қорқағы мен мешкейінің де аты осы Үстіртте шыққан. Сондықтан Үстірт қыр қазағы үшін киелі мекен, қастерлі жер. Үстірт талай қандасымыздың арманына айналған ардақты атау. Өйткені, бұл жерді мекен еткен азғантай ел кешегі отызыншы жылдың зобалаңында арысы Ауған мен Иранға, берісі Түрікменстан мен Қарақалпақстанға қоныс аударған. Талай боздақ кіндік қаны тамған топыраққа табанын тигізіп, Үстірттің саумал ауасымен көкірек кере бір дем алуды көксеумен жүріп, туған жерден жырақта көз жұмған. Үстірттегі сексеуіл ормандары түлей деп аталады. Қара түлей, Балтакеткеннің түлейі, Есенқазақтың түлейі... Білетіндердің айтуына қарағанда, тарихқа «Қырымның қырық батыры» деген атпен енген кешегі Ноғайлы елінің ерлері кезінде сол түлейлерді мекен етіпті. Ұлы даланың ұлдары ол заманда «Мен батыстың баласымын, мынау Жетісудың жігіті, анау Арқаның азаматы» деп алалап айырмапты, тіпті Маңғыстаудың Ойы мен Қырының еншісі де бөлінбепті. «Ойдағы халқымның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын», — деп қырдағылар белдеуден атын, белінен қылышын шешпепті. «Қырымның елі қызымның ұлынан артық» деп ойдағылар жатпай-тұрмай олардың амандығын тілепті.  «Қырымның қырық батыры» сөзі содан шығыпты. Әйтпесе, олардың Қара теңіз жағалауындағы Қырымға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны аңғарылып-ақ тұр. Сексеуіл шөлге ең төзімді өсімдік, ғалымдар оны көлеңкесін түсірмейтін ағаш деп атайды. Бір ғажабы, сол даланың төл перзенті Төлеген Айбергенов өлеңінде «Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте, көлеңкем түспесін деп тік тұрамын», — деген жолдар бар... Өзгеге масыл болмай, өзіне ғана сенуді шөл даланың басты заңы санайтын ол өңірдің елі де біреулерді «көкелеп», кісі көлеңкесінде күн кешкенді ұнатпайды. Қиындық көрсе құдіреті күшті Құдайына жалбарынып, аруақты аталарына сыйынады, қазағынан қайыр дәметсе де, бөтеннен көмек күтпейді, халқына сенгенмен, бөгдеге үміт артпайды, жұртына сүйенгенмен, өз күшімен өмір сүреді. Сексеуілден бағалы отын дайындалады, оның діңін кесу де, балтамен жару да қиын, бірақ бірімен бірін ұрсаң быт-шыты шығып, тез сынады. Сексеуілдің шоғына жылынып, қызуын бойына сіңірген қазақ та сыртқы жауға берілмейді, оны тек бір-біріне айдап салып қана жеңесің. Олар өзгенің өсегіне еріп, өзді-өзімен қырқысып, кұрып кете жаздап барып дұрысы мен бұрысын пайымдап, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деп бастарын шайқап, бүлдіргенін бүтіндеп, бұрынғы тіршілік күйбеңіне көшеді. Сексеуілдің күлінде калий карбонаты бар, ертеде оны сабын қайнатуға пайдаланған. Қазақ сексеуіл күлін темекі жапырағына қосып, қарабұйра  насыбай шығарады да, шақшасын етігінің өкшесіне бір ұрып, айналасындағы ұшы-қиыры жоқ кеңістікке көз тастап, оның жалғыз ғана иесі өзі екеніне масаттанады, осынау ұлан-ғайыр байтақ даланы ұрпағына мұраға қалдырған бабаларына риза болады. Алдына барғанда атасының да құнын кешетін сол қазақтың бір атым насыбайдан көңілі қалады. Сексеуіл әбден қурағанда топыраққа өте көп мөлшерде тұз бөлінеді. Сексеуілді өңірдің сортаң болатыны, төңірегіне көп өсімдік шыға бермейтіні содан көрінеді. Шөлді аймақтарда сексеуілді құм көш­кі­нін тоқтатуға пайдаланады, өйткені оның тереңге бойлайтын тамыр жүйесі өте мықты. Төлеген ақын айтқандай: «Он күн соққан дауылдан, сексеуілдер бүгілмес...». Ал Есенғали Раушанов: «Сексеуіл деген ағам бар, Ана Алғидың ала шөлінде, Бұтағын жайған өніп ол. Жөн сұрар болсаң, жараңдар, Ағамды көр де, мені көр»,— дейді. Шындығында да, тарихи тамыры тереңге кететін үстірт халқы да осал емес. Тәуелсіздігіміздің он жылдығына орай Елбасы пәрменімен жасақталып, кезінде батыс аймақтарды аралаған, құрамында өнер саңлақтары мен қызмет көрсетуші тобы бар «Менің Қазақстаным» арнайы  пойызының мүшелері сол елге таңдай қаға таңқалып, «иілмейтін емендер» деп атаған... Кешегі ата-баба сан ғасырлар бойына сынбай иіліп, ұрпағын сақтап қалды. Бүгін біз егемендігімізді алып, ел мен жердің иесін қалыптастырдық.   Тәуел­сіздіктің төл перзенті, ертеңгі ұрпақ ешкімнің алдында енді иілмесе болғаны.

Басшы ӘЗІРХАНОВ,

саясаттану  ғылымдарының

кандидаты,

Маңғыстау облысы, Бейнеу кенті

«Түркістан» №674