Жаңалықтар

Елбасы бұл дағдарыс жаңа мүмкіндіктер екендігін де ескертті

ашық дереккөзі

Елбасы бұл дағдарыс жаңа мүмкіндіктер екендігін де ескертті

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов:

- Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, жаһандық геосаяси тұрақсыздық, экономикалық дағдарыс еліміз үшін жаңа талаптар қоюда.

Сонымен бірге, Елбасы бұл дағдарыс жаңа мүмкіндіктер екендігін де ескертті. Яғни, тиісті қорытынды шығарып, етек-жеңді жинап, ширай түсуге шақырды.

Еліміздің бұл сыннан да сүрінбей өтеріне сеніміміз кәміл. Өйткені, Мемлекет басшысы ширек ғасырға жетіп отырған тәуелсіз тарихымызда бұдан да қиын сынақтарды жеңіп, дамып келе жатқанымызды негізге ала отырып,  бұл ғаламдық дағдарыстың әсерінен туындап отырған қиындықтарды еңсеретін нақты жолдарды ұсынды. Нақты жоспар, тиісті қаржы да қамтамасыз етілген.

Екіншіден, дағдарысқа қарамастан әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалатынына ерекше тоқталды. Оған қоса 2016 жылдан бастап денсаулық сақтау, білім салалары және «Б» корпусының мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 30 пайызға дейін, әлеуметтік қамтамасыз ету 40%-ға артады. Ал 2017 жылдан «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» басталмақ.

Жолдауда жаңа жылдан басталғалы отырған үлкен реформаларға ерекше назар аударылды. Осы арада халыққа түсіндіру жұмыстарын Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясына жүктеді. Бүгінде бұл жұмыстар партия тарапынан басталып та кетті.

Елбасы қиындықтардың болмауы үшін межелеп отырған айқын, нақты міндеттердің ойдағыдай орындалуы баршамызға ортақ іс екенін сөз соңында жеткізді. Бұл - барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.