Р.Ердоған отставкаға кетуге дайын

Р.Ердоған отставкаға кетуге дайын

Р.Ердоған отставкаға кетуге дайын
ашық дереккөзі

Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған «ИГИЛ» содырларының Түркияға мұнай тасымалдайтыны дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын екенін айтты. Бұл туралы түріктің Daily Sabah басылымына сілтеме жасаған РБК хабарлады. Ресей көшбасшысы Владимир Путиннің Су-24 жойғышына шабуылды Түркияның өзіне мұнай жеткізіп беріп отырған ИГИЛ лаңкестерін қорғау амалы деген айыбынан соң Түркия президенті осындай мәлімдеме жасап отыр. Р.Ердоған Ресей айыптауларының негізсіз екенін, Түркияның қай мемлекеттерден мұнай сатып алатыны құпия еместігін жеткізді: «Біз мұнайды Ресей, Иран, Әзербайжан, Катар және Нигериядан сатып аламыз. Сондықтан бұл айыптаулар жөнсіз», – деп атап өтті Ердоған. Еске сала кетейік, Париждегі Климаттық конференциядан кейінгі баспасөз-конференциясында Ресей президенті Су-24 жойғышына шабуылдау себебі «ИГИЛ» содырларының Түркияға мұнай тасымалдауын қорғаудың әрекеті болуы мүмкін екенін айтты. «Қазір біз ИГИЛ бақылайтын жерден өндірілетін мұнай Түркия аумағына жеткізілетіні жайлы қосымша ақпарат алдық. Осыған байланысты мұнайды тасымалдауды қорғап қалу үшін біздің ұшаққа шабуыл жасады деп ойлауымыздың негізі бар», – деді Путин.