Орталық Азия елдерімен ортақ тауар өндірушілер пулын құру ұсынылды
Орталық Азия елдерімен ортақ тауар өндірушілер пулын құру ұсынылды
Қазақстан мен Орталық Азия елдері тауарларды тарату орталықтарының бірыңғай пулын құра алады. Бұл ұсынысты ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мәселен, бір ғана шие Қазақстанның оңтүстігінен немесе өзге Орталық Азия елдерінен жеткізіледі. Шекарада бірқатар мәселе туындайды, онда шамамен 200 көлік тұруы мүмкін. Жүзім салынған тоңазытқыш көлікті кеденшілер ашқанда, оттегіден тауардың 20% бүлінеді. Оның үстіне, үлкен қалаға келіп, көтерме сатып алушы тапқанша тауардың тағы бір бөлігі жарамсыз болады. Соңғы тұтынушыға жеткенше жүзім солғын тартып қалады. Сондықтан, қазір Орталық Азиядағы әріптестерімізбен өндірушілер пулын құру бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін де, басқалар үшін де тиімді», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, шекарадағы кедергілерді жоюға көмектесетін бірыңғай дистритуция жүйесі құрылады. «Бірыңғай жүйе арқылы бағаларды тұрақты ұстап, нарыққа сапалы азық-түлік жеткізуге ықпал ете аламыз. Осылайша, бағаның күрт өзгеруін азайтамыз», - деп атап өтті министр.
Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын сынға алып, әкімдерге тапсырмалар берді.