Жетісулық оқушылар математиканы сингапурлық әдіспен меңгереді
Жетісулық оқушылар математиканы сингапурлық әдіспен меңгереді
Алматы облысының мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен мектептеріне математиканы сингапурлық әдіспен оқыту жүйесі енгізіледі.
Математиканы сингапурша оқытудың ерекшелігі, педагогтар дайындау мәселесі, оқу-әдістемелік материалдармен танысу облыс әкімі Амандық Баталовтың сингапурлық «Marshall Cavendish Education» баспасының өкілдерімен өткізген кездесуінің негізгі тақырыбы болды. Аталмыш баспаның математика мен нақты ғылымдарды оқытудың әлемге әйгілі әдістемесін енгізуде әлемдік тәжірибесі бар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Құрамында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Үсен Сүлеймен, «Marshall Cavendish Education» компаниясының өңірлік директоры Хайри бин Абдулла және РФММ басқарма төрағасы Ғабит Бекахметов бар ресми делегацияны ілтипатпен қарсы алған облыс басшысы Амандық Баталов компанияның Жетісу өңірімен ынтымақтастық жасауға ниет еткеніне ризашылығын білдірді.
Кездесуде сөз алған Хайри бин Абдулланың айтуынша, «Marshall Cavendish Education» компаниясының өз саласында 60 жылдық тәжірибесі бар. Баспа бүгінгі күні әлемнің 75 еліне өз өнімдерін экспорттап отыр. Өзінің теңдессіз ғылыми-зерттеу әдісін оқу бағдарламасымен және кәсіби даму бағыттарымен біріктіре отырып, сыныпта, сонымен қатар одан тыс жерлерде де тиімді оқыту мен белсенді меңгеру технологиясын қатар қолданады. Яғни электронды білім беру жүйесі арқылы пайдаланатын балалардың өз бетімен оқу әдістемесінің де маңызы зор. Бұл ретте «Marshall Cavendish Education» әдістемесінің ерекшелігі сол, математиканы меңгеру балабақшадан басталады. Мұнда жеке тұлғаны эмоционалды-әлеуметтік тұрғыда және жалпы дамыту басты рөлге ие.
Диалог барысында облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов алдын ала жүргізілген сауалнама барысында аталмыш бағдарлама облыс педагогтары арасында оң пікір қалыптастырылып үлгергенін атап өтті. Бірінші кезеңде бұл бағдарламаны балабақшалар мен бастауыш мектептерге енгізу көзделген. Бұл орайда компания өкілдері өңір мұғалімдерін даярлауға атсалысуға ниетті. РФММ өз тарапынан оқу-әдістемелік материалдарды қазақ және орыс тілдеріне аударуда қолдау көрсетпек.
Атап өтсек, Сингапур – мектеп оқушыларының математикалық білім деңгейі жағынан әлімдегі абсолютті көшбасшы.
Кездесуді түйіндеген Амандық Баталов бірінші кезекте қанша педагогты оқыту қажет екенін анықтап алу керектігін айтты. Облыстың білім мекемелеріндегі оқу процесіне математиканы оқытудың аталған әдістемесін енгізу мәселелерімен айналысатын арнайы мамандардан тұратын жұмыс тобын құру қажет. Алда алғашқы сынақты өткізіп, ары қарайғы қадамды анықтау мінеті тұр. Оң қорытынды алғаннан кейін келесі жылдың бюджетінен қажетті қаржыны қарастыруға болады.
- Барлық мәселелерді облыстық білім басқармасы қарастырып, зерделеуі тиіс. Бағдарламаны алдымен балабақшаларға енгіземіз. Бірінші кезекте педагогтарды оқыту мәселесін шешуіміз керек. Облыс оқушылары мектепте, соның ішінде математикадан ең үздік білім алуы тиіс. Осы бағытта нақты іске кірісуді тапсырамын, - деді А. Баталов.
Өз кезегінде Хайри бин Абдулла іскерлік кездесу үшін алғысын айтып, «Marshall Cavendish Education» компаниясы ынтымақтастық орнатуға, математиканы оқытуда жинақтаған білімімен және инновациялық тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін екенін айтты.