20 мың теңгелік банкнот айналымға шығады
20 мың теңгелік банкнот айналымға шығады
Бүгіннен бастап Ұлттық банк 20 мың теңгелік банкноттарды айналымға шығарады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай айналымға шыққан жаңа банкноттар 2013 жылы жасалған.
Айналымға шыққаннан бастап жаңа банкноттар заңды төлем құралы ретінде қабылданады. 20 мың теңгелік банкноттардың дизайны айналымда жүрген өзге ақша белгілерінің стилінде әзірленген. Банкноттың бет жағындағы бейнелер тігінен, ал сырт жағындағы бейнелері көлденең орналасқан.
Көк-сұр түсті жаңа банкноттың бет жағында «Қазақ Елi» монументі, пырақ және Мәңгілік ел салтанатты аркасы бейнеленген.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Банкноттың жоғарғы сол жағында пырақ бейнеленген, ол түркітілдес және көшпенді халықтарды қоса алғанда көптеген мәдениетте таза нұр мен өмірдің, шабыт пен жемісті еңбектің, мақсатқа ұмтылушылық пен биліктің нышаны ретінде қабылданады. Банкноттың төменгі жағында ортада Мәңгілік ел салтанатты аркасы – еркін елдің мәңгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйінің ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген. Сырт жағында банкноттың ортасындағы негізгі бейне Қазақстан картасының пішіні және астанамыз – Астана қаласының Қазақстан Республикасының Конституциясында негізі қаланған билік тармақтарын бөлу қағидатын көрсететін тәртіппен орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттары бар көрінісі бейнеленген» деп жазылған.