Елордада башқұрт халқының «Йыйын» мерекесі өтеді
16 тамыз, 2019 /
Túrkistan Gazeti
Елордада башқұрт халқының «Йыйын» мерекесі өтеді
Елордада башқұрт халқының «Йыйын» мерекесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфоға сілтеме жасап.
Шара Башқұртстан Республикасы Әкімшілігінің «Акбузат» башқұрт этномәдени орталығы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен өткізіледі. Мерекенің мақсаты – Қазақстанда тұратын халықтардың бірлігі мен достығын нығайту, башқұрт халқының мәдени дәстүрлерін сақтау және дамыту. 17 тамызда (18:00-20:30) Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Башқұртстан ресми делегациясының қатысуымен дөңгелек үстел өтеді.
Сондай-ақ, түрлі елдердегі башқұрт диаспорасының онлайн-қосылуы жоспарлануда. Шараның екінші күні 18 тамызда сағат 17:00-де елордалық «Жетісу» саябағында «Йыйын» мерекесінің салтанатты ашылуы өтеді. Бұл күнгі мерекенің қонақтары Башқұртстан өкілдері, ҚР-дағы РФ Елшілігі және Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері. Мереке барысында Башқұртстан, Ресей әртістері мен Нұр-Сұлтан қаласы көркемөнерпаздарының концерті өтеді. Ойындар, спорттық жарыстар мен көрмелер күтілуде.
Айта кетейік, «Йыйын» - башқұрт халқының ежелгі дәстүрлі әдет-ғұрыптар мерекесі ретінде айрықша маңызға ие. Ол жаз мезгілі мен теңдік белгісі ретінде аталып өтеді. Ерте кезден «Йыйын» мерекесі кезінде жастар арасында түрлі сайыстар өткізіліп, оның жеңімпаздарына айрықша құрмет көрсетілетін.