Түркі дүниесіне ортақ мұралар жаңартылмақ
Түркі дүниесіне ортақ мұралар жаңартылмақ
Түркістан қаласындағы басты 18 тарихи-мәдени мұра нысандары жаңартылмақ. Барлық түркі әлеміне ортақ тарихи ескерткіштеріміздің құрылыстарына жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Ең алдымен алдағы 3 жыл ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басты компоненттері – Үлкен Ақсарай, Қазандық пен Құдықхана бөлмелері сол дәуірдегі ұлттық ерекшелігі сақтала отырып, толығымен қайта қалпына келтіріледі.
Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы екі қабат күмбезбен көмкерілген. Қабірхана төбесін жауып тұрған ганчтан жасалған өрнекті әшекей төменгі күмбезді жасырып тұр. Сырттай Қабірхана төбесіне биік барабан үстінде тұрған сәнді 52 қатпарлы, диаметрі 10 метрлік күмбез орнатылған.
Үлкен Ақсарай – Қазандықпен, Кіші Ақсараймен дәліздер арқылы жалғасады. Дәлізде екінші қабатқа шығатын баспалдақ бар. Ақсарай кейіннен ХV-ХVІ ғасырларда Қазақстан мен Орта Азия сәулет өнерінде алғаш рет пайдаланған аркалардың қиылысу конструкциясы ретінде қолданылған, сондықтан бөлме құрылысы өз заманындағы аса бағалы сәулет ескерткіші болып табылады.
Құдықхана – қазандық пен дәліз арқылы байланысты ғимараттың шығыс жағындағы, мұнараға көтерілетін баспалдағы бар бұл шаршы бөлме оңтүстіктегі шұғыл ойық есебінен созылыңқылау болып көрінеді. Құдықхананың аты осындағы құдықпен байланысты. Құдық құрылыс кезінде су алу үшін қазылған деген жорамал бар. Құдық айналдыра, дөңгелете кірпіштен қаланған. Диаметрі – 80 см. Аталған құдықтан су алып, Тайқазанды толтыратын болған.