Мұстафа мен Мария Шоқай
Мұстафа мен Мария Шоқай
Жастау кезімізде Ресейдің тарих пәнінен революциялық көңіл күйдегі дворяндардың 1825 жылдың желтоқсан айындағы Санкт Петербургтегі көтерілісі туралы оқығанымыз, әсіресе Сібірге айдалған ерлерінің соңдарынан бірсыпырасының әйелдері іздеп барғаны, бар ортақ қиыншылықты бірге көргені жадымыздан кете қойған жоқ. Мұндай тағдыр кешегі 30 жылдарғы зобалаңдарда Қазақстанда да болды. Тіпті жазаға тартылғандардың әйелдері үшін арнайы «Алжир» сияқты лагерлер ашылғаны да белгілі. Мемлекеттің саяси жүйесін басқарушы өзінің халықтың өкілі екенін ұмытса, мансап сүйгіштікке салынып, тек өз қамын ғана ойласа, қарапайым адам баласы ойлай бермейтін тағдырлар қайталанып тұрады екен ғой.
Мұның барлығын мен бүкіл түркі халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна Горинаны арнайы ойға алып айтып отырмын. 1918 жылғы 18 сәуірде ол кеңес қарақшыларынан қашып жүрген болашақ жарымен мұсылманша некелескеннен кейін-ақ сан салалы қиыншылықтарға тап болып, 1941 жылдың 27 желтоқсанында ресми сүзектен қайтты дегенмен белгісіз жағдайда дүниеден озған Мұстафа Шоқайдан кейін де Мария Шоқай басындағы уайым мен қайғысы тұтасып кетті деуге болады.
Осылай бар өмірін өзі ерекше терең түсіне сүйген Мұстафасы қайтыс болғаннан кейін жалғыздықтың бүкіл азабын тартқан Мария Яковлевна Горина кім еді? Неге бұл кісі 1918 жылы-ақ алдағыны көріп-біліп тұрып осыншалықты қиыншылыққа бас тіккен болатын? Өмірбаяндық мәліметтеріміз тым кедей. Жақында қолымызға түскен орыс тілінде жазылған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құжаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылғы 23 желтоқсанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке- шешесі Яков және Анастасия Карцинкиндер. Одесса операсының әншісі болған». Төрт жасынан он алтыға дейін Одессада тұрған. Ал Мұстафамен танысқаннан кейінгі жиырма үш жылдық өмірін өзі жазып кетіп еді. Осы туралы біз де айтқымыз келіп отыр.
Мария Шоқай 1916 жылғы 10 тамызда Ташкентте генерал Сахиб-Гирей Еникеевтің үйінде Петербургтен келген қонақтармен бірге болған Мұстафа Шоқаймен алғаш рет танысқан болатын. Тіпті жас қонаққа арнап бірнеше ән де шырқаған көрінеді. Ол кезде Петербургте оқитын Мұстафа С Г. Еникеевтің балаларымен, Ташкент гимназиясында оқыған кездегі достарымен бірге қызықты күндер өткізген. Мария Горинаның астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі, өте ұқыпты жанның қасында жүру аса қызықты көрінетін деп жазуы тегіннен тегін емес еді. Ол кезде Мұстафа Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Дума мен Үкіметтің тыңдауына Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ. М. Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Ш. Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А. Ф. Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде болды. Делегация 1916 жылғы патша үкіметінің тылдағы жұмысқа 19-43 жастағыларды алу туралы жарлығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісін қатігездікпен басқаны туралы арнайы материалдар жинау мақсатымен келген еді. Комиссияның Түркістандағы тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелері қызу араласады, мұның құрамында Мария Горинаның күйеуі де бар еді, ал өзі Ташкенттегі опера театрының әншісі болатын. Мұстафа Шоқай комиссиямен бірге бірнеше рет бұлардың үйінде болады.
Мұстафа Шоқай өзі құруына белсене араласқан, басшысы да болған Түркістан автономиясын Кеңес үкіметі құлатып, Қоқанды жермен жексен еткен соң бас сауғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке оралады. Өзіне қиын қыстау кезеңде сүйеніш болатын адам іздейді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ арада өткен бірер жылда кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға бұрын табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуімен ажырасып, енді Мәскеуге кетудің қамымен жүрген кезі себеп болған шығар. Бірде көктемнің шығуына байланысты Мария Яковлевна бұрынғы үйіне жаздық киім алу үшін кешкілік келгенде алдынан қасында қорғаушысы бар, осы үйде біраздан бері өзін күтіп жүрген Мұстафа Шоқай шығады. Бұл үлкен ғимараттың бір бөлігінде Мұстафа бұрыннан таныс үй иесімен келісіп уақытша тұрып жатыр еді. Жай-жапсарды біліп, тағы да уақытша басқа қоныс тауып беріп Мария Горина енді өзі Мұстафаға қамқорлық жасай бастайды. Осылай 1918 жылдың наурызы екі арыстың тағдырын мәңгілік табыстырады.
Мұстафаның талап етуімен христиан дініндегі Мария мұсылмандықты қабылдап, сәуірдің 18-і күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы некесін қияды. Сол күннен бастап Мария Яковлевна өзіне Шоқай атын қосып алды. Енді Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек болды. Қаладан тысқары жерге аттап басуға рұқсат жоқ. Мұстафаның басына 1000 рубль бәйге жарияланған. Іздестіру шаралары өте жіті жүріп жатқан кез. Мария Яковлевна жарын қаладан алып шығу туралы ойларын ешкімге айтпай, оған әскери киім кигізіп, ауыр жаралыға ұқсатып, бет аузын таңып, оны оңайлықпен адам танымайтын етіп жолға дайындады. Өйткені оны таныған кез келген ресми органның адамы «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып тастауы мүмкін еді. Станцияға келіп, поезға отырады. Бұл кезде жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеріп жатқан еді. Мұны көріп бұлар қатты абыржуға түседі. Бұл мамырдың бірі болатын. Мұстафаның аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ашық қалдырып, басын жақсылап таңып тастаған. Күн ыстық әрі қорқыныштан Мұстафа зорға шыдап жатады. Тиісті құжаттар дайын болғанымен, бет жүзін ашып тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша бұлар тексеруден құтылады, поез да қозғалады.
Мұстафа және Мария Шоқай мінген поезд Ақтөбеге жеткеннен кейін тоқтайды. Орынбор бағытындағы темір жол соғысқа байланысты жабық болатын. Содан түрлі көлікпен алдымен Орынборға, сонан соң Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке жетеді. Ал Челябинскіде болғанда онда қалыптасқан жағдайға байланысты Мұстафа Шоқай мен 1918 жылғы 19 қарашада Екатеринбургте таратылған Құрылтай мәжілісінен кейін қосылған украиндықтардан осы жиынға сайланған Вадим Чайкин екеуі бөлек, Кавказға қарай қашуға мәжбүр болады. Ал Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, «біресе қиыншылыққа толы, біресе зиялы алақандарға тап болып» 1919 жылдың 20 сәуірінде Бакуге жетеді. Содан бірнеше күннен кейін Тбилисиге бағыт алып, поезд мамырдың 1-інде станцияға тоқтағанда, қолында бір шоқ гүлі бар Мұстафа Шоқай күтіп тұрған еді. Осылай қайта табысқаннан кейін де бұлтты күн ыдырап, күн жарқырай қойған жоқ. Қызыл армия мұнда келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастағанда, бұлар Батумиге кетеді. Сол жерден түрік кемесіне мініп, Ыстамбұлға барады. 1921 жылдан Францияда, Париж қаласына жеткеннен соң жат жердің жаңа қиыншылығы күтіп тұрды. Шет ел болса да Мария Шоқай өзінің кәсіби мамандығы бойынша өнер саласымен де айналысады. Ол өз естеліктерінде Мальчевскийдің орыс хорына қатысқанын, Эльхамра Олимпиа және Доминов театрларының құрамында ән шырқап Италия, Англия елдерінде өнер көрсеткенін еске алады. Алайда, көп ұзамай Мұстафамен екеуінің табысы күн көрістеріне жетпей, ақшалары таусылып тұрмыстары қиындайды. Қалталарында көк тиын қалмай, мойындарына алжапқыштарын іліп, жұртқа дәм дайындап, күнелтудің қамына кіріседі. Мария Шоқай мынадай хабарландыру даярлайды: «Мадам Шоқай үш түрлі тағамнан тұратын түскі ас береді. Бағасы 5-франк. Тамақ беретін уақыт 12-ден 3-ке дейін. Тамаққа келгісі келген адамдардың жазылып қоюын өтінемін». Сағат 3-терде тамақ жеуге алғашқы клиент келеді. Мария Шоқай оған бүгін тамақтың таусылғанын айтып, ертеңге алдын ала ақшасын төлеп жазылуын өтінеді. Ол таң қалады. Осы кезде Мұстафа келіп қалып, онымен түрікше сөйлесе бастайды. Сөйтсе ол бұрын Ресейде Иранның елшісі болған екен, ол 10-франк беріп кетеді. Осылай басталған шет елдегі тағдырдың да бұдан былайғы 20-жылдан астамының рахаты мол болды дей алмаймыз. Мұстафа Шоқай елім деп, түркі жұртым деп өмір сүрсе, солардың болашағы үшін барын салып күрессе, Мария Яковлевна жан жарым деп өмір сүрді, бәрінен бұрын жарының жайын ойлады. Ері күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды. Ері қайтқаннан соң ширек ғасырдан астам уақыт жалғыздықтың азабын тартты. Бірақ өзі рухани суылып, тұрмыс жағдайы күйзелісте болса да, Мұстафа деп келгендерге қолынан келген қамқорлығын аямаған.
Өмір болған соң әр адамның маңдайына жазылған тағдыры болатыны заңдылық. Одан, әсіресе қоғамдық саяси өмірдің жетекші тұтқаларының бірін ұстаған, тұтас бір халықтың тағдыры үшін жанын жалдаған көшбасылардың жырақ қалуын ойлаудың өзі ұшқарылық болар еді. Олай болса, Мұстафа Шоқай тап болған тағдырдан Мария Шоқайдың да өмір жолдарын бөліп қарай алмаймыз. Саясатпен тікелей айналыспаса да күйеуін түсінетін, оның барлық іс-әрекетін қолдағанды сүйетін ол: «Мен ешқашан саясатпен айналысқан адам емеспін, білмеймін де. Төңкерістің де не үшін болғанын түсінген емеспін» дейді бір сөзінде. Мария Шоқай Мұстафаның қарым-қабілетін таныды, халықшыл қайсар ерекшелігі мен төңірегіндегілерге жел болып тимейтін жібектей мінезінен қуат алды. Күйеуінің қас-қабағынан сергек те сезімтал жан оның ішкі жан дүниесін терең ұғынып, үлкен жүректі адал жар болды.
1939 жылдың 1-мамыр күні Муссолини Францияға соғыс жариялайды. Италияның әскери ұшақтары Париж аспанын торлайды. Көшеде жүру қауіпті бола бастайды. Мұстафа үйде отырып жазумен айналысып, 5-лампалы радио қабылдағыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдады. Радио ескі болғандықтан хабарлар дұрыс естілмей қалатын. Мұндай кездері Мұстафа қатты ашуланып, каналдарды түрік, неміс тілдеріндегі толқындарға ауыстырып әбігерге түсетін. Кейбір кездері өзімен-өзі болғанды қалап тұйықталып қалатын. Әсіресе, соғыс басталғалы жүйкесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтады. Ондай кездерде Мария Яковлевна себебін сұрап мазаламайтын, кейін Мұстафаның өзі айтып беретін.
Сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік пана іздеушілер (эмигранттар) үшін демократиялық тұрғыдан алып қарағанда қолайлы болды. Бірақ Германия соғысты бастағаннан соң эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатты. Мұстафа Шоқайларға да кетуге мүмкіндік болған еді, Америкаға визасы да бар болатын, алайда Мұстафа мұндағы идеялас жолдастарын тастап, мұхит асып, елден тым жырақ кетуді қаламады. Ол «Маған паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету, өз отаныңды тастап кеткенмен бірдей» деп ойлады. Мария бұл жөнінде ойлағанымен жары сыңай танытпағандықтан жабық күйінде қалады. Сабыр сақтайды.
Көп ұзамай 1940 жылғы 13-ші мамыр күні немістер Парижге келеді. Германия Францияны басып алғаннан кейін жаңа парижандықтардың жағдайы күрт өзгереді. Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады, одан босатқаннан соң екі күн Германияға, Берлинге кетуге дайындалады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз ұсыныс жасалады, бірақ Мұстафа тұтқындармен кездеспей, оларға радио арқылы ештеңе айтпайтынын кесіп айтқан еді. Сонымен екі күннен кейін Берлинге кетеді. Ол кетерінде хабарласып тұруы үшін Уали Каюм сарайының адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де хаттар салып тұратынын, соғыс кезінде осылай еткен дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жатқан сәтін көру үшін өзі терезеге жақын барғанын, оның соңғы рет ишарат етіп «сүйдім дегенді білдіріп» қолын бұлғағанын, содан кейін оны көре алмағанын қамығып еске алады. Күйеуі өлгеннен кейін де озбыр саясаттың әртүрлі шырмауына ұшырау, өмірдің сол дәуірдегі ауыр кезеңдері жасынан жалындап жалқы өскен қайсар Марияның сағын сындыра алмайды.. Екі рет түрме есігінің алдынан қайтады. Есті жан есін тез жинайды. Құдай қосқан Мұстафа үшін әлі де атқарылуға тиісті жұмыстардың ауқымын топшылайды. Ендігі қалған өмірінің барлығын Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларын келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алады. Сұрыптап, түптеп арнайы қораптарға салып мұрағатқа өткізеді. Өмірінің соңғы кездерінде қарттар үйінде болып, 1969 жылы бұл пәни дүниеден бақилыққа Мұстафам деп аттанады. Жат жерде жалғыз қалған тұрмыс азабын сөз жеткісіз көре отырып, жарына қарыз болмай кетті. Сонау 1918 жылғы таңдау да, іздеу де әсте қате болмаған, ұлы жүрек жаңылыспаған.
Мария Шоқай бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де қастарынан тастамайтын жалғыз пианиносын сатып, жалғыз фортепьянасын сатып, ерінің бейітіне бюсімен ескерткіш орнатты. Алайда кейін түрік бейітінің иелері адам бейнесі қойылмайтын діни көзқарастан бюсті алып тастайды. Екіншісі ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 1941-1963 жылдар аралығында «Менің Мұстафам» атты естелік жазып, сексен үш жасында соңғы нүкте қояды. Автор «Оқырмандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп аса қарапайымдылық танытқанымен бұл, ең бірінші, Мұстафа Шоқай туралы тұңғыш естелік кітап, мұстафатану ғылымына қосылған баға жетпес алғаш туынды еді. Екіншіден, соңғы жарты ғасырдан астам уақыт Мұстафа Шоқай туралы қалам тартқан кез келген тарихшы не саясаткер ғалым болмаса тек Мұстафа өмірін танығысы, білгісі келген қарапайым оқырман бұл еңбекке соқпай, бұдан рухани қуат алмай кеткен жоқ. Үшінші, қазір де ұлы күрескер туралы білгісі келген кез келген зерттеуші алғашқы қадамын осыдан бастайды. Мария Шоқайдың өз қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, жетістіктері мен қателіктерін ешбір қоспасыз айтып, марқұм күйеуінің портретін шынайы суреттеп шыққанына таң қалмау, шексіз риза болмау мүмкін емес. Ал естелік туралы әңгіме бөлек, алда.
Әбдіжәлел Бәкір
саяси ғылымдарының докторы,
профессор