Жаңалықтар

«Көгілдір бұғазға» көз тіккен кім?

ашық дереккөзі

«Көгілдір бұғазға» көз тіккен кім?

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовтің қаперіне! Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Туризм барлық дүние жүзілік экономиканың 10 пайызын құрайды. Бұл – өте үлкен көлем. Біз енді 2025 жылға дейін экономикамыздың  8 пайызын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Бұл жерде Ұлы даланың мүмкіндігі зор. Ұлан-ғайыр атырап – тұнған тарих. Мәселе оған турист тартып,  пайда көру қажет» деп атап көрсеткені белгілі. Расында да, елімізде көркіне көз тоятын жерлер өте көп. Табиғатымен таң-тамаша қалдыратын ай­мақ­тардың айрықша көрінісі өзімізді ғана емес, сырттан келетін туристерді де  ерекше сезімге бөлеуде. Сондай табиғаты керемет ғажайып өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан облысы. Ақиқатында Өскеменді, Алтай айма­ғын жалпы Қазақстанның інжу маржаны деп бекер айтпаған. Сондықтан да бұл өңірде қазіргі уақытта туризм саласы айтарлықтай дамуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға, оның ішінде туризм саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді қолдау қажеттігі туралы айтты. Демек, туризм саласын дамытуға мемлекет айрықша қамқорлығын көрсетіп отыр. Аймақ басшысы Даниал Ахметов те облыста туризм саласының көркеюіне барынша қолдау көрсетуде. Ал жергілікті халық Шығыс Қазақстанның туризм саласында өз кәсібін жандандырып жүрген Гүлжиян Әбтайқызы Оразбаеваның есімін өте жақ­сы біледі. Өңірге ерте танылған кәсіпкер жыл­дар бойы инвестиция салып, қирап қалған ғимараттарды қайтадан тұрғызды. Іске қосты. Осыдан біраз жыл бұрын Бұқтырма су қоймасындағы «Көгілдір бұғазда» балалардың «Балақай» балалар сауықтыру лагерін іске қосты. Жыл сайын қазір мұнда 2,5 мыңнан 4 мыңға дейін балалар республиканың түкпір-түкпі­рі­нен келіп, демалып қайтады. Кәсіпкер жаңадан жұмыс орындарын ашты. Бүгінгі таңда Гүлжиян Әбтайқызы халыққа 370-ге жуық жұмыс орнын беріп отыр. «Көгіл­дір бұғазда» балаларға барлық жағдай жа­салған. Ойын алаңдары көп. Лагерь арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Таңертеңгілік жаттығу сабағы жү­реді, тамақ уақытылы беріледі және бала­ларға арналған әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Биыл Гүлжиян Оразбаева жеке кәсіпкер ретінде жылдар бойы қирап, жөндеу көрмей жатқан балабақ­ша­ны сатып алып, күрделі жөндеуден өткізді. Ыстық сумен қам­та­масыз етті. Барлық инфрақұрылымын қайтадан жасады. Бұл жолда Гүлжиян Әбтайқызының жолын ұлы Асқар одан ары жалғастыруда. Асқар төрт тіл біледі. Қытайда оқып, бизнестің қыр-сырын меңгерген жас өзінің бар тәжірибесін жергілікті жерде жүзеге асыруда. Асқар Қайратұлы таудың басында жастардың суретке түсіп, қыдыратын, табиғатты тамашалайтын селфи–алаңын ашты. Осы алаңға шыққанда, «Көгілдір бұғаздың» әсем табиғаты көз алдыңда айнадай көрініп тұрады. Бұл жердің ауасы таза. Мұнда келгендер иондық ауамен терең тыныс алады. Бұл өкпеге өте пайдалы. «Көгілдір бұғазға» Қазақстаннан ғана емес, Ресейден де келіп, демалып, сергіп қайтатындар өте көп. Барлығы да алғыс сезімін білдіреді, рахметін айтады. Гүлжиян Әбтайқызы биылғы жылдың өзінде жағалауға туристер демалатын бес үй салды. Бәрі де ағаштан жасалған. Алдағы уақытта осындай қы­рық шақты үйді пайдалануға беруді жос­пар­лап отыр. Бұл экологиялық жағынан өте таза. Сонымен қатар кәсіпкер алдағы уақытта «Көгілдір бұғаздың» инфра­құры­лы­мын дамыту бағытында кешенді бағ­дар­­лама жасауды қолға алды. Аталған бағ­дарлама әр кезеңге бөлінген. Бірінші жылы қонақ үй бизнесін дамытса, екінші кезеңде ғимараттар салады немесе оны қайта жөндеуден өткізеді, асхана қыз­ме­тін жақсартуды қолға алады. Сондай-ақ велосипед жолын салып, тағы басқа жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Мұнда кәсіпкер ескі кәріздердің барлы­ғын ауыстырып, өз қаржысына салған. Қаладан арнайы келген жұмысшылар балалардың лагерін қоршап жатыр. Бірақ бүгінгі күнде балаларға барлық жағдай жасалып отырған шақта «Балақай» орналасқан аумаққа біреулердің көзі түсіп отырған сияқты. Қысқасы, кәсіп­кер­дің жұмысына кедергісін келтіретіндер табылуда. Бұл мәселеге Алтай аудан­дық әкім­шілігінің көз жұма қарап отыр­ғаны тү­сі­ніксіз. Кейінгі кезде әр нәрсені желеу етіп, жөнсіз тексерулер де көбейген. Бұл әре­кет­тер Гүлжиян Әбтайқызының кә­сібін дамытуға кедергі жасауда. – Қай­та-қайта тексерулер жүріп жатыр. Ештеңе тап­пады. Дегенмен осындай жөнсіз тексерулер жұмыстың дамуына үлкен кедергісін келтіруде. Бұл мәселені облыс әкімі Даниал Ахметов назарға алып, қолдау көрсетеді деп сенеміз, – дейді осындағы балаларға қамқор болып жүрген ұстаздар мен тәлімгерлер. Расында да жыл сайын салық ретінде бюджетке қомақты қаржы төлеп отырған кәсіпкердің айтқанында ақиқат бар. Бір ғана мысал, 2018 жылы кәсіпкер қазынаға 12 миллион теңге көлемінде салық төледі. Жыл сайынғы бюджетке құйылатын мөлшер осындай. Бұл аз ақша емес. «Көгілдір бұғазда» 2009 жылы «Балақай» атты балалар лагерін ашып, оның дең­гейін көтерген кәсіпкер «Көгілдір бұғазға» Ре­сей облысынан да оқушылар демалуға көп келетінін айтады. Бұл бір. Екіншіден «Ба­лақайда» Қазақстанда әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған және жалғызбасты, сонымен қатар көпбалалы отбасының балалары жеңілдікпен демалып қайтады. Мұның барлығы оларға жасалынып отырған қамқорлық және қолдау. Бірақ «Балақай» лагерінің территория­сында өз кәсібін ашқысы келіп отыр­ған­дардың жайын қалай түсінуге болады? Бұған Алтай аудандық әкімшілігі қалай рұқсат беріп отыр? Аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлының кәсіпкерлікті қол­дауының арқасында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, ойын-сауық лагерін «Көгілдір бұғазда» көркейтіп отырған кәсіпкердің жұмы­сы­на кедергі жасайды. Оның үстіне «Балақай» лагері бала­лар­­ға арналған орын. Мұнда олар еркін ойнайды, бағдарламаларға қатысады. Әр­түр­лі жарыстар өткізіледі. Негізі жас балалар алаңында немесе жағалауда үл­кен­дерге арналған демалатын орын ашу тіпті қи­сы­н­сыз. Ең алдымен кәсіпкер әйел бала­лардың қауіпсіздігіне алаңдай­ды. Сон­дық­тан балалар ойнайтын аймақ­қа үлкендерді кір­гізуге болмайды және осы аймақта басқалай кәсіп көзін ашу тіпті заңсыз. Осыдан 5-6 жыл бұрын «балалар педо­филіне қатысы бар» деген күдікпен Ре­сей­ден келген азаматты күзет бөлімінің қызметкерлері кіре берісте ұстағаны белгілі. 2008 жылы «Көгілдір бұғаз» демалыс аймағында кісі өлімі болды. Сондықтан балалар ойнайтын әрі демалатын аймақ­қа үлкендерді мүлдем кіргізуге болмайды. Өйткені жағалауда, алкогольді ішімдік ішу, төбелес пен әртүрлі оқыс, тосын оқиғалар орын алуы мүмкін. Ал кәсіпкер Гүлжиян Оразбаеваға алдын ала ескертілместен аудан әкімші­лі­гінде қаралған сервитут жобасы еш­қан­дай қисынға сай келмейді әрі бұл заңсыз екені айқын. «Балақайдың» жерін бөгде мақсатқа пайдалануға болмайды. Сондық­тан аймақта шағын және орта кәсіпке, ту­ризм саласына айрықша қолдау көр­сетіп отырған Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниал Ахметов мырза бұл мәселені жедел әрі сауатты шешеді деген ойдамыз.

Мира БЕРІКБОЛОВА

Өскемен қаласы