Ұят қайда, ұлттық компания?!
Ұят қайда, ұлттық компания?!
Әне-міне дегенше, жаз маусымы да аяқталып келеді. Бұл мезгілдің кереметтілігі сол, жұрт көптен күткен демалысына шығып, бір серпіліп қалуға тырысады. Ал біздің халықтың 80 пайызы теміржол қатынасын пайдаланатынын ескерсек, уақыттың көбі билет іздеуге кететіні жасырын емес.
Бұл мәселені көтермеген тілші кемде-кем. Біз де дүркін-дүркін жаздық. Газетімізде (23 мамыр, 2019 жыл, №20) жарияланған «Билеттің жыры бітпей, жолаушының мұңы бітпес» атты мақалада да көптің көңілін күпті еткен түйткілді кеңірек тарқаттық. Нәтиже қайсы? «Осы мәселе жөнінде жазған екенсіздер. Бұған тиісті құзырлы мекеме жауап береді» деп селт етуі тиіс «Қазақстан темір жолы» өкілдері де самарқау күйде. Бұдан соң теміржол саласына қатысты дау-дамай мен күңкіл әңгімелер қалай түгесілсін?!
Сол баяғы билет тапшылығы, бағаның шарықтап кеткендігі өзектілігін жойған емес. Керісінше, мәселе шешімін табудың орнына күрделеніп барады. Тіпті, шілде айының соңында Қазақстан президенті Қ.Тоқаев жаз маусымында пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасайтындар туралы Twitter-дегі парақшасында: «Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Былтыр жазда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (қазір бұл екі бөлек агенттік) құпия сатып алушылары неліктен билет кассаларында жол жүру құжаттарын сатып алу мүмкін емес екенін анықтау үшін теміржол билеттерін делдалдардан сатып алған болатын. Сонда қолдағы билеттер көбінесе 50 пайызға қымбат болатыны белгілі болды, әсіресе адамдар жиі қатынайтын бағыттарда баға екі есеге дейін өскен.
Ол ол ма, бұл жайт мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевты қабылдаған кезде де сөз болған.
Алайда, одан бері теміржол саласынан қаншама шу шығып жатса да, Сауат Мыңбаев міз бағар емес. Бағасы ұшақтың билетімен пара-пар «Тальго» пойызында былтыр болған әйел зорлау оқиғасы да қоғамды дүрліктіргені мәлім. Осы қылмыстық іс бойынша жақында шыққан шешіміне жәбірленуші де, жұрт та наразы. Бұдан былай әйел қауымы пойыздың жолсерігін көрсе, айдаладан шошитын халге жетпесіне кім кепіл?!
Сорақысы сол, көктемде Нұр-Сұлтан вокзалында жолаушылар пойызымен есірткі тасымалдаған жолсерік ұсталды. Қызылорда облысының 43 жастағы тұрғыны Қылмыстық кодекстің 297 бабының 2 бөлімі бойынша жауапқа тартылып, 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Мәселе оның ұсталғанында емес, бұған дейін тиісті жерге есірткіні жеткізіп, кәсіп көзіне айналдырғанында. Бәлкім, жолсеріктің өзі жұмыс кезінде есірткі тұтынған шығар. Мұндай адам жолаушыларға екі бастан қауіпті екені сөзсіз. Сөйте тұра, «Қазақстан темір жолы» мекемесі қоғам алдындағы жауапкершілігін неге сезінбейді?
Әйелдерге арнайы купе бола ма?
Бәлкім, әйелдерге арналған арнайы купе болуы керек пе? ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаевтың айтуынша, бұл норма заң жобасы аясында тасымалдаушы компаниялармен ақылдаса отырып қаралып жатыр.
«Билет сату бойынша жаңа жүйе аясында біз әйелдерге жеке купе таңдау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Купеде ешнәрсе өзгермейді, тек әйелдер таңдау құқығына ие болады», – деді комитет төрағасы. Мұнымен қатар, заң шығарушылар билет сатып алып, кейін оны жекеменшік кассаларында қымбаттатып сататын азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізбек. Осы мақсатпен ҚТЖ компаниясы билет сататын кассалар санын азайтып, орнына автоматтандырылған жүйе енгізуді қолға алған.
Шынында да, бағасы кез келген жолаушының қалтасын көтере бермейтін «Тальго» пойызының өзінде әлгіндей қылмыстық әрекетке жол беріліп жатса, діттеген жеріне оңайлықпен жете қоймайтын жолаушылар пойыздарындағы жағдайды көз алдына елестету қиын. Іші қапырық, кір, дәретханасы анадайдан сасып тұратын вагонмен әрі-бері қатынап жүрген жолаушының шықпай жүрген жаны ма? Осыдан пәлен жыл бұрын қолданысқа берілген вагондардың ендігі тозығы жеткен. Әрбір вагонда вагонның шыққан уақыты көрсетілген. Бірақ бірде-бір адам, санитарлық дәрігерлер немесе көлік бақылау қызметкерлері вагонды ескі болуына байланысты, яғни, өз талаптарына сәйкес келмейтіндіктен құрамнан ағытып алыпты дегенді естімеген шығар. Соның өзіне билетті әрең тауып жүрген жолаушы бұған да көз жұмып келеді. Алайда, қызмет сапасы да билет бағасына сай болуы тиіс екені сөзсіз.
Мәселен, жақында Қызылордадан Нұр-Сұлтан қаласына билет іздедім. «Тальго» пойызының бұл бағыттағы билеті 41500 теңге тұрады екен. Кей бағыттағы билеттердің алды 50 мың теңгеге жетеді. Бұл қарапайым жұрттың қалтасына салмақ салатыны рас. Сондықтан да бұл пойызға кім көрінген билет ала бермейді. Жолаушыларды теміржол басшылығы өздері арқалап апарса да, бұлай қымбаттайтын жөні жоқ еді. Компания өкілдерінің айтуынша, коммерциялық теміржол бағыттарының бағасын қалай қойса да өздері біледі. Билет құнын өсіре отырып, өз шығындарын жауып, жыртығын жамамақ ойда екен. Бірақ билет қымбаттады екен деп, толық жаңарып кеткен вагонды көрген жоқпыз. Жаз болса терезесі ашылмайды, қыс болса жабылмайды. Қырық құрсау вагондар әлі қолданыста жүр.
Шынтуайтында, удай ақшаға билет алып, жолсеріктен зорлық-зомбылық көрген әйелдің оқиғасынан кейін бұл пойызға отыруға жүрек те дауаламай қалған. Сонда бізде қауіпсіз қатынас құралы қалды ма?
Билет тапшылығы не себепті туындайды?
Демалыс маусымында темір жол билеттерінің үнемі жетіспеушілігі, күн сайын әлеуетті құрылымдар мен өзге де мемлекеттік органдардың пойыздарда бір мың жарым орынды брондап қоюына байланысты туындайды екен. Алайда, тапсырыс берушілердің қажеттілігі осыншама билеттің 80 пайызын да құрамайды. Яғни, елімізде күн сайын еркін сатылымнан шамамен 1200-1500 темір жол билеті шығарылып алынады.
Әлбетте, полиция қызметкерлері, әскери қызметтегілер, прокурорлар, азаматтық меморган қызметкерлері де күн сайын белгілі бір билет санын қажет ететін шығар. Алайда, нақты істе брондау бірнеше есеге жоғары екенін көрсеткен.
Пойыз жөнелтілуге екі сағат уақыт қалғанда да ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, прокуратура, тіпті азаматтық меморгандар брондары резервтегі билеттердің барлығынан 18-20 пайызынан басқасы алынып тасталынбайды. Байқағанымыздай, 80 пайыз және одан көп брондалған орын ешкімге керек болмай қалады. Тіпті, пойыздың кетуіне екі сағат уақыт қалғанның өзінде үйінде отырған ақыл-есі дұрыс адам билет сатып алмайтыны түсінікті. Нақты айтсақ, квотадағы билеттердің 80 пайызынан астамы сатып алынбайды, ал пойыздарда бос орындардың болуын кассада билеттің жоқтығымен түсіндіріледі. Кеңестік кезеңнен келе жатқан бронь – бұл көлеңкелі нарықты толықтырып отырудың бір тәсілі. Алайда, полиция да, прокуратура да, қаржы полициясы да бұл толықтыруды жою бастамасын көтерген емес. Алыпсатарлар алдын ала балалар билетін елу пайыздық баға құнымен сатып алады. Содан кейін оларды қайтарып, делдал арқылы кассаға келген нақты бір сатып алушыға билетті қайта рәсімдейді. Мұндай қитұрқы әрекетті мемлекеттік кассаларда жасау мүмкін емес, өйткені билеттен бас тартқан жағдайда ол автоматты түрде АСУ «Экспресс» электронды билет сату жүйесіне еніп, оны интернетте күтіп отырған кез келген адам сатып ала алады. Сонда кінәрат қайда жатыр?
Заңның жетілдірілмегені шығар, қазір алыпсатарлық құқықбұзушылық ретінде қабылданбайды. Желілік полиция қызметкерлерінің мұрны астында өз бизнестерін қаннен қаперсіз жүргізіп жатқан оларды кейде кезекті рейд кезінде ұстап алып, айыппұл салады. Мұндай жағдайда айыппұл 5 АЕК-ті құрайды. Басқалай жаза қарастырылмаған.
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің дерегі бойынша, теміржол көлігімен жылына 18 миллион шамасында адам тасымалданады екен. Бірақ, 7-ден 9 миллионға дейінгі жолаушылар пойыздарда жазғы үш айда тасымалданады. Әрине, әрдайым бос орындары бар вагондарымен қоса қажетінше пойыздар шығару арқылы алыпсатарлар тамырына біржола балта шабуға болар еді. Онда билеттер қаншалықты қымбатқа түсер еді? Алып қарайтын болсақ, жиырмажылдық жолаушы вагоны 42-45 миллион теңге тұрады. Жаңасы – 300 миллионнан басталады. Ал бізде көптеген теміржол бағдарлары тиісті деңгейде субсидияланбайды.
P.S. Қолда бар дерек бойынша, еліміздің аумағында 52 әлеуметтік, 16 коммерциялық бағыттағы пойыз бар. Үкімет өзі қаржыландыратын осы 52 пойыздағы жолақыны ғана реттей алады. Ал, коммерциялық 16 бағыттағы пойыздардың қожайындары жеке пайдасына қарай билет құнын қаласа түсіреді, қаламаса қымбаттата салады.
«Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді қазақ айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған интернеті жоқ, Қызылордадан елордаға бір тәулікте жеткізер жүрдек «Тальгосы» жоқ заманда айтқан. Бірақ әлі күнге өзектілігі жойылмаған сияқты. Тек 5 мың теңгенің билетін 10 есе өсіріп жіберетін бүгінгінің «қазаншысына» ондай құзыретті кім берді екен?
Динара Мыңжасарқызы
«Тúrkistan»