Ақсақалдар сенаты немесе қазақы төрелік
Ақсақалдар сенаты немесе қазақы төрелік
Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Қазақ Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов Мемлекет басшысына жаңа қоғамдық бірлестік – Ақсақалдар сенаты жайында айтып берді. Ол бірлестік билікке елге танымал ақсақалдардың мемлекеттің дамуына пайдасын тигізу үшін құрылған-ды.
Академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, Ақсақалдар сенаты үш адамнан құралған. Олар: Төрегелді Шарманов, Олжас Сүлейменов және Мұрат Әуезов. «Біз жасы ұлғайған, өмірлік тәжірибесі мол адамдар ретінде Ақсақалдар сенатын құрып, елімізде болып жатқан түрлі жағдайлардың мән-мағынасын ұғып-білуге өз ақыл-кеңесімізді бергіміз келеді. Қандайда бір түйткілдер пайда болған кезде қоғамда белгілі бір пікірлердің ығында кетіп қалушылық болмай тұрмайды. Ал ол моральдық тұрғыдан өте зиянды», – деді кездесуде Т.Шарманов.
Әрине, бүгінгі Қазақстанда қандай да бір қоғамдық ұйым құруға ешқандай шектеу жоқ, тек олардың жұмысы еліміздің Ата заңына қайшы келмесе болды. Осы тұрғыдан келгенде, елімізде тіркелген он мыңдаған қоғамдық ұйымдардың өз жұмыстарын еркін түрде жүргізіп жатуы – мемлекеттің заңдық тұрғыда оларға еркіндік беріп қойғанының дәлелі.
Ал енді ғана құрылып жатқан Ақсақалдар сенатының бағытын қалай бағалауға болады?
...Әр дәуірдің қоғамдық ерекшелігі болады десек, оның басқару тәртібі де өзгеше кейіпте көрініс береді. Мәселен Қазақ хандары дәуірінде билер феномені үлкен маңызға ие болды.
Оның нақты бір мысалы – атақты «Жеті жарғы». 1680 – 1715 жылдар аралығында Қазақ ордасын билеген Тәуке хан өзінен бұрынғы кезеңде «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, қазақты алғашқы заң жүйесін жасау үшін билер кеңесіне жүгініп, күллі қазаққа әйгілі атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің қатысуымен «Тәуке ханның Жеті жарғысы» аталған жеті бөлімнен тұратын заңдар жүйесін жасады.
Билер ел арасындағы дау-шарға әділ төрелік етіп, халықтың көңілінен шыға білді. Кейбір қиын жағдайда кінәлілерді билер сотына салып, барымта жасағандарға қарымта белгілеп, мал иесін риза қылса, жазатайым жағдайда кісі өліміне жол бергендерді құн төлеу әдісімен жазалап, қазаға ұшыраған кісінің отбасына не әулетіне айыпты жақ көп мал берумен бітіскен.
Мәселен кісі қолынан өлген ер адамның құны 1000 қой немесе 100 жылқы немесе 50 түйеге бағаланған. Оны қазақта «ердің құны» дейді. Ал жазым болған әйелге осының жартысы берілген. Айыпты адамның жағдайы келмесе, құнды ру-тайпасымен бірігіп төлеген. «У ішсең руыңмен» деген мақал содан шыққан. Қазақтың осы құн төлеу салты елдің бірлігін ойлағаннан туған гуманистік бітім еді. Ол ел мен елдің арасында өшпенділік болмауы үшін, халықтың тұтастығы сақталуы үшін жасалған шара.
Қазақ елінің хандық құрылымы күйреп, орыс империясының боданына түскен ғасырларда билердің билігі мен билер соты жойылды. Солайша жеке адамдардың арасындағы дау-кикілжіңдер орыс патшасының жергілікті билеушілері тарапынан реттелуге көшсе де, қазақ халқы бір кездегі салтын ұмыта қойған жоқ. Ендігі жағында билердің орнын ауыл ақсақалдары иелеп, ағайын арасындағы ұсақ дау-дамайдың оң шешілуіне ықпал жасап отырды. Ол салт күні бүгінде бар. Дегенмен Ата заңы бар тәуелсіз елде бәрі заң аясында шешіледі. Конституция бойынша ел азаматтарының құқықтары мен еркіндіктері толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жасалған құқық бұзушылық пен қылмыстардың бәріне арнаулы жаза түрі тағайындалады, оны іске асыратын органдар бар. Ал барлық жағынан құқықтық реттеуі бар елге ұлттық мәні бар Ақсақалдар сенаты не үшін керек?
Әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігі бар десек, Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт қазақ халқы, оның өзіндік салт-дәстүрі, наным-сенімі бар. Қазақтың мораль, әдептілік нормасында үлкендердің орны ерекше. Яғни, отбасында ата-ананың рөлі бірінші орында тұрады. Сондықтан үлкенді сыйлау ғұрпы сақталған, өмір көрген адамның сөзінің салмағы басым келетін қазақ қоғамында ақсақалдық институттың қызметі әлі тоқтаған жоқ деуге болады. Жиын-тойларда жасы үлкендерге алдымен сөз беру, ақсақалдарды риза қылып батасын алу, түрі ұлттық салт-дәстүрлерде ата мен әженің, әке мен шешенің, сонымен бірге елге сыйлы ақсақалдардың алдына түспеу қанымызға отбасы тәрбиесі арқылы сіңгендіктен, халқымыздың жазылмаған заңдарын құрметтеп өсеміз. Міне, осы тұрғыдан келгенде, елімізде, қоғамдық негізде болса да Ақсақалар ұйымының жұмыс жүргізуі – қажет нәрсенің бірі деп санауға болады.
Жасыратын несі бар, бүгінгі құқықтық демократиялық мемлекетте өмір сүре отырып, еркіндіктің жөні осы екен деп үлкенді үлкен, кішіні кіші демейтін, аузына келгенін ірікпейтін, кейде қарапайым адамдық қарым-қатынаста әдеп дегенді жиып қойып, аузына келгенді айта салатын жастардың көбейіп кетуі – қазақтың ұлттық дәстүрден тым алшақтап бара жатуының көрінісі секілді. Бұл өз кезегінде ұлттың, мемлекеттің әдеп нормасына өлшеусіз зиянын тигізетін құбылыс.
Бүгінде қабілеті бола тұра жұмыссыздықты мін көрмеу, балиғат жасына жетпей балалы болып қалу жағдайларының жиілеуі, кісі тонау, педофилияның көбеюі, барлық салада жемқорлықтың бел алуы, ақша табу үшін түрлі азғындықтан шімірікпеу секілді індеттерді заңмен тыю мүмкін болмай барады. Заң – болған әрекеттерді саралау, кінәліні анықтап, жазасын беру арқылы ғана әрекет етеді. Ал адамның жан-дүниесіне тәрбие мен өнеге әсер етеді десек, ұлттық құндылық – қазақы тәрбиені қалпына келтіру бүгінгі қоғамның алдына тұрған үлкен мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, қазақы билік, қазақы төреліктің мемлекеттік идеология мен саясатқа әсер етуі жақсы жемісін беруі әбден мүмкін.
Демек, құрылып жатқан Ақсақалдар сенаты елдегі саяси мәселелерден гөрі, халықтың тәрбиесіне, дүниетанымына көбірек әсер етуді ойлап, жұмысын сол бағытта жүргізсе нағыз пайдалы іс сол болар еді дейміз.