Жаңалықтар

«Елдің ертеңі үшін «Нұр Отандай» Еңбек етіп жатқан ешкім жоқ»

ашық дереккөзі

«Елдің ертеңі үшін «Нұр Отандай» Еңбек етіп жатқан ешкім жоқ»

Тұңғыш Президент күні қарсаңында  Астанада «Нұр Отанның» Орталық аппаратының ғимаратында елімізге танымал тұлғаларды партия қатарына қабылдаудың дәстүрлі салтанаты өтті. Әдебиетіміз бен өнеріміздің көрнекті өкілдері, спорт шеберлері,  кәсіпкерлер мен журналистерден  құралған барлығы оннан аса адам партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қолынан мүшелік билеттерін алды. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген А. Мырзахметов бүгінгі уақытта «нұротандықтар» қатарының миллиондық межеге жақындап қалғанын айтып, қатарларына жаңадан қосылған әріптестерін құттықтады.

«Жыл сайын партияға деген ел сенімінің артып келе жатқаны - үлкен қуаныш. Әсіресе өздеріңіздей, әдебиет, мәдениет, өнер, спорт салаларында толайым табыстарға қол жеткізіп, ел мақтанышына айналған айтулы тұлғаларымыздың партияға өтуінің маңызы біз үшін өте зор. Сіздердің бұл шешімдеріңізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына қолдау білдірген ниеттеріңіз ретінде қабылдаймын», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында партия Төрағасы Бірінші орынбасарының қолынан билеттерін алғандардың ішінде ұлттық поэзиямыздың көрнекті өкілі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері  Серік Ақсұңқарұлы, жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, көсемсөзші Ауыт Мұқибек, спорт саңлағы – Қазақстанның ең үздік футболшыларының бірі Давид Лория, «Түйе балуан» жарысының жеңімпазы Жұманазар Ерсұлтан, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Керімбаев, эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының актері, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нүркен Өтеуілов, «Global Eagles» ЖШС Бас директоры Дастан Нүскенов пен «Қазақстан» РТРК АҚ ұлттық телеарнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы – «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының  директоры Уәли Қыдыр мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы шығармашылық бірлестігінің редактор- жүргізушісі Ирина Тен бар.

Саналы ғұмырын ақындар айтысына арнап, атамұра өнеріміздің өркендеуіне  елеулі еңбек сіңірген талантты ақын, Мұқағали Мақатаев сыйлығының  иегері Жүрсін Ерман сөйлеген сөзінде тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдар ішінде қазақ халқының мұрат-мүддесіне, мәңгі ел болу мақсатына ұмтылған мемлекетімізге «Нұр Отандай» қызмет ете алған ешбір саяси ұйымның болмағанын атап өтті: «Мен саналы ғұмырымды айтысқа арнап келе жатқан жанмын. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы да ұлттық құндылықтарға, соның ішінде халықтық өнерге көңіл бөліп, ұйымдастырудың ұйытқысына айналып жүр. Демек, билік партиясы халықтың жүрегіне айтыскерлер арқылы жетуге болатындығын жете ұғынып отыр. Сондықтан да мен саналы түрде «Нұр Отанды» таңдадым. Партияның саяси-әлеуметтік құрылысымызды, экономикалық әлеуетімізді жетілдіре отырып, тарихымызды түгендеп, дәстүріміз бен салтымызды, тіліміз бен дінімізді сақтауға жұмсап отырған күш-жігері менің көзқарасыммен үйлеседі. Мемлекетіміздің ішкі-сыртқы ынтымағы, бейбіт өмірі осы партияның дұрыс саясатының арқасы. Республикамыздың тағдырына алаңдайтын әрбір саналы азамат «Нұр Отанның» қатарынан табылуы керек. Менің соңымда жүздеген ақын бар. Олардың да осы жолды таңдайтындығы айқын».

Ақын, көсемсөзші Ауыт Мұқибек «Нұр Отанның» уақыт сынынан өткен, халық сеніміне ие болған өте қуатты саяси ұйым екеніне тоқталып, шетте жүрген қандастарымызды Елбасы төңірегіне топтастыру үшін партия қатарына өту жөнінде шешім қабылдағанын тілге тиек етті.

«Елбасының өміріндегі ең ұлы саясаты – шетелге тарыдай шашылған қазақтың басын қосатын көш тізгінін қолға алды. Соңғы 24 жылда отанына 1 миллиондай қандасымыз оралыпты. Бұл ұлтымызға жасалған зор жақсылық. Енді «Нұр Отан» партиясы да елге келген қандастарды қатарларына қосып, мемлекеттік бірге дамыту жолына шақырып отыр. Партияға мен жеке қабылдандым деп есептемеймін. Біздің артымызда алыста жатқан миллиондаған қазақ бар. Алда соларды да елге келтіріп, Мәңгілік елдің іргетасын бірге қалаймыз деген ойдамын»  - дейді ақын Ауыт Мұқибек.

Эстрада өнерінің жұлдызы, «Жас Қанат», «Азия дауысы», «Славян  базары» т.с.с. халықаралық байқаулардың жүлдегері, «Екі жұлдыз» жобасының жеңімпазы, Маржан Арапбаева болса, Елбасы күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының билетін алуды зор мәртебе санайды: «Бұл  менің саналы түрде ойланып жасаған шешімім. Себебі, мен бұл партияның қоғамға, қарапайым азаматтарға және жастар мен өнер адамдарына деген көзқарасы мен принциптерін толық қолдаймын. «Нұр Отан» - біздің Елбасымыз, Ұлт Лидерінің партиясы және оның барлық бастамалары бірінші кезекте қазақстандықтардың жасампаздығы мен ынтымағын нығайтуға бағытталғаны баршаға мәлім. Елімнің патриоты ретінде мен партия қатарында жүріп, Отанымыздың одан әрі гүлденуі үшін барлық күш-жігерімді жұмсауға дайынмын».

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қолынан билеттерін алғандардың ішінде өзге ұлт өкілдері де бар. Солардың бірі, ««Қазақстан» ұлттық телеарнасы шығармашылық бірлестігінің редактор - жүргізушісі болып жұмыс істеп, таза қазақ тілінде сөйлеп жүрген кәріс қызы – Ирина Тен, екіншісі, Қазақстанның ең үздік футболшысы атағын иеленген, «Ертіс» клубының қақпашысы – Давид Лория.

«Мен де барлық қазақстандықтардай бұл партияның келешегіне үмітпен қараймын. Өйткені, мен «Нұр Отанның» халықтың  игілігі үшін қызмет етіп жатқанын жақсы білемін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында, біз спортшылар нақты көмекті сезудеміз. Елімізде спортқа ерекше көңіл бөлінген. ҚР Президентінің Жолдауында бұқаралық спортты жандандыру туралы жақсы айтылған. Мен грузинмін. Ұлты мен діни сеніміне қарамай, барлық азаматтарға тең жағдай жасалған Қазақстанда туғанымды бақыт санаймын. Елдегі барлық ұлттар болашақ Қазақстанның келешегін бірге қалап жатырмыз», - деді  атақты футболшы Давид Лория.

         «Нұр Отан» партиясы Тұңғыш Президент күні қарсаңында өз қатарларына мүшелерді салтанатты түрде қабылдауды дәстүрге айналдырып келеді. Соған сәйкес ағымдағы аптада жер-жерлердегі филиалдардың барлығында мыңдаған жан партия қатарына өтті. Жалпы бүгінде «нұротандықтардың» саны 868 мыңнан асып отыр.

Бейсенбай Тәжібаев, Астана